Егер қазақтың музыкалық мәдениеті бір төбе болса, онда Мұқан Төлебаев – сол төбенің шыңы, аспанға ұмтылған күмбезі. Бұл есім қазақтың дәстүрлі музыкасын жаңа деңгейге көтеріп, оның болашаққа деген бағытын айқындаған композитор. Төлебаевтың шығармашылығындағы әр нота, әр әуен, әр дыбыс – қазақ музыкалық мұрасының дамуына қойылған сенімді іргетас еді.
Бүгінгі қазақтілді интернет кеңістігінен Мұқан Төлебаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы ақпаратты көп табасыз. Оның атақты «Кестелі орамал» мен «Тос мені, тос» әндері жайлы да дерек жетерлік. Қайталап жатудың керегі жоқ. Алайда композитордың даңқын асырған классикалық шығармашылығы жайлы мәлімет көп емес екен. Көпшілігі жалпылама. Сондықтан бүгін композитордың мерейін асырып, қазақтың кәсіби музыкасына өз есімін қазықтай қағуына себепкер болған әйгілі екі шығармасы жайлы сөз қозғамақпыз.
Қазақ музыкасының інжу-маржаны
Ғаламторға Мұқан Төлебаевтың шығармалары деп жазсаңыз, әуелі шығатыны «Біржан-Сара» операсы. Бұл туынды тек композитордың ең даңқты шығармасы емес, жалпы қазақтың классикалық музыкасының алтын қорына енді.
Деректерге қарасақ, бұл опера соғыс жылдары жазылған. Операның алғашқы қойылымы 1946 жылы 7 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті. Либреттосын (мәтінін) жазған Қ.Жұмалиев. Режиссері Қ.Жандарбеков, ал солистер (басты әншілер) А.Үмбетбаев, К.Байсейітова болды. Бұл музыка зерттеушілерінің пікірінше, соғыс жылдарынан кейінгі Қазақстанның музыка мәдениетіндегі өте маңызды оқиға болды.
Опера төрт көріністен (бөлімнен) құралған. Бұл жерде классикалық операға тән ариялар, дуэттер, сахналық көріністер, хор мен би бәрі де бар. Әр жанр бірін-бірі толықтырып, алмасып отырады.
Бұл операда композитордың өзі ойлап тапқан әуеннен бөлек, халық өнерпаздарының әндері мен күйлерін мейлінше еркін пайдаланған. Зерттеушілердің «опера жазар алдында М. Төлебаев халықтың музыкалық және поэтикалық шығармашылығын зерттеді. Ол өзінің туған жеріне барып, халық күйлері мен әндерін жазып алады» деген пікірі бар. Осы ретте операда пайдаланған әндер жайлы «Қазақтың музыкалық әдебиеті» (1920-1980) оқулығындағы опера жайлы талдаудың үзіндісін келтіруді жөн санадық. Оқулық авторлары – Ү. Жұмақова, Н. Кетегенова.
«Біржан-Сара» операсында Біржан салдың өз әндері көп кездеседі. Мысалы, «Айтбай» әнімен Біржан жәрмеңкеде ән салады. «Адасқақ» әнінің сарынында қос жұптың дуэті жазылған, жастармен кездескенде «Біржан сал» әні шырқалады. «Жанбота» әні болысқа өшпенділігін жеткізеді.
Сонымен бірге операда Жаяу Мұсаның «Хаулау», «Сұрша қыз», «Гауһар қыз», «Құлбай», Естайдың «Шолпан» мен «Сапар» әндерінің сарындары кездеседі дейді. Әндермен қатар күйлер де баршылық. Мысалы, Соқыр Есжанның күйі операдағы бір би көрінісіне түсіріліп, бүгінде аса танымал шығармаға айналды.
«Біржан-Сара» 1949 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің онкүндігі кезінде Үлкен театрда қойылды. Жалпы операның тағдыры «кейіпкерлерінің тағдыры тәрізді бақытты болады» (Ү. Жұмақова, Н. Кетегенова), премьерасынан бастап күні бүгінге дейін сахнадан түспей келе жатыр.
Алғашқы кантата
Соғыс аяқталғаннан кейін жаңа өмір басталады. Өнер атаулының жаңа түрлері де игеріліп, түрлі жаңашылдық пайда болады. Солардың бірі ретінде қазақ классикалық музыкалық өнерінде алғаш рет кантата жазылады. Кантатаның Мұқан Төлебаев жазып, оның атауын «Коммунизм таңы» деп атайды. Әуелі кантата деген не екенін түсіндіре кетейік.
Кантата – бұл көлемді вокалды-аспаптық шығарма, әдетте хор, жеке дауыстар және оркестр үшін жазылады. Операдан айырмашылығы көлемді сахналық қойылымды, театрлық көріністі қажет етпейді. Барлығы бір сахнаға жиналып, орындай береді.
Композиторлар: Құддыс Қожамияров, Борис Ерзакович, Евгений Брусиловский, Бақытжан Байқадамов, Мұқан Төлебаев
М. Төлебаевтың бұл шығармасы әуелде «Коммунизм оттары» деп аталса керек, кейіннен қосалқы сөзі ауыстырылған. Өкінішке қарай, ғаламторда кантата жазбасының бір ғана видеосы бар екен. Оның өзі сапасы аса көңілге қонымды емес.
Атақты әнші Бекен Жылысбаевтың кантатаның жазылуы жайлы естелігі бар. Естелік 2012 жылы композитордың 100 жылдығына арналған «Қазақ музыкасының бәйтерегі» атты жинақта жарық көрген.
Бірде Бекен Жылысбаев композитормен кездесіп қалады. Мұқан Төлебаев бір көлемді шығарма жазып және оған әнші іздеп жүргенін айтады. Бірнеше сұрақ қойып, қолына нота жазылған парақты ұстатып, «мынаны айтып жіберші» дейді.
– Мұқа, бұл Исаның желдірмесі желісінен алынған ғой, дедім де, әнді айта жөнелдім.
Мұқан аға ақын мінезді кісі еді ғой. Сондағы оның қуанышын айтсаңшы. Қозғалақтап орнында отыра алмай ұшып тұрды да, шағын бөлмені арлы-берлі кезгіштеп кетті. Мен әнді аяқтар-аяқтамастан қапсыра құшақтап алып, «Орындаушымды таптым, таптым әншіні» деп мәз болып жүр. Аяқасты композитордың ойлаған жерінен шыққаныма іштей мен де қуанып қалдым. Сол күннен бастап, Мұқан екеуіміз кантатаны дайындауға кірісіп кеттік.
Кантатаны 1951 жылы 20 қазанда Абай атындағы опера және балет театрында 500 адамнан құралған хор, құрамында 100-ден астам орындаушы бар оркестр және жеке солист ретінде Бекен Жылысбаев алғаш рет сахнада орындады. Көп ұзамай М. Төлебаев бұл шығармасы үшін Абай мемлекеттік сыйлығын алады.
Мұқан Төлебаевтың шығармашылығы – қазақ музыка өнеріндегі алтын арқау. Оның «Біржан-Сара» операсы мен «Коммунизм таңы» кантатасы – ұлттық мәдениеттің биік шыңы, кәсіби музыканың қалыптасуындағы маңызды белестер. Ол халық әндері мен күйлерін шебер пайдаланып, қазақ классикалық музыкасына жаңа тыныс әкелді. Бүгінде композитордың шығармалары қазақ өнерінің символына айналды.
Бұған дейін «Қыз Жібек» операсындағы «Гәкку» әні туралы жазған болатынбыз.
Рүстем НҮРКЕНОВ, музыка зерттеушісі