Көктем келісімен әскерге шақыру науқаны басталды. Алғашқы лекпен елордадан 25 азамат Шығыс Қазақстан облысындағы Шекара қызметінің әскери бөлімшесіне аттанды. Алдағы уақытта тағы мыңдаған бозбала армия қатарын толықтырады. Олар қайтіп іріктеледі? Республиканың әр түкпірінде құрылған комиссия қалай жұмыс істеп жатыр? Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғандарға қандай мүмкіндіктер мен жеңілдіктер бар? Осы секілді сауалдарды арқау етіп Астана қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің пунктіне арнайы бардық.
Жауынгерлерді жасақтау жұмысы
Кірген бетте «Сап түзе!» деген әскери бұйрыққа елең ете қалдық. Бойлары ұзынды-қысқа топырлаған бозбала әп-сәтте бір қатарға денелерін тіктей тұра кетті. Бұл – көктемгі әскерге шақыру науқанының қызған шағы. Сарбаз өмірі, қызметтің қалтарысты тұстары бәрі жас жігіттерге таңсық екені анық. Біреуі қобалжып, енді бірінің бойын мақтаныш кернеп, шын мәнінде Отан қорғаушы атанатынын сезініп тұрғандай.
Бізді Астана қалалық мерзімді әскери қызметке шақыру бөлімінің сержанты Тимур Ибраимов қарсы алды. Темірдей тәртіпті ұстанған қызметкер екені көрініп-ақ тұр. Бірден әскер қатарына қабылдау ережесін түсіндіруге кірісті. Оның айтуынша, көктемгі не күзгі науқанды жергілікті атқарушы органдар үйлестіреді. Олар әскерге шақыру пункттерін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, медициналық тексеріс пен құжаттарды рәсімдеуге жағдай жасайды. Дәрі-дәрмек, арнайы керек-жарақ, медициналық құрал-жабдық, тіпті сарбаздарды жөнелтуге арналған көлік те әзір тұрады. Барлық ұйымдастыру жұмысы Қорғаныс министрлігінің талаптарына сай жүргізіледі.
– Азаматтарды әскери қызметке шақыру – бұл жай ғана шақырту емес, мемлекет тарапынан жүйелі түрде ұйымдастырылатын маңызды кешенді шара. Бұл міндет Қарулы Күштерді жеке құраммен жасақтауға бағытталған мемлекеттік органдарға жүктеледі. Әскерге шақырылған әр азамат алдымен жергілікті әскери басқару органынан шақыру қағазын алады. Құжатта медициналық тексерістен өту және шақыру комиссиясына келу уақыты мен орны нақты көрсетіледі. Кейде шақыру қағазын азаматтың өзіне табыстау мүмкін болмай жатады. Мұндай жағдайда жергілікті ішкі істер органдары бұл үдерісті бақылауға алады, ал жұмыс істейтін жастар үшін ұйым басшылары оларды хабардар етіп, медициналық тексеруден өтуін, уақтылы келуін қамтамасыз етеді, – дей келе Т.Ибраимов бұл кезеңде азаматтардың жарамды-жарамсыздығын анықтайтын медициналық тексеріс маңызды екенін баса айтты.
Медициналық тексеріс қалай өтеді?
Белгіленген күні азаматтар дәрігерлік комиссиядан өте бастайды. Медициналық куәландыру көзінің көруі, жүрек, қан қысымы, наркологиялық тестілеу, гепатит пен туберкулезге зертханалық тексеріс шараларын жүргізіп жеке-жеке денсаулықтарын жіті тексереді. Осылайша бірінші аудандық, одан кейін қалалық бақылау комиссиясы қарайды.
– Әдеттегідей әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы жастар шақырылады. Астана қалалық бақылау комиссиясына келмес бұрын, олар шаһардағы Сарыарқа, Алматы, Есіл және Байқоңыр аудандық шақыру комиссиясынан тексеруден өтеді. Оның құрамында 9 дәрігер бар: терапевт, дерматовенеролог, фтизиатр, психиатр, невропатолог, хирург, офтальмолог, оториноларинголог (ЛОР) және стоматолог. Мамандарды комиссия төрағасы – аға дәрігер басқарады. Қорытынды бақылау комиссиясының құрамына да осы мамандар кіреді, оларға қосымша нарколог та болады. Ол әскерге жіберер алдында арнайы тестілеуден өткізеді. Шақырылушыға міндетті түрде бірқатар зертханалық және диагностикалық тексерулер жүргізіледі, – деді Астана қалалық медициналық комиссиясының төрағасы Ләззат Рыспекова.
Сондай-ақ ол анализдер дайын болғаннан кейін дәрігерлік тексеру басталатынын айтты.
– Мұнда азаматтардың бойы, салмағынан бастап бәрі қадағаланады. Барлық мәлімет «Е-Медосмотр» жүйесіне енгізіледі. Платформада шақырылушының диспансерлік есепте тұрғаны не тұрмағаны, бәрі жазылып тұрады. Аудандық комиссиядан өткеннен кейін шақырылушы бақылау комиссиясына жіберіледі. Орта есеппен күніне 20-35 азаматты қабылдаймыз. Бұл шамамен екі күнге созылады. Қазіргі уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне әскерлерді аттандыруға дайындап жатырмыз. Наурыздың 1-інен бері толық әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар тіркелмеді. Егер шақырылушының қосымша тексеруді қажет ететін ауруы анықталған жағдайда ол бір аптадан бір айға дейін қосымша медициналық тексеруге жіберіледі. Кейін қайтадан комиссияға келіп, оның әскери қызметке жарамдылығы не жарамсыздығы туралы түпкілікті шешім қабылданады. Осы шақырудың соңына дейін немесе келесі күзгі науқанға дейін қызметке алынуы мүмкін, – дейді Лаззат Асығатқызы.
Дәрігер әңгімелесу барысында жігіттердің әскерге жарамсыз деп танылатын жағдайлары өте сирек кездесетінін айтып қалды. Бұл шамамен жылына шақырылушылардың 9-10%-ын құрайды. Отан алдындағы борышын өтеуге кедергі келтіретін негізгі себептер қатарында асқазан-ішек жолдары мен жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары, тірек-қимыл аппаратының хирургиялық патологиялары және ауыр жарақаттардың салдары жатады. Сондай-ақ омыртқада ақаулары бар, көру қабілеті нашарлағандар да әскери қызметтен босатылады.
Азаматты шыңдайтын мектеп
Байқағанымыз, биыл болашақ сарбаздарға қойылатын талап та қатал. Демек сыннан сүрінбегендері ғана әскер қатарын толықтырады. Шақырушылар да мұны салмақты қабылдаған көрінеді. Себебі сапта Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарғандар жоқ. «Артылған міндетті асқан жауапкершілікпен орындауға әркез дайынбыз» дейді топты бастаған 18 жастағы Нұрлыбек Мұсабеков.
– Мен үшін әскер – жай ғана міндет емес, бұл азаматтық парыз. Отанды қорғау – нағыз ер жігітке тән қасиет. Осында тұрған әрқайсымыз ел үшін қызмет етуге өз қалауымызбен келдік. Өзім – Түркістан облысына қарасты Жетісай қаласының тумасымын. Мерзімді өтеген соң, келісімшарт негізінде әскери қызметке орналасқым келеді. Қазір салада мүмкіндік көп. Мәселен, ҰБТ тапсырусыз еліміздің жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант негізінде оқуға түсу де қарастырылған. Бұған қоса оқудың бірінші жылында жатақханадан орын алуға көмектеседі, – дейді Нұрлыбек.
Әскерге шығарып салу сәті ата-аналар үшін де ерекше әсерлі. Бірі баласының есейгеніне мақтанса, енді бірі сағынышын жасыра алмайды.
– Балам үшін қуаныштымын. Әскер – тәртіптің, төзімділіктің, ерік-жігердің мектебі. Шыңдалып, нағыз азамат болып оралады деген сенімдемін, – дейді Нұрлыбектің анасы.
Тек міндет емес, мүмкіндік те бар
Осылайша Астанадан мерзімді әскери қызметке 2 500-ге жуық азаматты жіберу жоспарланып отыр. Жас жігіттер борышын Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі және Шекара қызметі қатарында өтейді. Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Фархад Құрманғажинов шақыру науқаны маусым айының соңына дейін жалғасатынын айтты.
– 13 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы көктемгі және күзгі әскерге шақыру, сондай-ақ былтыр шақырылған сарбаздарды кезекті демалысқа шығару туралы Жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, 24 ақпанда Астана қаласының әкімінің қаулысы шықты. Соған сәйкес, елордада көктемгі әскерге шақыру науқаны жүргізіліп жатыр. Қорғаныс министрлігінен арнайы жоспар келіп түсті. Межеге сәйкес, көктемгі шақырылымда мыңнан аса, күзгі шақырылымда тағы мыңнан аса азамат әскерге аттанады. Жыл сайын шамамен осынша азамат әскерге шақырылатын. Бірақ биыл бұл көрсеткіш ұлғайтылды, өйткені әскери қызметке қабылданатын сарбаздар саны көбейіп жатыр. Кейінгі жылдары Отан алдындағы борышын өз еркімен өтеуге ниеттенгендер қатары артып келеді. Меніңше, бұған келісімшарт негізінде әскери қызметке қалу мүмкіндігі, жоғары жалақы және әлеуметтік жеңілдіктер, әскерден кейін мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана алу жеңілдігі әсер етіп отыр. Мәселен, «Отбасы банк» арқылы 4-5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар кейбір әскери бөлімде сарбаздар жұмысшы мамандықтарын игере алады. Дәнекерлеуші, механик, жүргізуші сияқты мамандықтар бойынша оқытылып, арнайы сертификат беріледі. Бұған қоса борышты өтеу барысында белгіленген уақыт ішінде азаматтарға несиелері мен қарыздары бойынша төлемдерін кейінге қалдыру жеңілдіктері де бар, – дейді Ф.Құрманғажинов.
Расымен, бүгінде ел армиясында сарбаздардың жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Оқу-жаттығу бағдарламалары жаңартылып, әскери техникалар жаңғыртылған. Тіпті әскерге шақыру келсе, оқу орнынан анықтама апару үшін енді военкоматқа барудың да қажеті жоқ.
Сұхбат барысында Фархад Құрманғажинов жоғары оқу орындарында оқитын студенттер диплом алғанға дейін ел алдындағы борышын орындауға шақырылмайтынын, егер олар университеттегі әскери кафедраны аяқтаса, лейтенант шенін алатынын айтты. Сондай-ақ отбасын құрған азаматтың бір немесе одан көп баласы болса, ол әскерден босатылатынын жеткізді.
Көктемгі науқан аяқталған соң, алда тағы күзгі әскерге шақыру маусымы өтеді. Ендеше, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған азаматтардың аман-есен үйіне оралуына тілекшіміз. Бастысы, әскеріміз әлеуетті, шекарамыз шегендеулі, қорғанысымыз қуатты болсын.