Шойгудың орнына Андрей Белоусов деген экономисті ұсынды. Ресей парламентінің жоғарғы палатасы – Федерация кеңесі Путиннің қолын қаққан жоқ.
7 мамырда инаугурациясын өткізіп, артынан 9 мамыр жеңіс күнін мерекелеген Путин іле-шала іштегі және сырттағы жаумен шайқасқа қайта кіріскендей. 10 мамырдан бері Украина шығысында, әсіресе Харьков облысының аумағында атыс-шабыс молайды. Украина тарабының хабарлауынша, орыстар кемі 50 мың әскермен жаңа шабуылға шыққан. Олардың көздегені Харьков қаласы болса керек. Ресей Харьков бағытында жаңа деммен алға ұмтылғалы жатқанын Украина президенті кемі бір ай бұрын мәлімдеген. Орыс әскері үшін осындай жауапты, маңызды сәтте Путиннің қорғаныс министрі Сергей Шойгуды лауазымынан алып, оның орнына әскери салада жұмыс істемеген адамды қоюын сарапшылар, әлеуметтік желі сан-саққа жүгіртті.
Шойгу қорғаныс министрлігін табаны күректей 12 жыл басқарды. Оның Путинге өте жақын, сенімді серік екенін ешкім жоққа шығармайды. Екеуінің қызмет бабындағы кездесулерінен басқа Мәскеуден алыс аймақтарда, Сібірде, Тыва жерінде (Шойгудың туған жері) аң аулаған, балыққа қармақ салған, орман аралап, тауға шыққан, табиғатта серуендеген кезі аз емес. Ресей телеарналары ондай демалыстарды жоғары пафоспен, айрықша сән-салтанатпен насихаттайтын. Осы жақындықтың арқасы ма, Шойгу ел бюджетінен жылына ондаған миллиард доллар бөлінетін әрі ол қаражаттың жұмсалуы жөнінде өзге әріптестеріндей ашық есеп бермейтін министрлік төрінде бір мүшелдей уақыт отырды. Қызметінен алынғанда да тағайындалған орны Путин айналасынан алыс емес. Сағынса жиі кездесіп тұруға мүмкіндігі бар Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы дейтін лауазым. Оны 1999 жылы Путиннен соң ФСБ-ны жетектеп, кейін 2008 жылдан бері тапжылмай 15 жыл Николай Патрушев басқарып келді. Бір сөзбен айтқанда, Путин Шойгуға Патрушевтің креслосын «тартып әперді». Кремльдің хабарлауынша, Шойгу Путиннің маңынан алыстамайды, әлі талай қызметіне жарайды. Президент жанындағы әскери мақсаттағы өндіріс саласын бақылауда ұстайды. Ал майдандағы ахуалға Ресей қарулы күштерінің бас қолбасшысы, 2012 жылдан бері Шойгудың орынбасары болып келе жатқан Валерий Герасимов жауапты болып қала береді.
Шойгудың қорғаныс министрі қызметінен кетуін ресейлік журналист Александр Невзоров ең алдымен орыс әскерінің сәтсіз шабуылдарымен байланыстырады. «Әуелде Украинаны санаулы күнде бағындырып, билігін құлатып, астана төріне Ресейдің туын тігуді көздеген әрі оған еш күмәні болмаған Путиннің Киев түбінде тас-талқаны шығып, кері шегінуге мәжбүр болуы – оның «жеңімпаз рухына» сызат түсірген, «сүйекке таңба салған» оқиға еді» дейді ол. Тағы бір блогер, өзін оппозициялық саясаткер деп атайтын Максим Кац Путиннің Шойгудан қауіптенетінін, оған сенбейтінін айтады. Сөзінше, «күндердің күнінде таққа талас басталса, Кремльдің астан-кестеңін шығаруға қауқарлы күш осы – әскер. Сондықтан тұтас әскерді 12 жыл билеп, тамыры тереңге кетіп, бұтақтары жуандай бастаған бәйтеректі кеш болмай тұрғанда күзеп тастауды көздеген». Сондай-ақ былтыр маусымдағы Евгений Пригожиннің бүлігі де ел есінде. Шойгуды қызметінен күшпен алуға әрекеттеніп, Мәскеуге шаңды жорық бастаған оны таңертең «сатқын» деп атап, кешке «кешірдім» деп бір тәулікте екі сөйлеуге мәжбүр болған Путин әлемнің алдында тағы бір мазаққа қалған.
Үшінші бір себеп ретінде желідегі жұрт Шойгу айналасындағы жемқорлықтың тым жүгенсіз кетуін атап жатыр. Ресейде әскерге арналған қаражаттың қомақты бөлігін генералдар өзара бөлісіп, талан-таражға салатыны ертеден белгілі. Бірақ дәл қазіргі соғыс жағдайында «тарта жеп тай, қоя жеп қой қалдыру» аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. Алайда «түйені түгімен, биені бүгімен» жұтып үйреніп қалған аран шыдатпайтын болса керек. Ақыры 23 сәуір күні Мәскеуде қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Ивановтың қолына кісен салынды. Иванов – Шойгудың адамы. Оны қорғаныс министрлігіне әкеліп, әскери нысандарды жөндеу және құрылыс саласына жауапты қылған да Сергей Құжыгетовичтің өзі (Шойгудың шыққан тегі тыва екенін ұмытпаңыз). Украина аумағындағы Мариуполь қаласында қазір Ресей салып жатқан ғимараттарға бөлінген миллиардтаған қаражат соның қолынан өтеді. Шамасы аста-төк қаражаттың біраз бөлігін жымқырып қалса керек. Ивановтың ұсталуын ресейлік саясаттанушы Татьяна Становая сәуірде «Шойгуға қарсы әлдебір ойынның басы» деп бағалаған. Қалай болғанда да, Путин айналасындағы кландардың Шойгуға өкпесі қара қазандай. Кремльге жақын үш дереккөзіне сілтеген Bloomberg агенттігі Шойгудың отставкаға кетуіне ең басты себеп жемқорлық екенін жазады. Агенттік дереккөздерінің айтуына қарағанда, Путин Шойгуды қанша жақын серік санаса да жемқорлыққа белшесінен батып отырып соғыс жүргізуге болмайтынын түсінген. Дереккөздің бірі Bloomberg басылымына Путиннің «сау ақылмен соғысу маңызды» дегенін естігенін айтқан. Тағы екі дереккөз Андрей Белоусовтың Путиннен қорғаныс министрі болу туралы ұсыныс түскенде «аң-таң болғанын көрдік» деген.
Кремльге жақын дереккөздерге сүйеніп ақпарат тарататын басылымның бірі ресейлік Meduza сайты. Тәжірибелі, кәсіби шебер журналистер жұмыс істейтін сайтты Ресей «шетел агенті» тізіміне де, «жағымсыз ұйымдар» («нежелательная организация») қатарына да қосқан. Сол себепті де басылым Кремль маңындағы оқиғалар туралы айтқанда сұхбат беруші дереккөздердің қауіпсіздігі үшін олардың аты-жөнін атамайды. Meduzaның жазуынша, Шойгудың министр лауазымынан алынатынын Кремль төңірегіндегі адамдардың көбі білмеген. Яғни алдын ала айтылмаған, ешкім күтпеген оқиға. Сондай-ақ басылым президент әкімшілігіне жақын дереккөзге сілтеп, Шойгудың қорғаныс министрлігінен кетуін Путиннің жақын достарының бірі, «Ростех» компаниясының бастығы Сергей Чемезовпен арадағы конфликтімен байланыстырады. Өйткені майданға заманауи қару-жарақ, әскери техника жеткізуге жауапты Чемезовтің үстінен Шойгу бұған дейін Путинге бірнеше мәрте арызданыпты. Тіпті мамырдың басында Шойгу «Ростех» компаниясын «майданға керек-жарақты уақытылы жеткізіп бермей отыр» деп сынап, оған Чемезов «қазіргі әскер қолданып жатқан техниканың 80 пайызы біздікі» деп жауап беріп, БАҚ бетінде аздап шарпысып қалған.
Ал Андрей Белоусов деген кім? Оны өзгені қойып, орыстардың өзі жете танымайтын боп шықты. Z блогерлер (соғысты қолдайтын блогерлер мен журналистер) арасында да бурыл шашты Белоусовты жақсы білетіндері аз көрінді. 63 жастағы Белоусов екі мыңыншы жылдардың ортасында Ресейдің экономика министрлігінде істеп, 2012 жылы министр лауазымына дейін көтерілген. Бірақ ол қызметпен тез қош айтысып, президент Путинге көмекші боп Кремльге кеткен. 2020 жылы Путин оны премьер-министрдің бірінші орынбасары етіп тағайындады. Ара-тұра ғана болмаса, ақпарат құралдарында аса көп көрінбейтін адам. The Bild басылымының жазуынша, Белоусов «Ресей анталаған дұшпанның ортасында отырған ел» деп түсінетін, Путинмен пікірлес тұлға. Оның қорғаныс министрі қызметіне тағайындалуын Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «қазіргі соғыста кім инновацияға ашық болса, сол жеңеді» деп түсіндірді. Песковтың айтуынша, «бұрын Ресей бюджетінің 3 пайызы ғана қарулы күштерге жұмсалатын. Қазір 7 пайызға жуық. Сондықтан мол қаражатты игеріп, орынды жұмсай алатын адамды тағайындау – қазіргі жағдайдың талабы».
Белоусовтың өмір бойы экономика саласында жұмыс істеп келе жатқанын алға тартқан ресейлік The Bell басылымы оның қорғаныс министрі қызметіне тағайындалуын «сенсацияға» балады. Ресейдің RTVI сайты сөйлескен сарапшы, экономика инфраструктура орталығының президенті Владимир Косай қорғаныс министрлігінде ауқымды өзгеріс болатынын және оны басқару тетігі екіге жарылатынын айтқан. Косайдың пайымынша, «Қорғаныс министрлігі экономикалық және шаруашылық мәселелерімен, әскерді цифрландыру және оларды керек-жарақпен қанымдау жұмысымен айналысады, ал бас штаб тікелей жоғары бас қолбасшыға (Путинге) тікелей бағынады». «Айналасындағы әскерилер мен күштік құрылымдарда түн ішінде ешкім күтпеген өзгеріс жасау Путиннің Украина жерінде Батыспен ұзақ шайқасуға дайын екенін көрсетті» деп жазды Bloomberg. Америкалық The New York Times газеті «Белоусовтың тағайындалуы Путиннің ел экономикасын әскери мақсатқа жұмылдыруы және Батыс пен Ресейдің ұзақ жылдарға созылатын текетіресіне дайындығы» деп түсінген. The Wall Street Journal да осыған ұқсас қорытынды жасайды. Журнал АҚШ-тың бұрынғы президенті кіші Джордж Буштың Ресей мәселесі жөніндегі кеңесшісі болған Томас Грэмнің «Кремль Украинадағы соғысты көпке созуды ойлайды. Сондықтан қорғаныс министрлігін экономикалық тұрғыда тиімді етуге әрекеттеніп жатыр. Бұл қызметке әскери салаға қатысы жоқ, сырттан адам әкелу Путиннің осындай жоспары барын байқатады» деген сөзін келтірген. CNN телеарнасының хабарлауынша, «АҚШ конгресі Украинаға қаржылай көмек бөлген соң Ресейде экономиканы түсінетін сауатты маманның қорғаныс министрлігін басқаруы Путинге көп пайда беруі мүмкін. Бұл өз кезегінде Киев пен оның жақтастарына да қысымды күшейтеді». АҚШ президенті жанындағы Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесінің бұрынғы директоры Александр Виндман X (бұрынғы Twitter) парағында ауыс-түйіске басқа қырынан қарайды. Ол «Патрушевті орнынан алып, Шойгуды қою Ресей билігінің құзар шыңындағы айтарлықтай өзгеріс болды. Қатал Патрушевті Ресейдегі ең ықпалды екінші адам (біріншісі Путин) деп ойлаушы едім. Оны кетіру қазіргі билікке балама күштен біржола құтылу» дейтін ойын айтқан. Жаны бар сөз. Ресейде 2008 жылдан бері Қауіпсіздік кеңесін басқарып келе жатқан Федералды қауіпсіздік қызметінің (бұрынғы КГБ) экс-төрағасын орыстардың өзі де Путиннен кейінгі, тіпті оның «көлеңкедегі ақылшысы» деп атайтын, солай жазатын. Бірақ олай болмай шықты.
Путин жарлығымен Николай Патрушев президенттің көмекшісі дейтін салмағы жеңіл, бірақ қожайынына жақын жүретін қызметке тағайындалды. Ақпарат құралдарында Қауіпсіздік кеңесі – құдіретті һәм құзыретті орган іспетті аталғанымен, заңда оған бар-жоғы «кеңесші орган» дейтін статус берілген және ары кеткенде 50-60 штаттағы қызметкері бар шағын құрам. Осы тұрғыдан қараған ресейлік блогерлер мен сарапшылар Шойгудың миллиардтаған мол қаражаттан қағылатынын, министрліктен кету оған ауыр соққы боп тиетініне сенімді.
Айгүл Баба