Елін өрге, жұртын жеңіске сүйреу үшін жанын да, барын да қиған ұлтжандылығы, Отан алдындағы адалдығы арқасында ерлік пен өрліктің, намыс пен рухтың, аршылдық пен парасаттылықтың символына айналған Ұлы даланың ұландары қазақ тарихында өшпес із қалдырды, ірі де ізгі істерімен танылды. Олардың ұлы мұрасының алтын тіні үзілмеуі, батырлық дәстүр мен қазіргі қоғамның құрыштай мызғымас бірлігі сақталуы үшін ел Президенті әскери-патриоттық тәрбиеге баса мән беріп келеді.
Кейінгі жылдары осы жолда бұрын-соңды болмаған тың бетбұрыс жасалды. Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 5 мамырда, Бүкілармиялық кеңесте берген тікелей тапсырмасына сәйкес 2023 жылғы 24 қарашада бұрын-соңды болмаған стратегиялық бағдарлама – «Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бекітілді.
Президент қойған міндетке сәйкес, Қазақстан тарихында тұңғыш рет салалық заңнаманың іргесі қаланды. Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілерге әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заңын мақұлдады.
– Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші тыныш, қоғам тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни, дамыған ел боламыз десек, ең алдымен бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы жүктеген міндетті жүзеге асыру үшін әскери қызметтің беделін, жауынгер мәртебесін арттыру жұмыстары қолға алынды. Өйткені ең алдымен ел тыныштығын қорғайтын әрбір жас өз қызметін мақтан етуі керек. Сонда оны көріп, соңынан ерген жасөскіндер де Отан қорғау ісіне өзі үлкен ынта-ықыласпен тартылатын болады.
Әскери қызметте болу қоғамда абырой-бедел саналуы үшін қажетті барлық жағдай жасалуға тиіс. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Атап айтқанда, әскери қызметшілердің әлеуметтік қамсыздандырылуы, баспанамен қамтылуы күшейтілді. Әскери қызметшілерге бұрынғыға қарағанда жақсы жалақы төленеді. Әскери борышын өтеп келген жігіттер мен қыздар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі, мемлекеттік білім грантын алуда басымдыққа ие. Әскери борышын өтеуге аттанған азаматтар барлық несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Осы кезеңде банктер өсімпұл, айыппұл жазбайды, кредит мөлшерлемесін өзгерте алмайды.
Сондай-ақ бұдан былай әскерге шақырылғандар сонда жүріп, нақты мамандық алып шығады. Армияда сарбаздар жұмысшы мамандықтарын және еңбек нарығында сұранысқа ие басқа кәсіптерді меңгереді. Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің, Байланыс департаменттерінің, Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік әскерлерінің оқу-жаттығу орталықтарында еңбек нарығында қажетті әрі қат білімді, дағдылар мен мамандықтарды тегін игере алады.
Мысалы, бағдарламашы, ауыр жүк машиналарының жүргізушісі, экскаваторшы, тракторшы, жол төсегіш, дизелист-электрик, байланыс мамандары және тағы басқасы бар. Яғни, бұрын айтылатындай жастар күрекпен жер қазып, картоп тазалап, бір жылын босқа өткізбейді. Әскердегі жас нағыз сарбаз ғана емес, нағыз маман болып шығады. Президент осындай міндет қойды. Сонда туған жеріне орала сала, азаматтық өмірден тез орнын тауып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болады.
Бейнесі, бет алысы күрт өзгерген заман жастарды әскери патриоттық тәрбиелеу формаларын уақыт талабына сай жетілдіруді талап етеді. Мәселен, әскерилер ТikТok-та, әлеуметтік желілерде белсенді болып, әскери қызметті оң жағынан дәріптегені абзал. Сарбаздар мен сардарларды мәдениетке, өнерге қатыстыруға мән беріледі.
– Мемлекет басшысы қойған міндеттерді ескере отырып, армияның тұлға қалыптастырушы, жастарды тәрбиелеуші рөліне екпін түсіріледі. Жастар әскерден отаншыл, елшіл, патриот азамат болып оралуы қажет. Патриотизмді жас ұрпақ бойына дарыту мақсатында елде әскери-патриоттық клубтар, үйірмелер, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен бірге патриотизмді бүкіл қоғам болып тәрбиелеуге тиіспіз. Себебі армияға жастар негізінен, төл дүниетанымы, мінез-құлқы, көзқарасы бар тұлға болып келеді, – дейді Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Сондықтан әскердегі мәдени ойын-сауық жұмыстары күштейтілгені жөн. Тиісті тәжірибе әлемде де, өз еліміздің тарихында да бар. Екінші дүниежүзілік соғыста және одан кейін мәдениет пен шығармашылық қауым өкілдері әскерді аралап, концерт қоятын, түрлі кездесу өткізетін.
Министрдің пайымдауынша, егер қазақстандық кино, театр және телевизия режиссерлері, актерлар, әншілер, эстрадалық топтар, ақын-жазушылар, жалпы, кез келген саланың танымал тұлғалары әскермен тығыз ынтымақтасса, мәдени іс-шараларды өткізуге көмектессе, Қарулы күштерді аралап, табыс тарихын, білімін, тәжірибесін бөліссе, бір ғанибет болар еді. Бұл әскердегі таланттардың ашылуына түрткі бола алады. Ұқсас тәжірибе, мысалы Америкада, Еуропада бар.
Сарапшылар халықаралық озық тәжірибе негізінде Қарулы күштерде театралдық өнерді, кескіндеме, әдеби шығармашылық, хореографиялық даярлық және мәдениеттің басқа бағыттарын дамытуға көңіл бөлуді ұсынды. Бұл патриоттық тәрбиелеу жолындағы кең ауқымды қозғалыс болмақ. Әйтпесе, қазақ әндерін естімеген, оны өз бетінше тыңдамайтын жастар жетерлік. Құлақтан кіріп, бойды алар әннің құдыреті рухты қайрап, жігерді жануға, өршіл отаншылдық сезімді туындатуға қабілетті. Бұған қажетті шығармашылық және материалдық база – Ұлттық әскери-патриоттық орталық, Қорғаныс министрінің Орталық ансамблі, Орталық әскери оркестр, Мемлекеттік әскери-тарихи музей, өзгесі бар.
Жүрегі Отан деп соққан, оның егемендігін, жерінің тұтастығын, елінің гүлденуі мен өрлеуін өмірлік ең басты мүдде деп білетін жас ұрпақты тәрбиелеуге келесі жылы қолданысқа енгізіледі деп күтіліп отырған жаңа заң үлес қосуға тиіс. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген терең де мәнді нақылын еске салды. Отанды сүюді, елге қызмет етуді бала кезден үйрету керек.
– Алайда елімізде жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесі, яғни Отанға адал қызмет ету, азаматтық борыш пен негізгі конституциялық міндеттерді орындау жай-күйі заман талаптарына сай келмейді. Жауапты уәкілетті органдардың өзара іс-қимылы үстірт, формалды сипатқа ие. Атқарған жұмыстары азаматтар бойында патриоттық сананы берік қалыптастырмайды. Сондықтан осы заң жобасымен еліміздегі әскери-патриоттық тәрбие жетілдірілетін болады, – деді депутат.
Құжатқа сәйкес, республикалық және өңірлік деңгейлерде Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестері құрылмақ. Депутаттар бұл кеңестерге әскери-патриоттық тәрбиені дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу; бағдарламалық іс-шараларды ұйымдастыруда, азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде барлық мүдделі мемлекеттік орган мен қоғамдық бірлестіктің күш-жігері мен мүмкіндіктерін біріктіру; жастар бойында армияның жағымды бейнесін қалыптастыру үшін көркем және деректі фильмдер жасау, музыка және әдеби шығармалар тудыру, БАҚ-пен ынтымақтасу және әлеуметтік желіде шыншыл ақпаратты тарату жөніндегі өкілеттіктер беріп отыр.
Аманаттық депутат Аманжол Әлтай армияға қатысты шынайы ақпарат аздығына назар аудартты: «Ақпарат құралдары ұлттық Қарулы күштерге қатысты жағымсыз материал беруді көбейтті. Себебі де бар. Отанын қорғауға сап-сау кеткен бала кемтар болып оралады, үмітпен аттанған боздақ үйіне табытпен әкелінеді. Жасөспірімнің жүрегін шайлықтыратын, әскерге баруға ынтасын құртатын теріс, жалған ақпараттарға тосқауыл қойылуы, шын дерегі берілуі керек. Ұлттық әскердің айбынын арттыратын, келісті келбетін көрсететін контент жетімсіз, олар көп болуға тиіс», – деді қалаулы.
Депутаттардың айтуынша, осыдан 30 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, бүгінде армияда құқықбұзушылықтың саны айтарлықтай азайды, алайда әскерде келеңсіз жағдайлар кездеседі. Мемлекет басшысы осындай әрбір жағдай төтенше оқиға ретінде қарастырылып, кінәлі адамдар жазалануы керектігін тапсырды.
Заң жобасын қарау барысында депутаттар әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге, әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыруға арналған бірқатар түзету ұсынды, мазмұндық, тұжырымдамалық жағынан біршама жақсартты. Қорғаныс және Мәдениет министрліктерінің ардагерлік және сарбаз аналары ұйымдарымен, жастар ұйымдарымен әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығы нығайтылады.
Қорғаныс министрлігі жанында Әскери-патриоттық тәрбиелеу жөнінде үйлестіру кеңесі құрылады. Ол әскердің имиджіне қатысты мәселелерді де талқылап, оны түзетудің, арттырудың шешімін табады. Заңнамаға «ақпараттық-идеологиялық қорғаныс» ұғымы енгізілді. Қазіргі заманда қарсыластың ақпараттық-психологиялық арнайы операцияларынан қорғану, қысымына төтеп беру, өсіп келе жатқан жастарымызды деструктивті ақпараттан қорғау маңызды.
Қорыта айтқанда, атқарушы билік, заң шығарушы орган, әкімдіктер, қоғамдық ұйымдар күш біріктіріп, әскери-патриоттық тәрбиені күшейтуге өз үлесін қосып жатыр. Осының нәтижесінде ұлт үмітін ақтаған, ел сенімін бойтұмар қылып сақтаған, сатқындық жолына баспаған, сегіз қырлы, бір сырлы, өршіл де аршыл жас – отаншыл сардар мен сарбаз тәрбиеленіп, Қазақ елінің тірек-ұстынына айнала береді деген үміт бар.