Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті арттыру – мемлекет саясатының маңызды бағыты. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы бүгінде бүкіл ел көлемінде кең қолдау тауып, игі нәтижесін беріп келеді. Бұл бастама Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласында да жүйелі түрде жүзеге асып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, жасыл аймақтарды көбейтуге және табиғатты аялауға бағытталған нақты жобалармен жалғасуда.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Сыр өңірінің барша тұрғындары, еңбек ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер, жастар мен қоғамдық белсенділер бірлесе жұмыс атқарып келеді. Ортақ мақсат – қала тазалығын сақтау, экологиялық жауапкершілікті арттыру және табиғатқа жанашырлықпен қарау.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 33 сквер, аллея және саябақ пен демалыс аймағы бар. Олардың барлығы кезең-кезеңімен күтімге алынып, жаңғыртудан өтуде. Соның ішінде айрықша мәнге ие нысан – жаңарған Қорқыт ата мемориалды саябағы.
Толықтай жаңғыртылған саябақ бүгінде қызылордалықтар мен қонақтар үшін ең тартымды демалыс орнына айналды. Аумағы 39 мың шаршы метрді қамтитын саябақта заманауи су бұрқағы, балалар ойын және спорт алаңдары, серуен жолдары мен демалыс аймақтары салынды. Кешкі уақытта көркін ашатын жарық шамдары орнатылып, аумақтың әр бөлігіне сән берілді. Жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды.
Қайта жаңғыртылған Қорқыт ата саябағының ашылу салтанатына ел ағалары, қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов жиналған қауымды мерекемен құттықтап, қаланың даму бағыттары туралы кеңінен баяндады.
Қызылорда қаласында соңғы жылдары ауқымды жобалар жүзеге асып келеді. Мәселен, 6,5 млрд теңгеге қалалық мәдени-демалыс паркі жаңғыртылып, халық игілігіне берілді. Қазір 15 млрд теңгеге Президент саябағы қайта жаңғыртылуда. Мұнда 10 млрд теңгеге заманауи 300 орындық балалар тынығу лагері салынып жатыр. Сондай-ақ, 5 млрд теңгеге Ботаникалық білім беру орталығының ғимараты бой көтеруде.
Шарада қала басшысы экологиялық бағдарламаға белсенді атсалысқан коммуналдық сала қызметкерлері мен саябақтың жаңғырту жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме мамандарына Алғыс хаттар табыстады.
Жаңарған Қорқыт ата саябағы Қызылорданың 100 жылдық мерейтойы мен «Қала күні» мерекесі қарсаңында пайдалануға берілді.
Бүгінде бұл саябақ – қызылордалықтардың сүйікті демалыс орнына, ал экологиялық бастама – тазалық пен жаңару символына айналды.
Қорқыт ата саябағының қайта жаңғыруы – Сыр еліндегі экологиялық мәдениеттің, қалалық орта сапасының және жасыл аймақтардың дамуының айқын дәлелі. Бұл жоба «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында іске асқан жүйелі істердің бірі ғана.
Алдағы уақытта Қызылорда қаласы экологиялық тұрғыдан таза, инфрақұрылымы дамыған, тұрғындарға жайлы әрі заманауи өмір сүруге қолайлы қала ретінде дами беретіні сөзсіз.