Елімізде ғылымды коммерцияландыру процесі соңғы жылдары айтарлықтай назарға алынуда. Бұл үрдіс отандық ғылымның сапалы дамуына жол ашумен қатар, елдің инновациялық әлеуетін арттыру және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін де аса маңызды.
Дегенмен ғылыми зерттеулердің нәтижелерін нарыққа шығару ісінде әлі де бірқатар кедергі бары анық. Осы тұста біз ғылымды коммерцияландыру процесін жандандыру үшін қандай қадамдар жасалуы керегін білмек болып, «Алаң» айдарында сала мамандарына бірқатар сауал қойған едік:
1. Қазақстанда ғылымды коммерцияландыру процесі қаншалықты дамыған?
2. Ғылыми жобалар мен зерттеулердің нарыққа шығуына қандай кедергілер бар?
3. Қазақстанда ғылым мен бизнестің өзара байланысын нығайту және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру үшін қандай қадамдар жасалуға тиіс?
ҚАЗАҚСТАНДА ҒЫЛЫМДЫ КОММЕРЦИЯЛАНДЫРУ ПРОЦЕСІ
ҚАНШАЛЫҚТЫ ДАМЫҒАН?
Әмірхан ТЕМІРБАЕВ,
Қазақстандық ғылымды коммерцияландыру
одағының вице-президенті:
– Бүгінде елімізде ғылымға жан-жақты көңіл бөлінуде. Оның нақты айғағы ретінде соңғы жылдары ғылымға, оның ішінде ғылыми жобаларды коммерцияландыруға бөлінген қаржының өскенін айтуға болады. Дегенмен әлде де жүйелік мәселелер бар. Жалпы, коммерциялизация процесі бірнеше алғышарттың болуымен тікелей байланысты. Басты алғышарт – коммерцияландырудың тиімді экожүйесінің болуы, яғни кез келген технология немесе өнім ғылыми идеядан бастау алып, прототипке айналуы, содан соң нарыққа шығуға тиіс. Ол үшін арнайы инновациялық дәліз (коридор) қажет. Мұндай дәліздердің қызметін Технопарктер ғана орындай алады. Әдетте Технопарктердің құрамында арнайы лабораториялар, прототип жасайтын орталықтар, сондай-ақ инкубаторлық және акселераторлық бағдарламалар болады. Осы элементтердің жиынтығы коммерцияландыру процесін үдетеді. Екінші алғышарт – әлемдік тәжірибеге сүйене келе, экожүйелердің немесе Технопарктердің барлығы дерлік университеттердің базасында немесе университеттердің маңында құрылатынын көрсетеді. Мысалы, әлемге әйгілі Кремний алқабы Стенфорд және Беркли университеттерінің арқасында күшейді. Сол сияқты Кембридж университеті, Израильдегі Технион университеттері өз аймақтарындағы инновациялық кластерлердің ядросын қалыптастырды, яғни университеттегі ғалымдар сарқылмас идеялар генераторы болып табылады. Өкінішке қарай, еліміздегі университеттердің базасында Технопарктер жоқтың қасы. Үшінші алғышарт – коммерцияландыру процесін жүргізетін мамандардың болуы. Ғалымдар бизнес процестерді түсіне бермейді, сондықтан, нарықты, бизнес-модельдерді түсінетін, инновацияларды нарыққа шығара алатын, инвестицияларды тарта алатын мамандардың болуы өте маңызды. Бүгінде мұндай мамандар елімізде тапшы.
Ерболат ОРАЗБЕКҰЛЫ,
Зерттеу және инновациялық нәтижелерді
коммерцияландыру орталығының директоры:
– Соңғы жылдары Қазақстанда ғылымды коммерцияландыру бағыты қарқынды дамып келеді. 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми-зерттеулерді қаржыландыру көлемі үш еседен астам өсіп, 643 млрд теңгеге жетті. Ал 2024-2026 жылдарға шамамен 730 млрд теңге бөлінуі жоспарланған. Бұл қаражат ғылыми жобаларды қолдау және олардың нарыққа жол тартуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды ынталандыру мақсатында гранттық қаржыландыру жүйесі белсенді түрде енгізілуде. Өткен жылдары осы бағдарлама аясында ғылыми жобаларға 68,6 млрд теңге бөлінсе, 2023-2025 жылдары бұл көрсеткіш 62,1 млрд теңгені құрап, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда екі есе артқан. Дегенмен ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мен оларды нарыққа бейімдеу деңгейі әлі де жеткіліксіз. Мемлекет бұл мәселені шешу үшін түрлі шараны қолға алып жатыр. Алайда ғылым мен бизнестің ықпалдастығын нығайту, инновацияларды өндіріске енгізуді жеделдету және зерттеулердің коммерциялық тиімділігін арттыру бағытында қосымша өзгерістер қажет. Осы тұрғыда «Ғылыми-техникалық саясат туралы» заңның 51-бабына сәйкес, жоғары оқу орындары ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінетін гранттық қаржыландырудың кемінде 2 пайызын коммерцияландыру орталықтарының қызметіне бағыттауы тиіс.
Аида СЕРІКҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылым және
инновация қызметінің директоры,
биология ғылымдарының кандидаты:
– Қазақстанда ғылымды коммерцияландырудың бастапқы кезеңі жүріп жатыр десек болады. Бүгінде көптеген ғалым өз еңбегі мен зерттеу жобаларын коммерцияландыру барысында түрлі кедергіге тап болуда. Мәселен, елімізде ғалым өз жобасын өндіріс орындарына өзі таныстырып, оның тиімділігіне сендіруі қажет. Ал өндіріс орындары, өз кезегінде, жоба құнының 10-30 пайызын төлеуге міндеттелген. Алайда іс жүзінде бұл процесс ойдағыдай жүзеге аса бермейді. Бұған бірнеше себеп бар. Елімізде барлық ғылыми бағытты қамтитын зауыттар жеткіліксіз. Мысалы, нанотехнология немесе компьютерлік технология саласындағы ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге қажетті инфрақұрылым жоқ. Сондықтан негізінен, жеңіл өнеркәсіпке қажетті ғылыми жаңалықтар – мата, тоқыма, тағам өнімдері, сусындар және басқа да тұтыну тауарлары қолдау табады. Дегенмен олардың өзі өндірісте кеңінен қолданылып жатыр деп айту қиын. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет пен өндіріс орындарының өзара ықпалдастығын арттырып, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу механизмдерін жетілдіру қажет. Сондай-ақ жаңа технологияларды игеруге қабілетті зауыттар ашу ғылым мен экономиканы байланыстырудың маңызды қадамы болмақ.
ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАР МЕН ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ НАРЫҚҚА ШЫҒУЫНА ҚАНДАЙ КЕДЕРГІЛЕР БАР?
Әмірхан ТЕМІРБАЕВ,
Қазақстандық ғылымды коммерцияландыру
одағының вице-президенті:
– Ең басты кедергі, жоғарыда айтып өткен алғышарттардың болмауы. Тағы бір жүйелік мәселе – еліміздегі ғылымға берілетін ғылыми гранттардың ішінде арнайы прототип жасауға немесе өндірістік сынақтар жасауға арналған гранттардың болмауы. Ғалымдарымыз жеңіп алған гранттық қаржыландырудың шеңберінде тек ғылыми мақалалар жазумен шектеледі. Себебі конкурстық құжаттың талаптары сондай. Осының салдарынан гранттық зерттеулердің басым бөлігі іргелі зерттеулер болып табылады. Әрине, формалды түрде зерттеулер қолданбалы және іргелі болып бөлінуі мүмкін, бірақ жобалардың соңғы нәтижесі тек іргелі зерттеулерге тән болып қала береді. Мысалы, үш жылдық жобаны қарастыратын болсақ, жоба барысында жасалған өнім немесе жаңа технология өндірістік сынақтан өтпейді, себебі оған қаржы қарастырылмаған, оған қоса, жобаның KPI мүлдем басқа көрсеткіштермен бағаланады. Прототипі жасалмаған, өндірістік сынақтан өтпеген өнімнің немесе технологияның нарыққа шығуы екіталай.
Ерболат ОРАЗБЕКҰЛЫ,
Зерттеу және инновациялық нәтижелерді
коммерцияландыру орталығының директоры:
– Қазақстанда ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларды коммерцияландыру жолында бірнеше басты қиындық бар. Біріншіден, бизнес-құзыреттердің жетіспеушілігі – көптеген ғалым өзінің ғылыми жетістіктерін нарыққа бейімдеуге қажетті кәсіпкерлік және басқарушылық дағдыларға ие емес. Бұл олардың инновациялық өнімдер мен технологияларды коммерциялық айналымға енгізуін баяулатады. Екіншіден, ғылым мен бизнестің әлсіз байланысы – ғылыми-зерттеу ұйымдары мен кәсіпкерлік сектор арасындағы серіктестік жеткілікті деңгейде дамымаған. Бұл инновацияларды өндірістік ортаға енгізуді тежейді. Үшіншіден, инвестиция тартудың қиындығы – жеке сектор ғылыми-зерттеулерге инвестиция салуға дайын емес, себебі ғылыми жобалардың табыстылығы көбінесе ұзақмерзімді перспективада көрінеді. Бұл фактор инвесторлар үшін тартымсыз болып отыр. Төртіншіден, отандық инновациялардың өндіріске баяу енгізілуі – жаңа технологиялар мен ғылыми әзірлемелердің өндіріс саласына енуі төмен деңгейде қалып отыр, бұл инновациялық өнімдердің нарыққа шығуын тежейді.
Аида СЕРІКҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылым және
инновация қызметінің директоры,
биология ғылымдарының кандидаты:
– Ғылым бірнеше деңгейден тұрады. Оның төменгі сатысы – осыдан жарты ғасыр бұрын жаңалық болған ғылыми жетістіктерді қолдану және оларды коммерцияландыру. Бұл бағыттың артықшылықтары да бар, өйткені еліміздегі өндіріс орындарының басым бөлігі дәл осы салаға тиесілі өнімдерді – мата, тоқыма, тағам өнімдері, сусындар және басқа да тұтыну тауарларын шығарады. Дегенмен бұл деңгей ғылымды алға жылжытуға немесе отандық өнімдерді бәсекеге қабілетті етуге ықпал ете алмайды.
Ал ғылымның жоғары деңгейдегі саласын қолдайтын өндіріс орындары, зауыттар мен фабрикалар елімізде жеткіліксіз. Сондықтан отандық ғалымдардың басым бөлігі су, сусын, жақпа май сияқты қарапайым жобалармен шектелуге мәжбүр. Шын мәнінде, қазақстандық ғалымдардың ғылыми жаңалықтары жеткілікті, алайда оларды коммерцияландыру мүмкіндігі шектеулі, себебі өндірістік база әлсіз. Осыған байланысты өндіріс иелеріне жоба құнының 30 пайызын төлеуді міндеттеу талабын алып тастау қажет деп санаймын. Ғылым қоры тарапынан ғылыми жобаларды коммерцияландыруға 250 миллион теңге бөлінсе, дайын өнім алу процесі айтарлықтай ілгерілеуші еді. Бұл қадам ғылыми-зерттеулерді өндіріске енгізуге мүмкіндік беріп, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтар еді.
ҚАЗАҚСТАНДА ҒЫЛЫМ МЕН БИЗНЕСТІҢ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСЫН НЫҒАЙТУ ҮШІН ҚАНДАЙ ҚАДАМДАР ЖАСАЛУҒА ТИІС?
Әмірхан ТЕМІРБАЕВ,
Қазақстандық ғылымды коммерцияландыру
одағының вице-президенті:
– Бүгінде Ғылыми және жоғары білім министрлігі тарапынан ғылымды дамытуға қатысты көптеген жақсы қадам жасалуда. Ғылым мен бизнестің өзара байланысын нығайту мақсатында былтырғы жылдан бастап ірі кәсіпорындармен бірлескен хакатондар өткізіліп, нәтижесінде бизнеске, нарыққа қажетті сұраныстар сұрыпталып, сол сұраныстарды шешуге бағытталған ғылыми жұмыстарға басым бағыт берілуде. Бизнес өз кезегінде ғылыми жобаны бірлесіп қаржыландыруды қолға алуда. Бұл – жақсы бастама. Бірақ бұл қадам да коммерцияландыру процесін түбегейлі шеше алмайды, түбінде тығырыққа тіреледі. Мұның себебі, тағы да жоғарыда айтылған алғышарттардың болмауымен түсіндіріледі. Ал жасау керек болған нақты қадамдарға тоқталсақ, алдымен, әлемдік тәжірибе инновациялық кластерлердің тек мықты университеттермен тығыз байланыста дамитынын көрсетті. Сондықтан еліміздегі мықты университеттердің қасынан Технопарктер ашуды қолға алу керек. Ол үшін бүгінде министрлік тарапынан беріліп жүрген мега-гранттардың бір бөлігін сол Технопарктерді ашуға жұмсау керек. Бұған қоса, гранттық қаржыландырудың жаңа түрін, яғни прототиптер жасауға және өндірістік сынақтар өткізуге бағытталған қолданбалы грант түрлерін енгізу қажет. Сонда ғана іргелі зерттеулер мен коммерцияландырудың арасында белгілі бір көпір пайда болады.
Ерболат ОРАЗБЕКҰЛЫ,
Зерттеу және инновациялық нәтижелерді
коммерцияландыру орталығының директоры:
– Қазақстанда ғылыми әзірлемелердің нарыққа шығуын жеделдету және ғылым мен бизнестің өзара ықпалдастығын күшейту үшін бірқатар шараны жүзеге асыру қажет. Біріншіден, ғылыми-технологиялық саясатты іске асыруды жетілдіру – «Ғылыми-техникалық саясат туралы» заңнаманың орындалуын нақтылауға бағытталған құралдар мен механизмдер әзірленуі тиіс. Университеттердің инновациялық ортасын дамыту арқылы олардың ғылыми қызметін коммерциялық бағытқа икемдеу қажет. Екіншіден, ғалымдардың кәсіпкерлік дағдыларын дамыту – зерттеушілерге арналған бизнес және менеджмент курстарын енгізу арқылы олардың коммерцияландыру процесіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, ғылыми ұйымдар мен кәсіпкерлер арасындағы серіктестікті күшейту – инновациялық консорциумдар құру және ғылыми-бизнес коллаборацияларды дамыту арқылы жаңа технологиялардың өндіріске енуін тездетуге болады. Төртіншіден, жеке инвестицияларды ынталандыру – ғылымға қаржы салған кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер ұсыну арқылы инновациялық жобаларға жеке капиталдың тартылуын арттыру қажет. Бесіншіден, инновациялық инфрақұрылымды дамыту – технологиялық парктер, инженерлік орталықтар және ғылыми-техникалық кластерлер құру арқылы ғылыми әзірлемелердің коммерцияландыру процесін қолайлы етуге болады. Алтыншыдан, ғылыми жобалардың нарықтық дайындығын бағалау жүйесін енгізу – зерттеулердің технологиялық әзірлік деңгейін анықтайтын стандарттар мен бағалау жүйесін қалыптастыру қажет. Бұл олардың нақты өндірістік қажеттіліктерге сәйкестігін арттырады және нарыққа бейімделуін жеделдетеді. Осы шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылса, Қазақстандағы ғылым мен бизнестің өзара әрекеттестігі артып, ғылыми-зерттеулердің коммерцияландыру деңгейі айтарлықтай жақсарады.
Аида СЕРІКҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылым және
инновация қызметінің директоры,
биология ғылымдарының кандидаты:
– Қазір бизнес ғылымға бет бұра бастады. Өйткені елімізде ғылымды қолдаған кәсіпкерлерге салық жеңілдіктерін қарастыру және тиісті заң нормаларын талқылау жүргізілуде. Мәселен, егер бизнес өкілдерін 1 пайыздық салықтан босату ісі қолданысқа енсе, кәсіпкерлердің ғылыми жаңалықтарға деген қызығушылығы артып, қолдауы күшейеді деген үміттеміз. Әрине, бұл өзгерістер бірден жүзеге аса қоймас, дегенмен салықтық жеңілдіктер ұсыну – құптарлық бастама.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекеттік қолдауға ие болған 400 ғылыми жоба бар және олардың әрқайсысы коммерцияландыруға сұранып тұр. Егер осындай дайын жобаларды өнімге айналдыруға бизнес өз үлесін қосса, ғалымдардың еңбегі мұрағатта қалып қоймай, нарыққа шығып, дүкен сөрелерінен орын алар еді.
Дайындаған
Айдана НҰРМҰХАН,
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ