Америкалық президенттің шынымен Рим Папасы болу мүмкіндігін бағалайды.
Католик кардиналдары жаңа Рим Папасын сайлау үшін Сикстин капелласында өтетін конклавқа жиналуда. Фото sandhillsexpress.com сайтынан алынды. Авторлығы: CBS News
Жұма күні (2 мамыр) АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social платформасында өзіне ұқсатып жасалған, понтификтің киімін киген сурет жариялады. Суретте президент ақ түсті киімде, басында митра (папалық тәж), мойнында алтын крес бар, оң қолының сұқ саусағымен аспанды нұсқап тұрған бейнеде көрсетілген. Кейбір католиктер бұл жазбаны «намысқа тиетін» деп бағалады.
Дүйсенбі күні (5 мамыр) Трамп өз әрекетін қорғап, «фейк жаңалық тарататын БКҚ-ны» дүрбелең туғызды деп айыптап, Мелания Трамп бұл суретті «сүйкімді» деп қабылдағанын айтты. Ақ үйде сөйлеген Трамп:
«Сіздер олардың әзілді түсінбей қалғанын айтқыларыңыз келе ме? Сіз католиктер туралы емес, сіз фейк жаңалық тарататын бұқаралық коммуникация құралдарын айтып тұрсыз ғой. Католиктерге бұл ұнады», – деген.
Өз бейнесінен алыстауға тырысқан ол: «Менің бұған қатысым жоқ. Біреу мені Рим Папасы етіп көрсететін фотосурет жасап, интернетке жүктеген. Мен мұны жасамадым. Бұл қайдан шыққанын білмеймін. Мүмкін бұл жасанды интеллект шығар. Бірақ мен кеше кешке ғана көрдім. Және менің әйеліме бұл ұнады», – деп ақталған.
Ол әрі қарай әзілін жалғастырып:
«Мен Папа бола алмаймын, өйткені мен үйленгенмін. Менің білуімше, Папалар үйленбейді ғой, солай ма?» – деп түсіндірген.
Әлеуметтік желіге мұндай жазба жариялау Ақ үйдің беделіне нұқсан келтірмей ме деген сұраққа ол:
«Ой, қойыңыздаршы. Біреу жай ғана көңіл көтеру үшін жасапты. Еш жамандығы жоқ. Бір сәтке күлсе несі бар?» – деп жауап берген.
Дональд Трамп: «Мен өзім Папа болғым келеді, бұл менің бірінші қалауым болар еді». Коллаж outinperth.com сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ
Президенттің бұл жазбасы Папа Франциск 21 сәуірде қайтыс болғаннан кейін, Ватикан кардиналдары жаңа Папаны сайлау үшін жиналатын Конклав қарсаңында пайда болды.
Өткен аптада одан Папа Францисктің мұрагері ретінде кімді көргісі келетінін сұрағанда, Трамп: «Мен өзім Папа болғым келеді, бұл менің бірінші қалауым болар еді», – деп жауап берген.
АҚШ-тағы епископтарды біріктіретін Нью-Йорк Католик Конференциясы сияқты ірі католик ұйымдары президенттің бұл әзілін сынға алды. X (Twitter) желісінде жарияланған жазбада католиктер:
«Бұл суретте ешқандай тапқырлық не күлкілі нәрсе жоқ, президент мырза», «Біз жаңа ғана сүйікті Папамыз Францискпен қоштастық, ал енді кардиналдар келесі Әулие Петрдің ізбасарын сайлау үшін қасиетті конклавқа жиналғалы отыр», «Бізді мазақ қылмаңыз» делінген жазбада.
Рим Папасы Франциск 21 сәуірде қайтыс болғаннан кейін, Ватикан кардиналдары жаңа Папаны сайлау үшін конклавқа жиналады. Фото americamagazine.org сайтынан алынды
America Magazine иезуиттік журналының бас редакторы, дін қызметкері Джеймс Мартин:
«Мен бұны өте намысқа тиетін жағдай деп қабылдаймын. Бірақ Трамп мырза бұны әзіл ретінде жасаған шығар деп үміттенемін. Егер мұны Джо Байден немесе Барак Обама жасаған болса, АҚШ епископтары тарапынан тез әрі жаппай наразылық болар еді», – дейді.
Нью-Йорк кардиналы Тимоти Доланд суретті «жағымсыз» деп атап, «меніңше, Трамптың бұған қатысы жоқ» деген. Өзі де католик АҚШ Вице-президент Джей Ди Вэнс жексенбіде (4 мамыр) Трампты қорғап, бұл жазбаның жай ғана әзіл екенін айтқан.
«Жалпы, мен әзіл айтатын адамдарға түсіністікпен қараймын. Ал мағынасыз соғыстарды бастап, мыңдаған отандастарымның өмірін қиятын адамдарды жақтырмаймын», – деп жазды ол X (Twitter) желісінде.
Бұл сөздер Буш әкімшілігінің жоғары лауазымды шенеунігінің «Ол үшін Рим Папасына деген мұндай құрметсіздік пен келемеждеу қалыпты нәрсе ме?» деген сұрағына жауап ретінде айтылған еді.
Рим Папасы қашан, қалай сайланады?
Католик кардиналдары 7 мамырдан кейін өтетін жабық жиналысында жаңа Рим Папасын сайлау үшін конклав өткізеді. Бұл туралы Ватикандағы жоғары лауазымды дереккөз мәлімдеген.
Сайлауға 80 жасқа толмаған 135 кардинал қатыса алады. Олар 1,4 миллиард сенушісі бар шіркеудің жаңа көшбасшысын таңдамақ. Бұған дейінгі конклавтар 2005 және 2013 жылдары екі күн бойы өткен еді. Бұл жолғы дауыс беру қанша уақытқа созылатынын болжау қиын.
Заманауи технологияларға байланысты, конклав өтетін кезде қатаң қауіпсіздік шаралары қабылданады. Кардиналдарға ұялы телефон, теледидар және баспасөз құралдары сияқты электронды құралдарды пайдалануға тыйым салынады. Олардың тұратын жерлерінде радиосигналдарды өшіретін арнайы құрылғылар орнатылады. Бұл байланыс пен ақпарат тарату мүмкіндігін жояды. Барлық бөлмелер тыңдау құрылғыларынан алдын ала мұқият тексеріледі.
Одан бөлек, бөлмелердің терезелері бұлыңғыр пленкамен тұмшаланады, кардиналдарға сыртқа қарауға, сыртқы әлеммен байланыс орнатуға қатаң тыйым салынған. Себебі қазіргі заманғы спутниктер адамның мимикасын, ал жасанды интеллект ерін қимылын анықтай алады. Осылайша конклав өтетін күндері кардиналдар Domus Sanctae Marthae резиденциясында толық оқшауланған күйде өмір сүреді.
Жаңа Папаның сайланғаны туралы қалай хабарланады?
Сикстин капелласының мұржасынан шыққан түтіннің түсіне қарап, сырт әлем жаңа Папаның сайланғанын біледі. Мұржадан қара түтін шықса – Папа әлі сайланған жоқ, ал ақ түтін – «Habemus Papam!» – «Бізде Папа бар!» дегенді білдіреді. Жаңа Рим Папасының кім болатынын жақын күндері білетін боламыз.