Ақсайлық кәсіпкер Дәуренбек Сахымның басына бұлт үйіріліп, әділдік іздеп жүргеніне бір мүшел айналып барады. Бір қызығы, 2013 жылы «зиянды қалдық төгіп, табиғатты ластады» деп айып тағылған азамат – бүгінде өңірдегі ең белсенді экологтің бірі.
Дәуренбек Қалапбергенұлы 2008–2015 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында өндірістік, тұрмыстық қалдықты залалсыздандырумен айналысып жүрген кәсіпкер еді. 2010 жылы «Грин Ақсай» ЖШС-ны құрды. 2011–2015 жылдар аралығында бұл мекемеде 90 адам қызмет етіп, қазынаға 70 млн теңгеден артық салық құйыпты. Кәсіпкер бірте-бірте бойын тіктеп, Орал қаласында бұған дейін болмаған қоқысты іріктеп өңдеу ісіне кіріскен еді. Әсіресе Қарашығанақ кенішіндегі шетелдік компаниялармен арада тиімді келісімшарттар жасала бастаған.
Бәрі 2013 жылдың мамыр айында басталды. Сол кезде кәсіпкерге «зиянды қалдықтарды төгіп, табиғатты ластады» деген жала жабылып, қылмыстық іс қозғалды. Абырой болғанда, сол кездегі табиғат қорғау прокуроры Ербол Кувашев пен тергеуші Айгүл Әлекешева істі тексере келіп, кәсіпкердің кінәсіздігіне көз жеткізді. Алғашқы іс «қылмыстық негізі жоқ» деген тұжырыммен қысқартылды. Батыс Қазақстан облыстық экология департаменті шағымды тексеріп, «Грин Ақсай» ЖШС тарапынан экологиялық заңдылықтар бұзылмағанын анықтады. Ол жөнінде 2013 жылғы 26 шілдеде №7-7-17-13/1 акт те жасалды.
Алайда қуануға ерте екен. 2014 жылы қазан айында, яғни арада бір жыл өткенде қылмыстық іс қайта көтерілді. «Грин Ақсай» мекемесінің кеңсесіне бір күнде төтенше тексеріс келіп, бүкіл құжат тәркіленді. Кәсіпкердің үстінен бірден 47 қылмыстық іс көтерілген.
«Соның алдында ғана біздің мекеме Ақсай қаласында қалдықтарды өңдеу және залалсыздандыру бойынша тендерде жеңіске жетіп, 47 шетелдік және отандық белді компаниямен жалпы көлемі 3 млрд теңгенің келісімшартына қол қойған едік. Жұмысы жолға қойылған, табысты бизнеске «Ескі Қазақстандағы» дөкейлердің бірінің көзі түссе керек», дейді Д.Сахым.
Сол күннен бері кәсіпкердің басына бұлт үйіріліп, он жылдан аса сергелдең басталды. Арада жылға жуық тергеп-тексеруден кейін жоғарыдағы қылмыстық істер біріктіріліп, 4 іс сотқа жетті. Кәсіпкер өзіне тағылған айыптардың барлығы да негізсіз екенін барынша дәлелдеп күрескенімен, нәтиже болмады.
Өзінің айтуынша, кәсіпкерге тағылған айыптар жартыкеш, қисынсыз. Мысалы, алғашқы іс бойынша ЖШС директоры Дәуренбек Сахым мен орынбасары Ержан Бахтияр «Қазбургаз» компаниясынан алынған қалдықты белгісіз жерге апарып тастап кетті» деп айыпталып, Қылмыстық Кодекстің 325-бабының 1-тармағымен сотталған. Азаматтық тәртіпте 159 млн теңге залал мойнына қойылыпты. Ең қызығы, «төгілген қалдық» табылмаған дейді.
Екінші қылмыстық іс «Сибу» және «Секва Петролеум» компанияларынан алынған қалдыққа» қатысты еді. Ол да табылмады. Бірақ кәсіпкердің мойнына 105 млн теңге залал «мінді».
Үшінші қылмыстық іс «Халлибертон», «Бейкер Хьюз» және «Шлюмберже» компанияларынан алынған қалдықты белгісіз жерге тастап, табиғатқа залал келтіру», оның шығыны 27 млн теңге болды.
Төртінші қылмыстық іс «Сандрилинг» компаниясынан алынған қалдықты белгісіз жерге тастау» – бұл қылмыстық іс ЖШС-нің кейінгі басшылары Нұртас Отарғазиев пен Айсұлтан Қабиевтің үстінен қозғалды. «Айыпкерлер» сот шешімімен 4 жыл шартты жаза алып, табиғатқа келтірген 88 млн теңге зардапты өтеуге тиіс болды.
Кәсіпкерді үсті-үстіне кінәлі қылған сот процесі Батыс Қазақстан облысында 2018 жылға дейін созылды. Жергілікті деңгейде әділдік таба алмаған Дәуренбек Сахым 2020 жылдан бастап елорданың түрлі жоғары мәртебелі мекемелерінің табалдырығын тоздырды.
«2020 жылы елімізде «Әділетті Қазақстан» деген ұғым пайда болды. Осыған орай үмітім оянып, арыз-шағым жазып, түрлі лауазым иелерінің алдына барып, араша сұраумен болдым. Әсіресе 2023 жылы өткен Мәжіліс депутаттары сайлауынан кейін жаңа леп сезілді. Мәжіліске Батыс Қазақстан облысынан сайланған депутат Абзал Құспан мен Снежанна Имашева ханымның алдына 7 рет бардым. Осы депутаттардың араласуымен мені Бас прокурор Берік Асылов мырза қабылдады. Сөйтіп, Бас прокуратура маған қатысты 3 қылмыстық іске наразылық келтірді», дейді кәсіпкер.
Содан соң бұл істер Жоғарғы сотта қаралды. Назгүл Рахметуллина және 2 судья аталған қылмыстық істерді қарап, 1-ші және 3-қылмыстық істі бұзып, Батыс Қазақстан облыстық сотына қайта қарауға жіберді. Қазіргі таңда 12 жыл дегенде бұзылған 2 қылмыстық іс БҚО соттарында қайта қаралып жатыр.
Бір қызығы, кәсіпкердің айтуынша, оны кінәлі қылған алғашқы сот шешімінде «Сырым Тілегенов» деген адам қол қойған ерекше «құжат» ерекше назар аудартады. «Уточненный расчет ущерба с учетом приговора Бурлинского районного суда ЗКО» (БҚО Бөрлі аудандық сотының үкімін есепке алғанда нақтыланған зардап көлемі») деген «құжат» экология департаментінің фирмалық парағына басылмаған. Не тіркеу нөмірі, не датасы, не мөрі жоқ. Әншейін принтерден шығара салған қағаз деуге болады. Әрі түпнұсқа емес, ксерокөшірме екен. Бірақ осы «есеп» бойынша кәсіпкердің мойнына «табиғатқа келтірген 154 753 477 теңге» салынып отыр» дейді ол.
Одан бөлек, ҚР аға мемлекеттік экологиялық инспекторы Н.Садықовтың біз сөз етіп отырған қылмыстық істерге байланысты 2024 жылы 16 қазанда жасаған қорытындысы бар. Аға инспектор «қолданыстағы экологиялық заңдылықтарға сәйкес, қазіргі таңда тағылған айып бойынша қауіпті химиялық заттарды тасымалдау, көму және басқа да әрекеттер негізінде қоршаған ортаға келтірілген зардап мөлшерін анықтау мүмкін емес» деп тұжырым жасаған.
2024 жылы 24 мамырда Бас прокурор Берік Асылов қол қойған №2-011203-24-41188 нөмірлі Наразылық (Протест) қағазында да кәсіпкер Дәуренбек Сахымға шығарылған сот шешімдері жан-жақты, толық және әділетті болмағаны айтылған. Соның ішінде кәсіпкер тарапынан табиғатқа келтірілген зардап мөлшері анықталмаған, яғни айып дәлелін таппаған, сот материалдарына қоса тігілген БҚО Экология департаментінің «хатының» заңдық күші болмаған. Қоршаған ортаға келтірілді деп отырған зардап мөлшері анықталмаған.
Қазір Батыс Қазақстан облыстық сотында кәсіпкер Дәуренбек Сахымға қатысты екі сот шешімі қайта тергеліп, қаралып жатыр. Он екіжылдан бері әділетсіз сот шешімдерінен жапа шеккен, мойнына миллиондаған теңге зардап іліп, табысты кәсібінен айырылған кәсіпкер заң органдарынан әділет күтеді.
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»