Рамазан айында атқарылатын игі амалдар тек ораза ұстап, құлшылық етумен шектелмейді. Оның негізгі мұратының бірі – халықты қайырымдылыққа жұмылдыру. Құрандағы «Әнғам» сүресінің 160-аятында: «Кім бір жақсылық істесе, он есе сауапқа ие болады» делінген. Осындай аят-хадисті негізге алған атымтай жомарт жандар Рамазанды жетім-жесір мен мұқтаждарға қол ұшын созуға арнайды.
Иә, қиналғанға қолдау білдіру, мұқтажға көмек беру, жабыққанға жәрдем ету – Рамазандағы ең қайырлы амалдар қатарынан. Атам қазақ «Адамның күні адаммен», «Қайырымдылық қылсаң, қайырын өзің көресің» деп бекер айтпаған. Әсіресе ораза кезінде әрбір жасалған жақсылықтың сауабы еселеп артатынын қаперге алған жандар бұл мезгілде қайырымдылық жасауды игі дәстүрге айналдырды. Мұндай ізгі бастаманың бірқатарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тікелей мұрындық болып келеді.
Жылдағы дәстүрге сай ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биыл да ел кәсіпкерлеріне үндеу жасап, қасиетті айда ұйымдастырылатын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырды. Сондай-ақ ол Рамазан айында дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегін жеткізді.
Айта кетсек, жыл сайын мүфтият тарапынан жасалынатын осындай үндеуге құлақ асқан кәсіпкерлер қатары артып келеді. Оның бір мысалы – елімізде арақсыз ауылдар қатарының артуы. Халықтың бірауыздан келісімімен дүкеннен спиртті ішімдіктің бәрі сатылымнан алынып тасталған бұл елді мекендерде қылмыс көлемі барынша азайғанын құқық қорғау саласының мамандары да айтып жүр. Қазір елде мұндай ауылдар қатары жүздеп саналады.
Рамазан айында жасалатын игі амалдың бірі – ауызашар беру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде ораза ұстаушының аузын аштырған адамның сол оразашының сауабындай сауап алатынын айтқан. Бауырмалдық пен ынтымақты насихаттайтын хадистерді санасына тоқыған ата-бабамыз қонақжайлық қасиетті бойына дарытып, мейманын қадірлеп, дастарқан басын ең киелі орынның біріне айналдырған. Ол жерде уағыз-насихат, жақсы сөздер, дұға-тілек айтылып, адамдар арасындағы ауызбірлік артатыны белгілі.
Халық бұл айда дастарқан басына тек ауыз ашу үшін жиналады. Тіпті өз үйіне жақын туыстары мен дос-жарандарын ғана шақырумен қоса, қоғамдық орындарда, мешіт-медреседе, мейрамханаларда қарттар мен балалар, мүгедектер үйлерінен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан көмекке мұқтаж жандардың басын қосып ауызашар беру игі дәстүрге айналды. Бұдан бірнеше жыл бұрын мұндай қоғамдық ауызашарлар тек үлкен қалалардың мешіттерінде өткізіліп келген болса, бүгінгі таңда ауыл мешіттерінде де жергілікті атымтай жомарттар көпшілікке арнап ауызашар беруді жаппай жолға қойды. «Жақсылықта жарысыңдар» деген Құран әмірі (2:148) осылайша айқын көрініс тауып отыр.
Әл-Фараби бабамыз: «Ең бақытты ел – қайыршысы жоқ ел» деген екен. Өкінішке қарай, елімізде күнделікті тұтынатын азық-түлікке, киім-кешекке, қарапайым тұрмыстық заттарға, мектепке баратын балаларының керек-жарағына мұқтаждықты сезініп отырған отбасылар әлі де аз емес. Оны былай қойғанда, қарттар үйлеріндегі самайын қырау шалған ата-әже мен жетімханалардағы көздері жәутеңдеген жасөспірімдер, тағдырдың жазуымен мүгедектікке тап болған қамкөңіл жандар қоғамның өздерінен теріс айналмағанын, оларға да көңіл бөлініп тұруын, жақсы сөзбен болса да жәрдем көрсетілгенін қалайтыны рас. Міне, қасиетті айда қолында артық-ауыс қаражаты бар жандар осындай адамдарға қарайласып, қайырымдылық ісін биыл да өз деңгейінде жалғап әкетсе құба-құп!
Рамазан айында мұсылманға міндет қылынған игі амалдың тағы бірі – пітір садақасын беру. Бұл осы айда ғана берілетін садақа түрі. Ол ауыз бекіткен адамның оразасындағы кемшіліктердің орнын толтыруымен ерекшеленеді.
ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Шоқановтың айтуынша, пітір садақаны берудің уәжіп уақыты – айттың бірінші күні. Бірақ оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге де болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де рұқсат. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – жақсы амал.
«Биыл Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 кг ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 655 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 кг мейізбен (5 626 теңге) немесе 4 кг құрмамен (10 523 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3 520 теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді», дейді наиб мүфти.
Бұл айтылған игі істің бәрі – халқымыздың табиғатында бұрыннан қалыптасқан қасиет. «Бес уақытты бес намаз, біреуін қаза қылмасқа» деген абыз бабалардың бүгінгі иманды ұрпағы биыл да осы парасат биігінен түспей, парызын ойдағыдай орындайтынына сенім мол.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»