Дәрі-дәрмек өндірісі экономиканың бір бағыты ғана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін коронавирус пандемиясы кезінде тіпті терең түсінгендей болдық. Ел медицинасының жай-күйі сыналғанда әдетте дәріхана сөресінен түспейтін қарапайым препараттарға тапшылық байқалып, әбігерге түстік. Сол тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін атап айтты.
«Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім. 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажет», деді Мемлекет басшысы. Содан бері де елімізде шетелдің ірі өндірушілері бірнеше мәрте бас қосып, келісім жасалды. Фармацевтикада әлемде үздік саналатын компаниялар зауыт құрылысын бастады. Мақсатқа жету жолында жаһандық фармацевтика корпорацияларымен ынтымақтастықты жандандырып, инвестиция тарту керек болды. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілермен жасалатын оффтейк келісімшарттардың көлемін арттырып, өнім түрін көбейту сынды жұмыстар қажет.
Денсаулық сақтау министрлігі 2029 жылға дейінгі жол картасын әзірледі. Құжатта сатып алу үдерістерін, бағаны реттеу, цифрландыру, шетелдік инвестиция тарту сынды міндеттер қамтылған. Бұл фармацевтикалық кәсіпорындардың дамуын жеделдетуге, кадрлық әлеуеттің сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашып, озық технологияларды енгізуге негіз болады. Ең бастысы, 2029 жылға қарай жергілікті өндірістің үлесін 50%-ға жеткізуге мүмкіндік туады.
Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында да фармацевтика өндірісін мықтап жолға қоюды тапсырды. «Басқа да бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру керек. Соның ішінде фармацевтика өнеркәсібін дамытуға баса мән берген жөн. Өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту – стратегиялық міндет. Бұған әсіресе пандемия кезінде әбден көзіміз жетті», деді.
Фармацевтикада «Big pharma» деген ұғым бар. Бұл – жаһандық фармацевтика алпауыттарының бейресми атауы. Бізге керегі – сол компаниялармен тығыз байланыс орнатып, озық тәжірибесін алу. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған деректерге назар аударсақ, келісімшарт негізіндегі өндіріс жобалары жөнінде Оңтүстік Корея, Түркия, Германия, Жапония инвесторларымен берік қарым-қатынас орнаған. Осындай бірлескен жобалар көбейсе, оның барлығы отандық фармацевтика нарығына оң ықпал ететіні анық. Бұдан өзге, саладағы кәсіпкерлер ел үкіметі ұсынған жеңілдіктерді толық пайдалана алады. Бүгінде фармацевтика өнеркәсібін дамытуға қатысты 5 жылдық жаңа бағдарлама әзірленген.
Бізге фармацевтикалық өнімдерін экспорттайтын елдердің алдында Германия, Швейцария, АҚШ, Үндістан, Түркия секілді мемлекеттер тұр. Экономикасы, өндірісі қуатты, фармацевтикасы дұрыс жолға қойылған елдерден үнемі дәрі-дәрмек тасып отыратын болсақ, келешекте соның зардабын көруіміз әбден мүмкін. Біріншіден, өндіруші шетелде болған соң, валюта бағамы, логистика дәрі-дәрмек бағасына тікелей әсер етеді. Оны реттеуге біздің шамамыз келмейді, қойған бағаға сатып алудан басқа амал жоқ. Ең қиыны, сол дәлізде қандай да бір геосаяси шиеленістер туындап, салдарынан логистика үзілсе, елдегі дәріхана сөрелерінен аса қажет дәрі-дәрмектің өзін таппай қалуымыз мүмкін.
Жыл өткен сайын дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттап барады. Сол себепті, қазір дәріхана сөрелерінен қымбат дәрі-дәрмектің арзан баламаларын жиі кезіктіретін болдық. Мұндай дәрілерді фармацевтикада дженериктер деп атайды. Мамандар дженериктің жасанды көшірме емес екенін ескеріп, сапасына алаңдауға негіз жоқ деп санайды. Сондықтан шетелдерде тиімділігін көрсетіп жатқан дәрі-дәрмектерді бізде осы әдіспен өндіруге болады. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов: «Біздегі өндірістердің барлығы дженериктерге байланысты екенін мойындауымыз керек. Ол «оригинал» дәрі-дәрмек емес. Біз «оригинал» дәрі-дәрмектің патенттік қорғанысы болғанша, оған дженерик шығара алмаймыз. Бұл мәселе Польшада да бар. Бұл елдің тәжірибесі бізге әжептәуір пайдасын тигізіп отыр. Дәрі-дәрмек қауіпсіздігіне қатысты нақты бастамалар қолға алынып жатыр. Сонымен қатар «СҚ-Фармация» арқылы отандық өндірушілерге басымдық беретін мемлекеттік сатып алу жүйесі жұмыс істеп тұр. Әрі шетелдік инвесторлармен «инвестициялық келісімдер» аясында кедергілердің бәрін жою тетігі де жолға қойылған. Фармацевтика қауіпсіздігі – мемлекеттің, экономика, медицина, құқық жүйесінің айнасы. Еліміз қазір осы саланы қайта қарап, нақты қадамдар жасап жатыр. Алайда ұзақмерзімді тұрақтылық орнасын десек, мемлекет, бизнес, сарапшылар өзара байланыста ғана емес, бір топ болып, жұмыла әрекет етуі керек», дейді.
Отандық фармацевтика өндірісін дамытудағы негізгі мақсат – дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыру. Жуырда Денсаулық сақтау министрлігі «Химфарм» АҚ, «Johnson & Johnson Kazakhstan» ЖШС, «АстраЗенека Қазақстан» ЖШС сияқты жетекші фармацевтикалық компаниялармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Келісімдер бірқатар қымбат, әлеуметтік маңызы бар препараттың бағасын төмендетуге бағытталған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова былай деді: «Жетекші отандық, шетелдік фармацевтикалық компаниялармен меморандумдар жасасу сындарлы өзара іс-қимыл мен әлеуметтік жауапкершілікке жалпы дайындығымызды көрсетеді. Мұндай бастамалар фармацевтикалық нарықтағы тұрақтылықты нығайтуға, пациенттердің қазіргі заманғы препараттарға қолжетімділігін кеңейтуге, сондай-ақ инвестициялық ахуалды дамытуға, өндірісті оқшаулауға ықпал етеді».
Келісім шеңберінде «АстраЗенека» бөлшек және көтерме саудада өткізуге бірқатар өмірлік маңызды препараттың бағасын төмендетуді жоспарлап отыр. «Johnson & Johnson» компаниясымен меморандум шеңберінде жұлынның бұлшықет атрофиясын – сирек кездесетін, бірақ прогрессивті, өмірге қауіп төндіретін ауруды емдеуге қолданылатын Спинраза (Нусинерсен) препаратының баға саясатын қайта қарау туралы келісімге қол жеткен. Тағы бір маңызды қадам «Химфарм» АҚ-мен меморандум арқасында компания ІІ типті қант диабетін емдеуге қолданылатын Дапаглифлозин препаратының сатып алу бағасын төмендетуге дайын екенін растады.
Осыған дейін 2024–2025 жылдары фармацевтика саласында жүргізілген екі аудиттің қорытындысы жарияланған еді. Соған сүйенсек, елдегі фармацевтика нарығының көлемі былтыр 1,2 трлн теңгені құраса, оның 84%-ы – шетелдік өнім. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, кейінгі жылдары отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмек ассортименті 2 есеге дейін қысқарған. Отандық өндірушілер жеңіл медициналық бұйымдардың ғана үлесін арттырған. Сол секілді былтыр мемлекетке 8 млрд теңгеге медициналық қолғап жеткізген жеке компания қолғаптарының көлемі мен сипаттамалары компанияның сол кезеңде Таиландтан сатып алған партиясымен сәйкес келгені жария болған еді.
Қорыта келгенде, саланың дамуына кедергі болып отырған осындай қайшылықтарды мониторинг арқылы дер кезінде анықтап, реттемесе болмайды. Өйткені Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай фармацевтика нарығында отандық өндірістің үлесін 50%-ға жеткізу қажет деген тапсырмасы жалған статистикалардың артында қалып кетпеуге тиіс. Егер жоспар уақтылы орындалса, көп ұзамай импортқа тәуелділік азаяды. Ондай оң өзгеріс фармацевтика нарығына, дәрі-дәрмек қауіпсіздігіне, бағасына әсер етеді.
Сәндібек Асанәлі