Бұған дейін біз Қазақстандағы агросекторды мемлекеттік қолдау туралы сараптама материал жариялап, онда ауыл шаруашылығы өнімдерінің биылға 3 пайызға ғана өскеніне тоқталған болатынбыз.
Және көтерілген тақырып аясында 2025 жылғы субсидия көлемінің 500 млрд теңге болғанын, соған сәйкес мемлекеттік қолдаудың қайтарымы төмен екені де айтылған еді.
Мәселеге орай kznews.kz порталы Ауыл шаруашылығы министрлігінен 2026 жылға бағдарланған субсидия көлемі мен құрылымын нақтылауды және мемлекеттік қолдау қаржыға қандай шаруашылықтар мен өнеркәсіп орындары ие болатыны туралы да ақпарат беруді сұраған еді. Редакция сауалына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафинен ресми жауап келді.
— Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау субсидиялау түрінде ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, атап айтқанда, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, балық шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларын қамтиды,- дейді өз жауабында вице-министр.
Сонымен қатар, қаржылық құралдар бойынша субсидиялау блогы да қарастырылған екен. Ол ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін кредиттік және өзге де қаржылық құралдардың қолжетімділігін арттыруға арналған. Бұл өз кезегінде олардың қаржылық тұрақтылығын нығайтып, даму мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Ресми жауапта агроөнеркәсіп кешенін дамыту шеңберінде министрлік тарапынан мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіруге және оның тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді шараларды іске асыру туралы да айтылған.
— Қолданыстағы субсидиялау моделі қазірдің өзінде оң нәтижелер көрсетіп, саланың одан әрі өсуіне берік негіз қалыптастыруда. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігі саланың негізгі көрсеткіштерінің даму қарқынымен айқындалады. Мәселен, соңғы үш жылда АӨК-тің жалпы өнім көлемі 1,3 есеге артты. Атап айтқанда, 2023 жылы – 7,6 трлн теңге, 2025 жылы – 9,8 трлн теңге болды. Нақты көлем индексі 2024 жылы 113 пайызды, ал 2025 жылы 105,9 пайызды құрады,- деп жазады министрдің орынбасары.
Сондай-ақ, «2026–2028 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы» ҚР заңына сәйкес, АӨК субсидиялау бағдарламаларын іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға берілетін қаражат көлемі еселеп артып отыр екен. Мысалы, оның көлемі 2026 жылы 588,3 млрд теңгеге жетсе, 2027 жылы 695,4 млрд теңге, 2028 жылы 725,8 млрд теңгені құрайтын көрінеді. Нақты мысал ретінде Шығыс Қазақстан облысына биылға бөлінген қаражат көлемін алып қарасақ, оның мөлшері 29,0 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 6,0 млрд теңге, мал шаруашылығы 6,6 млрд теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу 2,3 млрд теңге, қаржылық құралдар 13,6 млрд теңге, балық шаруашылығы 0,5 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болады. Ал 2027 жылға 42,6 млрд теңге, 2028 жылға 47,5 млрд теңге қарастырылып отыр.
— Тағы бір атап өтерлігі, АӨК-ті субсидиялау барысында ауыл шаруашылығы субъектілерінің көлеміне қарай ешқандай шектеулер немесе бөліністер жоқ. Бұл сала қатысушылары үшін тең жағдайларды қамтамасыз етеді. Субсидиялар кәсіпорынның ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны мен мөлшеріне қарамастан барлық тауар өндірушілерге тең тәртіппен төленеді, бұл орта және шағын фермерлік шаруашылықтардың дамуына ықпал етеді. Мұндай тәсіл бүкіл аграрлық секторды қолдауға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, — дейді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафин біздің сауалымызға берген жауабында.
Айтпақшы, біз «Ауызды қу шөппен сүрткен агросектор: 500 млрд теңге субсидияның қызығын кім көрді?» деген тақырыптағы материалымызда мемлекеттік қолдау шараларына қатысты әділетсіздік орын алатынын да жазғанбыз. Министрдің орынбасары бұл мәселеге де тоқталған екен.
— Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, субсидиялау қағидаларына сәйкес кәсіпкерлік қызмет нысанына байланысты ешқандай басымдық берілмейтінін атап өтеміз. Тиісті талапқа сай келген жағдайда, барлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекеттік қолдау шараларына тең қол жеткізе алады, — депті ресми жауабында Таласбек Қанафин мырза.
Тоқетерін айтқанда, құзырлы мекеменің маңызды мәселеге қатысты жауабына толық қанағаттану қиын. Оның үстіне өңірлердегі шағын және орта шаруа қожалықтарының субсидияға қол жеткізуіне қатысты даулы мәселелер азайған жоқ. Керісінше, диқан мен шаруаның жанайқайы жыл сайын жиі естіле бастады. Екіншіден, дәл осы мемлекеттік қолдау қаржыға қатысты құқық қорғау органдарының сұрағы да көбейген. Бұл туралы жақында тағы да жазғанбыз.
Деп келгенде, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерге қатысты тақырып үнемі назарда болатынын айтқымыз келеді.
