Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Абай академиясының» 2024 жылы атқарған жұмыстарының есебі беріліп, болашақ бағдары таныстырылды. Сондай-ақ «Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» жобасы негізінде жарық көрген кітаптардың тұсаукесері өтті.
Ақынның әдеби мұрасын адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, мемлекет пен билік, тіл мен мәдениет бағыттары аясында жаңаша зерттеп, рухани кемел ұлт қалыптастырудың ұстыны ретінде хакім шығармашылығын жан-жақты насихаттауды мақсат еткен зерттеу орталығының басқосуына белгілі абайтанушы ғалымдар, сонымен қатар жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Салтанатты жиын университет ректоры, «Абай академиясы» жобасының ғылыми жетекшісі, академик Ерлан Сыдықовтың алғысөзімен ашылды. Әрі қарай жиын модераторы, академия басшысы Жандос Әубәкір абайтану саласының маңызды мәселелеріне тоқталып, зерттеу институтының осы күнге дейін жасаған жобаларының жалпы есебін баяндады.
«Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жүктелген Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылғаны мәлім. Осы уақыт аралығында, яғни 5 жылдың ішінде зерттеу орталығы арнайы сериялармен 90 ғылыми-танымдық кітап әзірлеп, жарыққа шығарды. Бұл саласындағы ауқымды жұмыстардың ерекшелігі мен көлемін байқатады», деді Ж. Әубәкір.
Осы тұста академия басшысы жобаны қаржыландыру деңгейінің төмендеуі себепті 2024 жылы бірқатар жұмыстың жүзеге аспай қалғанын да айтып өтті.
Хош, сонымен 2024 жылы арнаулы жоба негізінде 6 ғылыми-танымдық кітап әзірленіп, жарыққа шықты.
Біріншісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызының «Абай поэзиясы: Көркем антропология. Мотив және актант» атты еңбегі.
Екінші, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұлдың «Естеліктер: тұлға тұғыры» зерттеуі.
Үшінші, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Альмира Қалиеваның ғылыми-танымдық еңбегі – «Абай этнопоэтикасы».
Төртінші, Ләйлә М.Демесінованың Абайдың «Толық адам» ілімі және қоғамдық сананы жаңғырту» атты ғылыми-танымдық жұмысы.
Бесінші, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Лаура Оразғалиеваның «Абай сөзінің сыры» атты ғылыми-танымдық еңбегі.
Алтыншы, жарық көрген еңбек, филология ғылымдарының кандидаты Жандос Әубәкірдің «Абай мұрасы және тарихи өлке сыры» атты зерттеуі.
Кітап авторы Жанат Әскербекқызы өз кезігінде академия ұжымына алғысын білдіріп, оның құрылымдық жүйесіне қатысты өз пікірін білдірді.
«Германияның әйгілі Гете атындағы институты әлемнің екі жүзге тарта елінде өзінің серіктес мекемелерімен бірге ғаламдық желіні құрап отыр. Бұл зерттеу орталығының аясын кеңейтіп, оның басқару тетігін оңтайландырады. Біздің елдің де әр облысында Абай институттары бар. Солардың бәрі «Абай академиясы» арқылы орталықтандырылса, ақын мұрасының зерттелу ауқымы кеңейері сөзсіз», деді Ж. Әскербекқызы.
Келесі сөз алған кітап авторы Сағымбай Жұмағұл атқарылып жатқан жұмыстың ұлт руханиятына бағытталған ауқымды жоба екенін атап өтіп, абайтану пәнінің оқыту үдерісіне қатысты ойын жеткізді.
«Орыс жазушысы Константин Симонов «Кімде-кім Пушкинді оқымаса, ол Ресейді сүймейді» деген атақты мәлімдемесі бар. Ал Абай – қазақ халқының рухани құбыласы. Ол әдебиетшілердің ғана емес, тұтас ұлттың тұтынатын азығы болуы керек. Иран республикасындағы жоғарғы оқу орындарында барлық мамандық студенттері иран тарихы мен иран әдебиеті пәндерін оқуға міндеттелген. Асылында бұл бізге үлгі боларлық іс. Осы мәселені профессор Сейіт Қасқабасов бастап көтерген еді. Дәл қазіргі сәтте барлық факультетке Абайтану пәнін енгізе алмасақ та, гуманитарлы мамандықтарға енгізуге күш-жігерімізді жұмсауымыз керек», деді С. Жұмағұл.
Жиын соңында академия басшысы Ж. Әубәкір алдағы уақытта еліміздегі және шетелдегі «Абай» орталықтарымен біріккен шаралар ұйымдастырылатын, сондай-ақ әлемнің әр түкпіріндегі «Абай үйі» мәдени-іскерлік үйлерімен байланыс одан әрі жандана түсетінін айтты. Сонымен қатар «ABAI TV» арнасымен жасалған меморандумның негізінде Абайға қатысты тарихи жерлер туралы арнайы жоба даярланып, абайтанушы ғалымдардың телевизиялық дәрістерін елге тарату жобалары жаңа деңгейде жүзеге асырылатын болды.