Тың игеру науқаны басталғанға дейін Ресей қазақтары балаларын ұлттық мектепте өз ана тілінде оқытқанын біреу білсе, біреу білмес. Мысалы, 2005 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Орынбор қазақтары: тарих және қазіргі заман» деп аталатын жинақта қазақ мектептерінің тағдыр-талайы туралы аз-мұз дерек кездеседі.
Аталған жинаққа мақаласы енген Орынбор мемлекеттік аграрлық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Галина Кораблева Чкалов облыстық білім бөлімінің архивтік деректеріне сүйене отырып, 1943–1944 жылдары облыста 103 қазақ мектебі болғанын жазады. Оның 88-і бастауыш, 14-і толық емес орта, біреуі орта мектеп болған. Бұл жерде Орынбор облысының сол кездегі атауы 1938–1957 жылдары Чкалов болғанын ескерте кету керек.
Ғалымның дерегінше, соғыстан кейінгі жылдары қазақ мектептерінің саны көбейе түсіп, 126-ға дейін жеткен. Бұл кезеңде 118 бастауыш, 8 жетіжылдық мектеп жұмыс істеген. Ал Орынбор мемлекеттік аграрлық университеті отан тарихы кафедрасының оқытушысы Ольга Дорошева келтірген мәліметтерге сенсек, 1940–1941 жылдары Чкалов облысында 145 қазақ мектебі болған, онда 4 718 адам оқыған.
Соғыс басталған 1941 жылы қазақ мектептерінің саны 100-ге дейін кемиді. Ал 1945 жылы облыста 103 қазақ мектебі жұмыс істеп тұрған.
Қазақтар қоныстанған елді мекендер шағын болғандықтан әрі шашыраңқы жатқандықтан ондағы мектептердегі оқушылар саны 5-10 адамға дейін ғана болған.
«Ұлттық мектептерге, оның ішінде қазақ мектептерге білікті мұғалім мамандар жетіспеді. 1930 жылдары татар педагогика техникумы қазақ мектептері үшін мұғалімдер даярлады. Мұнда біраз уақыт қазақ бөлімі жұмыс істеп тұрды. Кейін Ақбұлақ педагогика училищесі мұғалім даярлады. 1936 жылы 48 қазақ бастауыш мектебінің мұғалімі, 15 толық емес орта мектеп мұғалімі әртүрлі курстарды тәмамдап шықты. Соғыс жылдары қазақ мектептерінің мұғалімдері Дамбар педагогика училищесінде даярланды», дейді зерттеуші.
1941–1942 жылдары Дамбар училищесінде 47 шәкірт оқытса, 1943 жылы мұнда небәрі 8-ақ адам білім алған. Бұл училищеде бірде-бір қазақ мұғалім болмағанын да айта кету керек, сабақтар орыс және татар тілдерінде өткен.
Автор ұлттық мектеп мұғалімдерінің біліктілігі өте төмен болғанын атап өтеді. 1941–1942 оқу жылы 1-4 сынып мұғалімдерінің 41 пайызының арнайы педагогикалық білімі, ал 5-10 сынып мұғалімдерінің 53 пайызының жоғары білімі болмаған.
«1941–1942 оқу жылы Дамбар ауданындағы орта және толық емес орта мектептерде біліктілігі қызметіне сәйкес келетін бірде-бір мұғалім болған жоқ. Мысалы, Адам ауданындағы Аққарға толық емес орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі Ержановтың орта білімі ғана болған. Соған қарамастан ол география, физика, алгебра, геометрия, неміс тілі, тарих, ана тілі, конституция пәндерінен сабақ берген. Осының бәрі оқу сапасының құлдырауына әкелді», дейді О.Дорошева.
Бұдан кейінгі жылдары қаржы тапшылығына, ғимараттар мен мұғалім мамандардың, оқу құралдары мен мектеп керектерінің жетіспеушілігіне, елді мекендердің бір-бірінен шалғай, шашыраңқы жатқанына байланысты ұлттық мектептер біртіндеп жабылып, оның орнына көптілді мектептер ашыла бастайды. Мұндай мектептер екі немесе үш тілде – орыс-қазақ, қазақ-татар, орыс-чуваш-мордва тілінде білім береді.
Орал өңірінде бірқатар ұлттық мектептер орыс тілінде оқытуға көшіріледі. Бұл орыстілді емес мектептердің қысқаруына әкеп соқты. Осылайша, ұлттық мектептер орыс балаларын қабылдау арқылы біртіндеп жойыла бастайды. 1950 жылдың аяғына қарай Орынбор облысында 63 татар, 23 башқұрт, 20 қазақ, 7 чуваш, 1 мордва мектебі қалады.
1960 жылы мектептер жүйесі қайта ұйымдастырылады: шағын бастауыш мектептер жабылып, жеті сыныптық мектептер болып қайта құрылады. Ал кейбір жеті сыныптық мектептер орта мектепке айналады. Білім жүйесі біржола орыс тіліне көшеді де, қазақ мектептері біржола жойылады.
Жітіқара қаласының тұрғыны, бүгінде 80 жасқа аяқ басқан Раушан Қожабекова осы мектептердің бірінде оқыған. Бір жағы Қостанай облысының Жітіқара өңірімен шектесетін Орынбор облысының Адам ауданында туған Раушан апай төртінші сыныпқа дейін сол өңірдегі қазақ мектебінде білім алған.
«Кіл қазақ тұратын Тереңсайдың үшінші ферма деген жерінде дүниеге келдім. Сол жердегі қазақ мектебіне бірінші сыныпқа бардым. Алғашқы ұстазым Көшербай ағайым әлі есімде. Содан «Советская Россияның» Ақпар деген ауылына көшіп бардық. Үш шақырым жерде Еңбекші деген ұжымшар бар еді, кейін кеңшардың бөлімшесі болып қалды. Сол бөлімшеде жеті сыныптық қазақ мектебінде үшінші сыныпты бітірдім. Ол жерден Челябі облысына қарасты Южный кеңшарының бөлімшесіне көшіп кеттік. Ол жерде қазақ мектебі болмады. 1957 жыл. Тың науқанының қызып тұрған шағы. Қазақ мектептерін жауып тастаған кез. Содан орыс мектебіне барып, бір сынып төмен оқыдым. Орысша білмейтін қазақпын ғой, әкем де өмір бақи орысша сөйлемей кетті. Қиын болды, жарты жылға дейін түк түсінбей жүрдім. Солай үйреніп кеттім ғой, қазір қазақпен тілдескеннің өзінде көбіне орысша қосып сөйлеймін. Осы тың науқаны кезінде қазақ мектептері жаппай жабылып қалды. Әйтпесе, Адам ауданында он сыныптық қазақ мектептері де жұмыс істеп тұрған. Ағайымның балалары қазір Челябі облысының Малиновка ауылында тұрады. Шекарадан 25 шақырым жерде. Қазір мектептерде қазақ тілін оқытатын болып жатыр деп отыр. Көшесіңдер ме десем, жоқ, көшпейміз дейді. Үйренген, туған, өскен жері, ештеңе дей алмадым», дейді Раушан Байболқызы.
1930 жылдары теріскей елде қазақ мектептерінің көптеп ашыла баста- уына, олардың қысқа уақыт болса да жұмыс істеп тұруына сол кездегі астана Орынбор шаһары, ондағы Алаш зиялылары үлкен ықпал етуі мүмкін деген ой қылаң береді.