«Совет өкіметі тұсында қазақ тарихы бұрмаланып, теріс түсінік берілді» деген сөз жиі айтылады қазір. Басылым беттерінде болсын, тарихқа қатысты бас қосқан жиындарда болсын. Жалғаны жоқ, анық еді. Куәміз, 70-жылдардағы қазақ тарихы оқулығының қалыңдығы пышақтың қырындай ғана-тын. Оның өзі мардымды оқытылмады. Бұл шежіреміздің отар кездегі күйі еді…
Ал қазіргі тарихымыз бұрынғыдан да бетер сорақы жағдайға түсті. Білім мен ғылымға көңіл бөлудің орнына бүгінгі қазақ ру-тайпа ұймасынан шыға алмай жүр. Осы күні әркім өз аталасының немесе бабасының би болғанын, жырау не батыр болғанын жандарынан шығарған күмәнді деректерімен үздіксіз насихаттап, кейін оған сан миллиондаған қаржы шашып, кітап шығару, ас беріп, кесене, ескерткіш орнату сықылды т.б. берекесіз істің соңына түскен. Ең сорақысы – ойдан құралған сол жалған тарихтар, тұлғалар мектеп оқулықтарына да енгізілді. Өтірік балалардың санасын улады.
Өкінішке қарай, жағымсыз бұл әрекеттерге ауыз бірлік танытып, қарсы тұрар қазақ көрінбейді әзірге. Керісінше, бірен-саран сын айтқандарды құдіреті жетсе алты қырдан асырып, қуып тастағысы-ақ келеді.
Тарихымыздың бұрмалануы – тек отарлық саясатқа байланысты емес-ті. Халық ілтипатына іліккен, зор құрметіне бөленген тұлғалардың да кейбір жаңсақ пайымдары, қате түсініктері де себеп болды.
Айтпағымыз, тарих трайбалистердің немесе атағы зорлардың басыбайлы меншігі емес. Олар қалай айтса, қалай жазса, солай қабылдануы керек деген. Ақиқатты бұлай кіріптар қылу – адамдық қасиетті жоғалту, екіжүзділік. Кейінгілерге теріс өнеге.
Ел назарына ұсынбақ пікіріміз «XVIII ғасырдың бірінші жартысында болды» делінетін Бұланты (Білеуті), Аңырақай шайқастарына қатысты орын алған бұрмалаушылықтар, қисынсыз жайттар жайында.
ДИВАЕВ ЖЕТКІЗГЕН АҢЫЗДЫҢ МАЗМҰНЫ
Бұланты (Білеуті), Аңырақай шайқастары турасындағы «көзге жас келтіріп», «жан тебірентіп» айтылатын осы күнгі түрлі хикаяларға этнограф Ә. Диваевтың ел аузынан жазып алған, кейін «Перовскій уездъ – зданіе Кокъ-Кесене» деген тақырыппен жария болған шағын аңызы негіз етілген.
Бұл ел әңгімесінің шығу тарихына себеп болған жайт дереккөзде былай деп таңбаланған: «Зданіе Кокъ-кесене. Сведенія о надгробномъ мавзолев «Кок-кесене» имется в Протоколахъ Туркест. Кружка за 1899-1900 г. стр. 12 ст. В. Каллаура. Этот памятникъ находится въ 5 в. къ северу от ст. Тюмень-Арыкъ, Перовскаго уезда и въ 8 верстахъ къ югу Саганака (Сунакъ-Ата)… Несколько леть спустя А. Диваевъ, заинтересованный статей В.А. Каллаура о «Развалинихъ мавзолея Кокъ-Кесене», написал следущія, помещ. въ Прилож. къ. Проток. Турк. Кр. люб. арх. за 1905 стр. 40-42» (Қараңыз: Древности Киргизской степи и Оренбургскаго края. Составилъ И.А. Кастенье. Типо-лит. Т-ва «Каримовъ, Хусиновъ и «К-о» въ Оренбурге. 1910. Стр. 187-188).
Сыр бойы қазақтарының айтуымен қағазға түзілген аңыздың мазмұны мынадай: Ақкесене және Көккесене өңірлерін үш жүз жылдан астам бұрын Уса мен Зирен деген қалмақтар билеген екен. Олар Сырдарияның сағасы мен Қарықтыдан (Арал теңізі) төмен, Сары Үйшік пен Үйшік маңына қоныстаныпты. Аңыз әңгімелерге қарағанда, ол кезде қазақтардың көпшілігі қалмақтарға бағынып тұрған. Аз ғана бөлігі бұдан төменірек, Кіші жүз қазақтарының арасын мекендеген. Олар Адай, Беріш және Аспан-Бозғұл болып бөлінген, басшысы Тайлақ деген батыр екен. Одан соң Ошақты руының қазақтары Перовск уезін, Ұлытауды, Кішітауды мекендеген.
Ошақтының Тасжүрек бөлімінен шыққан Саңрық деген батыр бопты, Тайлақ батырға шешесі жағынан туыс екен.
Саңрық отыз бес жасында Тайлақтан шақырту алып, кеңеске қатысады, онда қалмақтардан құтылу мәселесі сөз болады.
Кеңестің ұйғарымымен Тайлақ пен Саңрық қасына лайықты, қайсар адамдарды жинап, қалмаққа қарсы аттанады. Соғыс үш жылға созылып, ақырында қалмақтар Білеуті-Бұлантыға қарай қашады. Қазақтар Қарасиыр деген жерде жеңіске жетеді. Осы себептен «Қалмақ қырылған» аталып кеткен.
Одан әрі аңыздың айтуынша, жаудың Қарасиырда жеңілгені туралы хабар үш Алаштың ұлына жетеді. Осыдан кейін бүкіл қазақ бірігіп, қалмақтарды қуып шығуға бел буады. Түркістанды босатқанға шейін шайқас тағы да үш-төрт жылға созылған.
Осы екінші кезектегі соғыста қалмақтар Итішпес көлінде және Итішпестің Алакөл жағында, Арал теңізінің солтүстігіндегі тауларда толық жеңіліс табады. Шайқастың соңғы болған жері «Аңырақай» деп аталған» (Қараңыз: Древности Киргизской степи и Оренбургскаго края. Составилъ И.А. Кастенье. Типо-лит. Т-ва «Каримовъ, Хусиновъ и «К-о» въ Оренбурге. 1910. Стр. 188-189).
Куә боп отырмыз, Ә. Диваевтың Сыр бойында ел аузынан жазып алған «Қалмақ қырылған», «Аңырақай» атауларын иеленген жерлерге байланысты аңыз әңгімесінде есімдері аталатын батырлар – Саңрық пен Тайлақ қана. Рулардан – Ошақты, Адай, Беріш, Аспан мен Бозғұл.
М. ТЫНЫШПАЕВТЫҢ ПАЙЫМДАРЫ МЕН ЖОРАМАЛДАРЫ ХАҚЫНДА
Бұланты (Білеуті), Аңырақай шайқастары жайлы мәліметтер ұсынып, өз болжамдарын баяндап кеткен тұлғаның тағы бірі – қазақтың ардагер ұлы, теміржол инженері М. Тынышпаев (1879-1937). Ол 1927 жылы жазған «Актабан-Шубырынды. Великие бедстия и великие победы казаков» аталатын мақаласында Бұланты (Білеуті), Аңырақай шайқастары жайлы айтпақ ойына А. Диваевтың ел аузынан естіген жаңағы Көк кесене жайындағы аңызын тірек қылған.
М. Тынышпаев бүй дейді: «Предание об анракайских победах сохранилос и у казаков Пишпекского и Алматинского уездов; но Анракай находится не там, где указывает А. Диваев, а в 120 верстах на юго-восток от южной оконечности оз. Балхаш, известной у казаков под именем «Ит-ишпес Алакуль» (Озеро Ала-Куль, воду которого не станет пить даже собака, т.е Сункайты (на карте речка «Суу-қайтын»), Аксуексай (лог «Белый коста») и известная гора Хан-тау; на этих горах находятся урочища «Улькен Орда конган» и «Киши Орда конган» (место стоянки, или ставки Старшего хана и Младшего хана).
Других преданий, касающихся этого периода, у нас нет. Но тут на помощ идет географи с характерными названиями урочищ. У кочевников, особенно у казаков и киргизов, есть прекрасная черта – давать урочищим названи по крупным событиям, когда-либо там совершившимся. Первым таким пунктом является неболшая горка «Ордабасы» (на карте искаженная в «Урба-бас») в 5 верстах от ст. Бадам и в 30 верстах на запад от Чимкента. …Дальней след прохождения на восток казахских войск мы видим в названии лога Абуль-хайр, против пос. Подгорное» (Қараңыз: Тынышпаев М. Великие бедствие… (Актабан-Шубырынды). – Алма-Ата: Жалын,1991. Стр. 144-146).
Ә. Диваев жеткізген аңыз әңгімені Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жер-су атауларымен осылай тоғыстырып, толықтырған.
Бірақ М. Тынышпаев айтып кеткен пікірлердің шүбәлі тұстары да баршылық. Солардың түбін індетіп, ақиқатына жетейік.
Бір де бір дереккөзде ұшыраспайтын «Бұланты шайқасы 1726 жылы болды» деген мәліметті алғаш ұсынушы – М. Тынышпаев екен. Қолындағы еңбектерде баяндалған жайттарды, жер-су атауларына байланысты туған ойларын қорыта келіп, мынадай жорамалға келген: «Таким образом, можно считать установленными, что первые победные наступления казаков относятся к 1726 году или немного позже (1727 год)…» (Қараңыз: Тынышпаев М. Великие бедствие… (Актабан-Шубырынды). – Алма-Ата: Жалын,1991. Стр. 149).
Міне, тікелей куә боп отырмыз, аңыз әңгімедегі Бұланты (Білеуті) өзені бойында, Аңырақайда болды делінетін шайқастардың мерзімі нақты айғақтар бойынша негізделмеген, М. Тынышпаевтың «Таким образом, можно считать установленными…» деген сөзі ұсынып отырған бұл мәліметінің анық емес екенін толық дәлелдеп тұр. Ол «Великие бедствие…» атты еңбегінде «Ақтабан шұбырындыны» «1723 жылы болды» деп тұжырымдаған. Осы пікірін аңыздағы «соғыс үш жылға созылды» деген сөзге негіз етіп, өз шамалауымен жорамал жасаған. Тәптіштеп айтсақ, 1723 жылға үш жылды қосып, «Бұланты шайқасы 1726 жылы өткен» деген деректі ұсынған.
Ақиқатында анық мәліметтер жоңғар шапқыншылығы мерзімі турасында М. Тынышпаев айтқан болжамды жоққа шығарады. Кейінгі тарихшылар оның жаңсақ пайымына сүйеніп, адасып жүр. Бұл жайындағы дәлелдерімізді басылым бетіне жариялаған ек (Қараңыз: Кәртен Б. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы 1723 жылы емес, 1722 жылы болған.// Республикалық «Түркістан» газеті, №42 (1522), 20 қазан, 2023 жыл).
Енді екіншісіне көшейік. «Бұланты (Білеуті), Аңырақай шайқастарында үш жүздің біріккен әскеріне Әбілқайыр басқолбасшы болды» делінетін дерек те М. Тынышпаевтың жазбасынан басқа ешбір құжатта кездеспейді. Былай дейді Мұхамеджан атамыз бұл жөнінде: «В освободительной войне 1725-1726 годов алчыны сыграли выдающуюся роль; это видно из того, что главнокомандующим всеми киргизскими силами был избран их хан, престарелый Абулхаир (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Тынышпаев М. Великие бедствие… (Актабан-Шубырынды). – Алма-Ата: Жалын, 1991. Стр. 37).
М. Тынышпаев бұл тұжырымын поручик Я. Гавердовскиийдің «Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской в 1803-м и 1804-м гг.» атты еңбегіндегі 1710 жылы өткен Қарақұм жиыны жайындағы деректен «По окончании присяги совершалось общее богомоление, и разделено было жертвенное брашно, приготовленного из белого коня. …Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии ханской, а Буканбая благодарный народ провозгласил своим предводителем» деген жолдарды А. Левшиннің бөліп алып, «Хан Абульхайр избран главным предводителем, и белый конь, принесенный по обычаю народному в жертву, был принят залогом будущего успеха» (астын сыздық.-Б.К.) деп өзгертіп, басқа бір деректерге еш себепсіз бұрмалап жалғаған бір ауыз сөзіне сүйеніп жасаған (Қараңыз: Левшин А. И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей (под общей редакцией академика М. К. Козыбаева). – Алматы, «Санат», 1996. Стр. 167-168).
Бұрында да айтқан ек. Бейхабар қалған қарындас болса біле жүрсін, сол пікірімізді қайыра ұсынайық.
А. Левшин өзінің үш томдығында Ресей империясының архивінде сақтаулы тұрған, өзінен бұрынғы «Книга Большему чертежу или древняя карта» (1627) аталатын еңбектегі, сондай-ақ, Унковскийдің (1722-1724), Палластың (1768-1774), Рычковтың (1771), Гавердовскийдің (1803-1804), Мейендорфтың (1820-1821), тағы басқалардың жазбаларындағы деректерді емін-еркін пайдаланған. Соларды мазмұндап шыққан. Бұл – аталған адамдардың кітаптарын А. Левшин түзген томдармен бастан аяқ салыстырып, мұқият сүзіп шыққанда көз жеткізген бұлтартпас шындық.
Vostlit.info сайтында жарияланған «Рукописное наследие поручика Я. П. Гавердовского по истории, географии и этнографии Казахской степи» атты мақаласында И. Ерофеева да ап-анық қып былай деп айтқан:«Несмотря на то, что его монография не была опубликована, благодаря изданию Г. И. Спасским небольших отрывков из нее в журнале «Сибирский вестник» она стала известна в 20-х гг. XIX в. (ч. 3. Спб., 1823., с. 43-60) крупному российскому исследователю истории и этнографии казахов А. И. Левшину (1797-1879), который основательно использовал оригинальные материалы Я. П. Гавердовского во многих разделах своего трехтомного труда «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей» (ч. 1-3. Спб., 1823.), но согласно еще неизжитой тогда архаичной традиции в российской историографии – без конкретных ссылок на авторство своего полузабытого предшественника» (астын сыздық.-Б.К.).
Сонымен «Бұланты (Білеуті) мен Аңырақай шайқасында үш жүздің біріккен әскеріне Әбілқайыр басқолбасшы болды» делінетін дәйексіз дерекке әуелі негіз болған – жоғарыда біз ашып көрсеткен А. Левшиннің бұрмалаған сөзі.
Күмәнді үшінші жайтты баяндайық. Әлгіндегі «В освободительной войне 1725-1726 годов алчыны сыграли выдающуюся роль; это видно из того, что главнокомандующим всеми киргизскими силами был избран их хан, престарелый Абулхаир» деген пікірінен кейін М. Тынышпаев сөзін былай деп жалғастырған: «Но в разгар победоносного шествия в сердце Джунгарии киргизские ханы рассорились до того, что Абулхаир во главе своей Младшей Орды и Самеке с кыпчаками, найманами и частью аргынов ушли к русской границе и там приняли русское подданство» (Қараңыз: Тынышпаев М. Великие бедствие… (Актабан-Шубырынды). – Алма-Ата: Жалын, 1991. Стр. 37).
Мұнан соң бұның себебін ол бүй деп көрсетеді: «…что после анракайской победы Болат-хан умер (астын сыздық.-Б.К.) и на его место надлежал выбрать Старшего Хана. Претенденов было три: первый – хан Младшей Орды Абул-хайр… второй – брат Болата Шахмухамед (Самке), …третий – сын Болата, молодой Абульмамбет. Выбор, по-видимому, не абсолютного большинста пал на Абульмамбета. Такой обиды не мог стерпеть старик Абуль-хайр…» (Қараңыз: Тынышпаев М. Великие бедствие… (Актабан-Шубырынды). – Алма-Ата: Жалын, 1991. Стр. 148).
Кейінгі жазушылардың, қазақ тарихшыларының «Өркөкірек Әбілқайыр хандық таққа таласып, қолдау таппағасын соғысты жалғастырмай өкпелеп кетіп қалды» деп бірінен бірі көшіріп ап, кінәлап, қаралап, жалаулатып жүргендері де – М. Тынышпаевтың осы сөзі.
Еске сала кетейік, Әбілқайыр ханның туған жылы бір мәліметте «1680» деп көрсетілсе, басқа бір деректе «1693» делінген. Олай болса, М. Тынышпаевтың «…что главнокомандующим всеми киргизскими силами был избран их хан, престарелый Абулхаир», «Такой обиды не мог стерпеть старик Абуль-хайр…» деп отырған Әбілқайыры 1726 жылы 33 не 46 жаста. Анығы бұл кезде ол қарт кісі емес.
А. Левшин кітабына Болат ханның ата тегін таратқан шежірені енгізіп, бүй деген: «О Пулата, сын Тявки-хана и отце Абульмагамета, показанным в таблице, не могли мы собрать никаких сведений, вероятно, потому, что он ничем себя не прославил» (Қараңыз: Левшин А. И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей (под общей редакцией академика М. К. Козыбаева). – Алматы, «Санат», 1996. Стр. 165).
Өзінен бұрынғы саяхатшылардың, Қазақ ордасына жасалған экспедициялардың қағазға түсірген жазбаларымен жақсы таныс, архив құжаттарымен жұмыс істеген А. Левшин осылай деп отырғанда сонда М. Тынышпаев Болат ханның Аңырақай шайқасынан кейін өлгені, оның орнына талас болғаны жайлы жаңағы өзі айтқан мәліметтерді қайдан алған?!
Левшиннің жоғарыда сілтеме жасалынған «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей» атты кітабы 1996 жылы қайта жарық көрген. Осы нұсқасында: «Болат (Пулат), хан Среднего жуза (ок. 1718-1923), сын хана Тауке», – делінген. Бұл Тынышпаевтың мәліметіне қайшы боп тұр (Қараңыз: Левшин А. И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей (под общей редакцией академика М. К. Козыбаева). – Алматы, «Санат», 1996. Стр. 601). Айта кетейік, түсініктемелері мен есімдер көрсеткішін жазғандардың бірі – әлгі Ерофеева екен.
Айтпағымыз, бұның да нақты дереккөзі көрсетілмеген. Сенімсіз.
Патша өкіметіне жолданып, архивтерде сақталынған хаттарда, сондай-ақ, XVIII ғасырда орыс шенеуніктерінің Қазақ ордасы туралы қағазға түсірген жазбаларында Тәукенің, Қайыптың, Әбілқайырдың, Сәмекенің, Есімнің, Барақтың, басқа да сұлтан-батырлардың, тіпті жәй адамдардың да есімдері тайға таңба басқандай таңбаланған. Ал хан бола тұрып Болат бір де бір рет ауызға алынбаған. Елеусіздеу болса да. Мүлде ескерусіз қалған.
Баяндап өткен осы жайттар М. Тынышпаевтың әлгіндегі пікірлерінің көп жағдайда дәйексіз екенін көрсетеді. Сондай-ақ, оның: «Еще не умолкли народные ликования по поводу анракайской победы и победные трифумы Абулхайра, Барака, Абульмамбета, гонца Аблая, уже затмившего всех остальных выдающейся храбростью, и целой плеяды народных героиов-батыров…», – дегені де жәй өз долбары (Қараңыз: Тынышпаев М. Великие бедствие… (Актабан-Шубырынды). – Алма-Ата: Жалын, 1991. Стр. 147).
Ақиқатқа тоқтасақ, Бұланты (Білеуті) мен Аңырақайда өткен қазақ-жоңғар соғысы турасындағы, оған Әбілқайырдың, Барақтың, Әбілмәмбеттің, Абылайдың, т.б. қатысқандары жайындағы мәліметтер пікір өзегі боп отырған аңыз әңгімеде де, XVIII ғасыр оқиғаларын қамтитын архив құжаттарында да жоқ. Түзілмеген. Ескі замандағы, анықтап айтқанда, XIX ғасырдағы зерттеушілердің біреуі де, тіпті қазақ тарихшылары пір тұтатын А. Левшин де өз еңбектерінде бұл туралы тіс жармаған.
Осы тұста ескерте кетейік, «XVIII ғасыр тарихына қатысты архивтерді түгел қотарып түгескенмін, бәрін мен білемін, мен бәрін білемін» деп бізге қарсы дау айтып, қоймастан өзеуреп жүрген көкезу біреулер М. Тынышпаев айтқан мәліметтердің анықтығын дәлелдеулері тиіс дер ек. Расымен білгір болса. Ақиқатшыл болса. Бұлтартпас нақты дәлелдерімен.
ЕЛ ӘҢГІМЕСІ МАЗМҰНЫНЫҢ САН ТҮРЛЕНІП, ӨЗГЕРУІ
Ел ішінен Ә. Диваев жазып алған «Бұланты (Білеуті) мен Аңырақайда өтті» делінетін соғысқа қатысты халық аңызын негіз етіп, теміржол инженері Мұхаметжан ата Тынышпевтың Жетісу өңірдегі жер-су атауларына жасаған өзіндік тұжырымдарын, сонымен қатар оның кейбір дәйексіз жорамалдарын әр рудан шыққан осы заманымыздың белсенді пысықайлары мен көтерем тарихшылары өздерінің ойдан жамап-жасқаған, күмәнге толы әңгімелерімен одан әрі толықтырған.
Солардың бірі – Ерофеева. Ол «Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик» (1999), «Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг.» (1-том, 2014), «Рыцарь звания чести, Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы» (2017) (бұл 2018 жылы «Ар-намыстың Ақтаңгері қазақ батыры Бөкенбай Қарабатырұлы» деген атаумен қазақшаға аударылған) атты кітаптарында архивтік деректерді, тарихтағы белгілі оқиғаларды әдеп шеңберін аттап өтіп, өрескел бұрмалаған. Сол қиянаттарын «Бөкенбайдың батырлығы жалған деректерге құрылған» (07.02. 2025 жыл. Halyqline.kz), «Ерофееваның ғылымдағы бейбастақтығы» (20.04. 2025 жыл. Kerey.kz) деп аталатын мақалаларымызда нақты айғақтар келтіріп, жан-жақты ашып көрсеткенбіз-ді.
Мүлде еркінсініп кеткен Ерофеева М. Тынышпаевтың жорамалында келтірілген адамдардың қатарына Бұлқайырды қосып, «Хан Абулхаир полководец, правитель и политик» аталатын кітабында былай деп жазады: «С конца 1728 г. единое казахское ополчение во главе с ханом Абулхаиром развернуло энергичные наступательные действия против джунгаров… В борьбе за независимость своей страны крупными боевыми отрядам казахов командовали султаны Абулмамбет, Барак, Абылай, Булхаир и некоторые другие чингизиды» (Қараңыз: Ерофеева И. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. Научное издание. – Алматы, «Санат», 1999. Стр. 147).
Ерофеева мұнымен тоқталмаған, Диваев жеткізген аңызды, оған пікір білдіріп, өз байламын, жорамалын айтқан М. Тынышпаевтың сөздерін одан әрі түрлендіріп, былай дейді: «Наряду с ними, выдающуюся роль в организации всеобщей борьбы с джунгарской агрессией сыграли ряд видных представителей «черной кости», такие, как батыры Богенбай, и Есет из поколения жетыру Младшего жуза, Богенбай из рода канжигалы, его тезка (Богенбай) из рода шакшак аргын Среднего жуза, батыры Кабанбай, Жанибек, Отеген, Тайлак, Саурык, Малай сары и многие другие» (Қараңыз: Ерофеева И. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. Научное издание. – Алматы, «Санат», 1999. Стр. 147).
Ерофеева мұнан кейін тағы бір «еңбегінде» аталған аңызды былайша «жетілдіріп», толықтырған: «Жоңғарларға қарсы шабуылға шығу жорығының басынан аяғына дейін Бөкенбай батыр үш жүздің біріккен әскери күштерінің жоғары қолбасшысы Әбілқайырмен иық тірестіре жүріп күресті және оның тікелей тапсырмасы бойынша Ұлытаудың оңтүстік беткейі мен Бұланты өзенінің аңғарынан Шу-Іле аймағына дейінгі әртүрлі географиялық нүктелерде өте күрделі әскери операциялар атқарды» (Қараңыз: Ерофеева И.В. Ар-намыстың Ақтаңгері қазақ батыры Бөкенбай Қарабатырұлы. / Ауд. Мейірхан Ақдәулетұлы. – Алматы: Servise Press, 2018 жыл, 102-бет).
Ақиқатында, Табын Бөкенбайдың Бұланты (Білеуті), Аңырақай шайқастарына қатысқанын айғақтайтын ешқандай мәлімет жоқ. Бұл да – Ерофееваның ойдан шығарып қосқан өз өтірігі!
«АҢЫРАҚАЙ» СӨЗІ ШЫНЫМЕН АҢЫРАП ЖЫЛАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ МА?
Қаузап отырған мәселеге тікелей байланысы болғандықтан мына бір жайтқа да тоқтала кеткенді жөн көрдік. Аңызда былай делінген сөйлем бар: «Место последняго пункта боя было названо Анракай, т.е. местомъ стона и рыданій, потому, что здесь произошло поголовное истребленіе калмыковъ». (Аудармасы: Шайқастың соңғы нүктесі болып, қалмақтардың ыңырсып боздап, түгелдей қырылған жері «Аңырақай» деп аталады) (Қараңыз: Древности Киргизской степи и Оренбургскаго края. Составилъ И.А. Кастенье. Типо-лит. Т-ва «Каримовъ, Хусиновъ и «К-о» въ Оренбурге. 1910. Стр. 189).
Осындағы жер аты – «Аңырақай» сөзі әр түрлі ұғым береді екен. Бұған моңғол тілінде де дыбысталуы ұқсас «ангархай» деген атау бар, бұл жайында бүй делінген: «1. Саңылау, тесік, жарық: шалпы – еденнің саңылауы; 2. Аңырақ, аңқиған, ашылған; 3. Ауыс. аңқылдақ, ашық ауыз» (Қараңыз: Базылхан Б. Монгол – казах толь. – Өлгеий, 1984, 41-бет).
Ал қазақ тілінде басқаша мағынада: «Аңырақай. Желі көп, құмайт ашық жер» (Қараңыз: Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі./ Жалпы редакциясын басқарған Т. Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008, 50-бет).
Басына қайғы түсіп, жылаған адамды қазақ «бозады» дейді, «аңырады» дейді. Немесе қимылдың, істің өткен шақ мәнін білдіретін есімшенің -ған жұрнағы жалғанған атаумен «аңыраған» деп айтады. Қалмақтардың соғыста жеңіліп, шынымен ыңырсып боздап, аңырап жылауына тікелей байланысты болса жердің аты мағынасы мүлде үйлеспейтін «аңырақай» сөзімен емес «аңыраған» деп аталуы тиіс-тұғын. Бірақ өңірдің өзіне тән географиялық сипатын, тұрақты климатын білдіретін «желі көп, құмайт ашық жер» деген түсініктегі «аңырақай» атауы берілген. Дұрысы – осы.
«Карта Туркестанскаго генералъ губернаторства Хивинскаго Бухарскаго и Коканскаго ханствъ съ пограничными частями Средней Азіи» аталатын картада (Составилъ Подполк. Люсилинъ) Аңырақай тауы көрсетілген. Солтүстік тұсында «Пески Тау-кумъ» (Баднакъ-кумъ)» деп таңбаланған жазу тұр (Қараңыз: 1-карта). Зер салып қарағанда, осы құмның тармағы бірі оңтүстік-батыс жақта, енді бірі шығыс бетте қарама-қарсы орналасқан Түлкіліқоңыр тауы мен Шөладыр тауының араларынан өтіп, Аңырақай тауының етек тұсына дейін сұғына еніп жатқаны байқалады. Таудан үздіксіз аңырай (гуілдеп, уілдеп) ескен желдің аталған биіктердің ортасындағы аңғарды қуалап соғатыны белгілі боп тұр сонда.
Сөзімізді «аңырақай» атауына көңіл бөліп, зерттеген тілші-ғалым Әбілбек Нұрмағамбетұлының пікірімен жалғайық, ол: «Аңырақай – бір зерттеуші мұны тау жотасының атауы десе, енді біреулері тау аралығындағы аңғар, шатқал деп ұғындырады. Біздің байқаумызша, тау аралығындағы үңгір, аңғар атауы деп байымдайтындардікі жөн сияқты. Мұны дәлелдеу үшін алысқа бармай-ақ, қырғыз тілінің сөздігіне жүгінсек те жеткілікті. К.К. Юдахин құрастырған «қырғызша-орысша сөздікте» «аңырақай» сөзінің мағынасы – «үлкен аңғар, кең шатқал» деп түсіндірілген…», – дейді (Қараңыз: Нұрмағамбетұлы Ә. Жер-судың аты – тарихтың хаты: Орта мектептің оқушыларына арналған. – Алматы: Балауса, 1994. 7-бет).
Ғалым айтқан еңбекпен танысып шықтық, онда былай делінген екен: «Аңырақай – что-либо имеющее вид большой расщелины; большое пустов пространство (напр. очень широкое ущелье)» (Қараңыз: Киргизско-русский словарь. В двух книгах. Около 40 000 слов. Сост. К.К. Юдахин. – Ф. : Главная редакция Киргизской Советской Энциклопедии. 1985. Стр. 60).
Ә. Нұрмағамбетұлы пікірін: «Ерекшелік тек сөз түбірі «аң»-ға қосылған жұрнақтарда ғана болып отыр. «Аңырақайда» ертедегі жұрнақ сақталған. Мұндай жұрнақ моңғол тілінде жиі кездеседі», – деп қорытындылайды (Қараңыз: Нұрмағамбетұлы Ә. Жер-судың аты – тарихтың хаты: Орта мектептің оқушыларына арналған. – Алматы: Балауса, 1994. 7-бет).
Қазақ топонимикасын алғаш зерттеушілердің бірі, ғалым Айтым Әбдірахманов та «аңырақай» есімінің түркі-моңғол тіліне ортақ түбірден шығуы ықтималдығын айтып, сараптау жүргізген, сол талдауын берейік, бүй дейді ол: «Сөздің (аңырақай-Б.К.) этимологиясын былай көрсетуге болады: аң (түбір) +ыр (зат есімнен етістік туғызатын жұрнақ) +а (көсемше жұрнағы) +қай (етістіктен зат есім жасайтын көне жұрнақ)… – дей келіп сөзін былай деп жалғастырады. – Ал енді сөз аяғындағы -қай (кей, ақай//екей) қосымшасы бір кезде түркі-монғол тілдеріне ортақ болған да, түркі тілдерінде бұл өлі жұрнаққа айналған (астын сыздық-Б.К.). Мәселен, бұл жұрнақтан түркі тілдерінде сол+ақай, оң+қай, күн+гей теріс+кей, дең+гей, төс+кей, сіл+е+кей, йме+кей, құба+қай, құда+ғай (әдеби тілде құда+ғи) т.б. сөздер жасалған. Бұл жұрнақ күн, төс, сіл, көме(й), құда сияқты зат есімдерге қосылуымен бірге, сол, оң, тең (дең), құба сияқты сын есімдерге де жалғанған. Ғай>ай жұрнағы арқылы етістіктен зат есім жасалу фактісі де жоқ емес, Хай (хэй, –хой) жұрнағының етістіктен және зат есімнен сын есім жасау қасиеті бурят тілінде сақталған…» (Қараңыз: Қазақ тіл білімінің антологиясы. Әбдірахманов А. Топономика жэне этимология. – Павлодар: С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2010. 42-43-беттер).
Келтірілген дәлелдерді саралай келіп, аңыздағы «Место последняго пункта боя было названо Анракай, т.е. местомъ стона и рыданій, потому, что здесь произошло поголовное истребленіе калмыковъ» деген жолдар «аңырақайдың» мағынасын ашу үшін ескілікті әңгімеге жанынан қосып, өз пайымын баяндай кеткен ұлты башқұрт Ә. Диваевтың сәтсіз топшылауы деп тұжырымдаймыз.
Қысқа қайырғанда, аңыздағы «Шайқастың соңғы нүктесі болып, қалмақтардың ыңырсып боздап, түгелдей қырылған жері «Аңырақай» деп аталады» деген пікірдің түк қисыны жоқ!
«ҚАРАСИЫР», «БІЛЕУТІ» АТАУЛАРЫНА ҚАТЫСТЫ БҰРМАЛАУЛАР
«Бұланты (Білеуті) шайқасы өтті» делінетін жер-судың аттарына қатысты өз ой-пікірлерін жазған кейбір тарихшылардың сөздері бір-біріне тіпті жанаспайды. Қарама-қайшы. Нақтылық жоқ. Диваев жеткізген аңыздағы жер атауын әрқайсысы өз долбарымен сан құбылтқан. Дәлелдер келтірейік.
Ернар Оразбек есімді тарихшы өзінің «Исторические топонимы Улытау в народный памяти: семантика, этимология, этиология» деген мақаласында былай деп жазады: «Вариант «Карасиыр / Қарасиыр» (где «сиыр» – «корова») вообще ошибочен, такового не существует. Вариант «Карасуир», в правильной форме – «Қарасуыр», существует, но не имеет отношения к интересующим нам объектам. «Қарасуыр» – так называется речка в бассейне реки Ащымиир / Ащымиір. Исток ее начинается с юго-западных отрогов Улытауских гор, с родниковых вод. На севере местности Карасуыр впадает слева в реку Ащымиир. Весной наблюдается максимум воды, подпитываемой тающими снегами и подпочвенными источниками; в апреле – половодье; летом мелеет, разбиваясь на плесы / қарасу. В верховьях реки, в ее долине расположены пресноводные колодцы, находятся жайлау / летовки. «Суыр» означает «сурок» (Қараңыз: «Бұланты шайқасы: Зерттеулер тарихы. Ғылыми-ақпараттық альбом / Халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен 2010-2014 жылдары өткізілген «Бұланты» архео-этнографиялық экспедицияларының материалдары / Б. С. Қожахметов, Э. Р. Усманова, Л. Н. Плетникова, Л. А. Сембинованың редакциясымен. Ұлытау.: «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы, 2015 ж. 34-35 беттер).
Ал И. Ерофеева «Ландшафтно-геоморфологические факторы формирования наступательной стратегии и тактики казахов-кочевников в войне с джунгарами 1723-1730 гг.» атты мақаласында Е. Оразбектің жаңағы пікірімен келіспейді, былай депті: «Самое крупное поражение джунгары потерпели от казахского ополчения на территории Буланты-Белеуитты в урочище Карасиир, точнее – Карасире, (астын сыздық.-Б.К.) которое позднее получило у казахов название Калмаккырган – «Место гибели калмыков» (Қараңыз: «Бұланты шайқасы: Зерттеулер тарихы. Ғылыми-ақпараттық альбом / Халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен 2010-2014 жылдары өткізілген «Бұланты» архео-этнографиялық экспедицияларының материалдары / Б. С. Қожахметов, Э. Р. Усманова, Л. Н. Плетникова, Л. А. Сембинованың редакциясымен. Ұлытау.: «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы, 2015 ж. Стр. 70).
Бірінің «Вариант «Карасиыр / Қарасиыр» (где «сиыр» – «корова») вообще ошибочен, такового не существует. Вариант «Карасуир», в правильной форме – «Қарасуыр…» деп себептерін жан-жақты ашып көрсетпей шорт кесіп, «Қарасиыр» атауын «қате» санауы, енді бірінің «Самое крупное поражение джунгары потерпели от казахского ополчения на территории Буланты-Белеуитты в урочище Карасиир, точнее – Карасире…» деп өз долбарымен «Қарасире» деп жөн-жосықсыз «түзетуі» – шала танымнан.
Жалпы жер-су атауларын зерттеуде нақтылыққа жету үшін тарихи лексикология мен жалпы тіл білімі салаларына сүйену шарт.
Ел әңгімесі ап-анық қып былай баяндаған: «Наконец калмыки бежали на Блауты-Буланты, понеся полный погромъ, при чемъ самый блистательный бой одержанъ киргизам и въ местности Кара-Сіиръ (астын сыздық.-Б.К.). Местност и по сіе время называется Калмак-Крылганъ (астын сыздық.-Б.К.) т.е. «гибелб калмыков» (Қараңыз: Древности Киргизской степи и Оренбургскаго края. Составилъ И.А. Кастенье. Типо-лит. Т-ва «Каримовъ, Хусиновъ и «К-о» въ Оренбурге. 1910. Стр. 188).
Міне, куә боп отырмыз, «қалмақтар жеңіліс тапқан Қарасиыр деген жер осы уақытқа дейін Қалмаққырылған аталып келеді» депті мәліметті беруші қазақтар. XX ғасырдың басында.
Әлі де сол атауы өшпеген. Куәлік берейік. «Атамекен» географиялық энциклопедиясында былай деп түзілген: «Ұлытау ауданы – Қарағанды облысының батыс бөлігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлініс… Жер бедері негізінен аласа таулы ұсақ шоқылы болып келеді. …Ұлытаудан басталып оңтүстікке және батысқа қарай Қалмаққырылған, Қарасиыр (астын сыздық.-Б.К.), Байқоңыр, Жымықы, Жыңғылдыөзек, т.б. ұсақ өзендер ағады» (Қараңыз: Атамекен: Географиялық энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. 594-бет).
Аталған энциклопедияда тағы да былай таңбаланған: «Қарасиыр уран кен орны (астын сыздық.-Б.К.), Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қызыларай аулының солтүстігінде орналасқан… Кен орнына 1950-60 жылы Волхов геологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Қарасиыр бұлағының (астын сыздық.-Б.К.) Дауылтас төбешігінен 100 метрдей үңгір қазылған…» (Қараңыз: Атамекен: Географиялық энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. 356-бет).
Тілші-ғалым Т. Жанұзақ та «Қарасиыр» атауының осы күні де сақталғанына куәлік беріп, өз ойын былай бөліседі: «Қарасиыр (Карасиыр) – ауыл, Ақтоғай ауданы; жер, бұрынғы Жезді ауданы. Атаудың екінші сыңарындағы сиыр сөзінің кәдімгі сиыр малына қатысы жоқ сияқты. Түркі, моңғол тілдерінде сай, сайр, чай тұлғаларында айтылып, «құрғаған өзен, сайдағы өзен, өзен» мағыналарын береді. …көне түркі, монғол тілдеріндегі сайр сөзі айтыла келе тіліміздің дыбыстық заңына сай сөзі сиыр тұлғасына айналып, тілімізде берік қалыптасқан. Сонда Қарасиыр атауы: «Құрғаған өзен, сайдағы үлкен өзен» мағынасында қойылған. Кейіннен бұл өзен жағасына орналасқан ауыл осы өзен атымен аталған» (Қараңыз: Жанұзақ Т. Қазақ ономастикасы. – Павлодар: С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2008. 88-бет).
Нақтылап тексергенімізде «сай», «сайр» есімдері «құрғаған өзен, сайдағы үлкен өзен» ұғымын бермейді екен, ғалым жаңсақтасқан. Моңғол тілінде «сай – (өзен) арна малта тасы», «сайр – малта тас, голын сайр – өзеннің малта тасы» деген мағыналарда боп шықты (Қараңыз: Базылхан Б. Монгол – казах толь. – Өлгеий, 1984, 406-бет).
Қазақ-моңғол сөздігін басқа да құрастырушылар өз еңбектерінде «сайр – ұсақ қайрақ тас» деп көрсеткен (Қараңыз: Моңғолша-қазақша сөздік. Құрастырушылар С. Хабшей. Ә. Мініс. 10 000-ға жуық сөз. Моңғол Мемлекет Баспасы. Уланбатыр. – 1954 жыл, 148-бет).
«Топонимический словарь Горного Алтая» аталатын кітапта мынадай деректер ұсынылған: «Сары-Сеер (Сарыеер, Сары-сэр) г., мыс; между pp. Камга и Кокши, система Телецкого оз. Сары см. Сары-Ачык; алт. диал. Сеер – небольшое возвышение, кряжек; ср. монг. сээр – холм, гряда; основное значение – позвоночный хребет, позвонок Сары сеер – букв, желтое небольшое возвышение, кряжек» (Қараңыз: Молчанова О.Т. Топонимический словарь Горного Алтая. Горно-Алтайское отделение Алтайского книжного издательства. 1979. Стр. 286).
Еңбектің авторы О. Молчанованың куәландыруынша, «сеер» сөзі алтай диалектісінде «шағын биіктік», «жота» деген ұғымдарды білдірсе, моңғолшада да «төбе», «жота» мағыналарын береді екен.
Келтірілген бұл айғақтарды негіз етіп, мынадай екі түрлі жорамал жасауға болатын сияқты:
а) күллі түркі жұртының ортақ қолданысындағы түстің ерекшелігін білдіретін атау – «қара» сөзі мен алтай, моңғолдың «сеер» немесе «сээр» (төбе) есімдері біріктіріліп, көне дәуірде «қара төбе» деген ороним ұғымын білдірген, уақыт өте қазақ тілінің фонетикасына бейімделіп, тілімізде «қара+сиыр» боп орныққан;
ә) «қара» сөзі мен «сайр» есімі біріктіріліп, бір замандарда «өзеннің қара малта тастары» немесе, «өзеннің қара қайрақ тастары» деген мағынаға ие болған, келе-келе дыбыстық өзгерістерге ұшырап, «қара+сиыр» атауы қалыптасқан.
Мына бір жайтқа да бұрыла кетейік осы тұста. «Қазақстан географиялық атауларының сөздігі» атты еңбекте: «Қалмаққырған (Білеуітті), Қалмаккырган (Белеутты) – өз., Жез. ауд», – деп түзілген (Қараңыз: Қазақстан географиялық атауларының сөздігі. Алматы: Ғылым. 1990. 161-бет).
Бұрынырақта жарық көрген осы сықылды еңбектерді пайдаланылғаны байқалады «Атамекен» географиялық энциклопедиясында да былай деп қайталанады: «Қалмаққырылған (Белеуітті, Білеу), Қалмаққырған – Шалқар алабындағы өзен». (Қараңыз: Атамекен: Географиялық энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. 320-бет).
Айтпағымыз, Қалмаққырған (Қалмаққырылған) мен Білеутіні бір өзен деп бұлай қарастыру – мүлде қате.
«Карта земель Оренбургскаго, Уральскаго и Башкирскаго казачихъ войскъ» аталатын картада бастауларын Ұлытау жақтан алып, батысқа бағытталып ағып жатқан бір-бірінен бөлек үш өзен көрсетілген. «Р. Улькенъ-эспе Р. Белеуты», «Р. Калмакъкырганъ» деп таңбаланған өзендердің ағысы орта тұстарында солтүстікке қарай иіліс жасап, бір арнаға тоғысады да соңында Шұбар теңізге құйылады. Ал үшіншісі «Р. Буланты» делінген, бұның да аяғы осында тіреледі (Қараңыз: 2-карта).
«Карта Среднеазіатскихъ владеній Россійской имперіи и прилежащихъ странъ» деп аталатын тағы бір картада жаңағы үш өзеннің бірі – «Р. Буланты» таңбаланған, ал ортадағы «Қалмаққырған» өзені (Калмакъкырганъ) «Р. Міюръ» деп өзгертілген. Мұның себебін картадағы «Исправлена по новейшимъ сведеніямъ Л.И. Бородовскимъ» деген жазудан ұғуға болады. Ал Белеутінің өз атауы сақталып, «Р. Улькенъ-эспе (Белеудты)» деп түзілген (Қараңыз: 3-карта).
Қолымызда Ресей империясы тұсында Қазақ даласының жер-су есімдері әр жылдары түсірілген тағы бірнеше карта бар. «Қалмаққырылғанның» географиялық атауы кейін өзгеріске түскен кезде бұлардың біреуінде болмаса біреуінде жазылуы керек-тін «Қарасуыр» немесе «Қарасире» деп алмастырылып. Керісінше, «Р. Аще-Міюръ», Р. Туши-Міюръ», «Р. Міюръ» деп таңбаланған…
Енді «Білеуті» есіміне де тоқтала кетейік. Ғалым Г. Конкашпаев өз еңбегінде: «Белеуты» (Белеутты), ур. Гривистый», – депті (Қараңыз: Конкашпаев Г.К. Словарь казахских географических названий». – Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР. 1963. Стр. 31.).
«Урочище» – «тоғайлы сай-сала», «батпақты», ал «гривистый» сөзі – «жалды» деген ұғымдарды беретіні баршаға белгілі. Өзен төңірегіндегі жер бедері, көрініс негізге алынып, «белеуты» атауының мағынасы осылайша жорамалданған тәрізді.
«Белеуты» немесе «білеуті» сөздері әр жылдары жарыққа шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздіктерінде» мүлде кездеспейді. Мұның анығына жету – біраз ізденісті қажет етті.
Ақыры мағынасын моңғол-қазақ сөздігінен ұшыраттық, онда бүй деп көрсетілген:
а) «Билүү. I. Білеу, қайрақ…»;
ә) «Билүүдэ-х. Қайрау, өткірлеу: хутга – пышақ қайрау…» (Қараңыз: Базылхан Б. Монгол-казах толь. Өлгий, 1984. 75-бет.)
Бұны одан әрі бекіте түсейік. «Большой современный русско-монгольский …» аталатын тағы бір сөздікте былай делінген:
а) «Точильщик. Билүүдэч»;
ә) «Точильный. Билүүн, гуранзан, билүүдэх…» (Қараңыз: Кручкин Ю. Большой современный русско-монгольский – монгольско-русский словарь = Орос-монгол – монгол-орос орчин үеийн хэлний дэлгэрэнгүй толь бичиг // Ю. Кручин. – М.: АСТ: Восток – Запад, 2006. Стр. 522.).
Мінекей, «билүүдэ-х» сөзі «қайрау, өткірлеу» деген түсінік берсе, «билүүдэч» орысша «точильщик» (қайрақшы, шарықшы) деген ұғымды білдіреді екен. Бұлар уақыт өте қазақ тілінің фонетикасына икемделіп, «білеуті» боп орныққаны ап-анық байқалып тұр.
Пікірімізді «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі» мына анықтамалар да дәлелдей түседі, былай дейді онда: «Білеу (көне). Ұзынша келген жұқа тасқайрақ» (Қараңыз: Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі./ Жалпы редакциясын басқарған Т. Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008, 164-бет).
Қазақтың осы «білеу» деген атауы жоғарыда айғаққа тартқан моңғолдың «билүү» сөзімен дыбысталуы жағынан өте жақын, ал мағынасы бірдей.
Білеуті өзенінің маңайында әрқилы пішініндегі тастардың молдығын ешкім жоққа шығара алмайды. Олардың ыңғайлысын сол төңіректі ескі замандарда қоныс еткендердің күнделікті тіршіліктерінде қажеттеріне жаратып, балта, пышақ, т.б. қайрауға да пайдаланылғандарын бажайлау қиын емес. Мұны атаудың қазақша да, моңғолша да ұқсас мағыналары, фонетикалық бітімдері растап, бекітіп тұр.
«БҰЛАНТЫ ШАЙҚАСЫ: ЗЕРТТЕУЛЕР ТАРИХЫ» НЕ ДЕЙДІ?
Этнограф Әбубәкір Диваевтың Сыр бойында ел аузынан жазып алып, 1905 жылы «Перовскій уездъ – зданіе Кокъ-Кесене» деген тақырыппен жарық көрген шағын аңызы бойынша 2010-2014 жылдар аралығында «Бұланты» архео-этнографиялық экспедиция ұйымдастырылып, халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілген.
Бұл істерге халық әңгімесіне байланысты өз пікірін білдіріп, «Бұланты (Білеуті) шайқасы 1726-1727 жылдар шамасында болған» деген жорамалды ұсынушы М. Тынышпаевтың сөзі негіз етілгені белгілі. Енді осы тұрғыдан атқарылған жұмыстарға, табылған дәлел-деректерге тоқталайық.
«Бұланты шайқасы: Зерттеулер тарихы» деген еңбекке енген «Монгольские захоронения конца XIII – начала XIV вв. В Улытау» аталатын мақалада былай делінген: «Археологиялық қазба жұмысы нәтижесінде сүйек қаңқасымен қоса көмілген буддизмге қатысы бар құрал-жабдық табылды: ғұрыптық салттық қоңырау, буддалық символ бейнесіндегі тақта. Сонымен қатар темір және сүйек жебелерімен тоз қорамсақ табылды. Радиокарбондық даталау әдісі және жерлеу құрал-жабдық хронологиялық жағынан анықтау негізінде бұл жерлеу кешені 1260-1300 жылдар аралығында салынғаны белгілі болды» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: «Бұланты шайқасы: Зерттеулер тарихы. Ғылыми-ақпараттық альбом / Халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен 2010-2014 жылдары өткізілген «Бұланты» архео-этнографиялық экспедицияларының материалдары / Б. С. Қожахметов, Э. Р. Усманова, Л. Н. Плетникова, Л. А. Сембинованың редакциясымен. Ұлытау.: «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы, 2015 ж. 162-бет).
Осы Қарасуыр (аңызда Қарасиыр-Б.К.) мекенінен табылған қабірлердегі төрт адамның антропологиясына былай деп тұжырым жасалған: ми сауытының барлық ендік өлшемінің ең үлкен мөлшерімен сипатталады, бет сүйектері жоғары, беттерінің жалпақтығы назомалярлық және зигомаксиллярлық деңгейде, мұрын сүйектері аздап шығыңқы дейді. Сарапталып зерттелген үш бас сүйек краниологиялық зерттеулердің қорытындысы бойынша Орталық Азиялық моңғол тектес нәсілге жатқызылған. Ал төртіншісінің бас сүйегі еуропеоидтік боп шыққан (Қараңыз: «Бұланты шайқасы: Зерттеулер тарихы. Ғылыми-ақпараттық альбом / Халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен 2010-2014 жылдары өткізілген «Бұланты» архео-этнографиялық экспедицияларының материалдары / Б. С. Қожахметов, Э. Р. Усманова, Л. Н. Плетникова, Л. А. Сембинованың редакциясымен. Ұлытау.: «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы, 2015 ж. 173-бет).
Көлемі шағын аңызда айтылатын Бұланты (Білеуті) шайқасын тың деректермен толықтырып, шындыққа жету мақсатында қазба жұмыстарын жүргізген археологтар табылған осы мүрделермен ғана шектелген. Басқа деректер айтпайды. Зерттеуді былай деп қорытындылаған: «Историческая интрига погребального комплекса у сопки Карасуыр (дұрысы Қарасиыр төбесі.-Б.К.). Результаты датирования погребального комплекса концом XIII века – началом XIV века позволяют рассматривать данный комплекс в свете исторических событий в Великой Степи. Раскопанные погребения не связаны с так называемой «Булантинской битвой» 1727 года» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: «Бұланты шайқасы: Зерттеулер тарихы. Ғылыми-ақпараттық альбом / Халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен 2010-2014 жылдары өткізілген «Бұланты» архео-этнографиялық экспедицияларының материалдары / Б. С. Қожахметов, Э. Р. Усманова, Л. Н. Плетникова, Л. А. Сембинованың редакциясымен. Ұлытау.: «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы, 2015 ж. 167-бет).
Ә. Диваев жеткізген аңыздағы шайқастың Білеуті-Бұланты өзендері маңдарында өткені шын болса, соғыстың аты – соғыс екі жақтан да сандаған адамның өлгені еш шүбәсіз. Сонда сол төңіректегі топырақ астында сақталып, бұл оқиғадан жеті ғасыр алыс жатқан қаңқалар мен мата жұқаналары табылғанда кейін «Қалмақ қырылған» аталып кеткен Қарасиырда, 1726-1727 жылдар шамасында қан майданда ажал құшқан адамдар сүйектерінің, сондағы қолданылған соғыс қарулары қалдықтарының бірен-саран болса да кезікпеуі – расымен дүдәмал ойға қалдырады…
Фольклортану ғылымының тұжырымдауынша, аңыз – халық ауыз әдебиетінің бір жанры. Ондағы оқиғалар өмірден алынғанмен, бірден-бірге жеткізушілердің жеке ой-толғамдарымен, танымдарымен толықтырылып, көркем шығарма кейпіне айналып кеткен дейді.
Пікірімізге арқау қылған ел әңгімесі де бағзы заманда өткен, сұлбасы шала-пұла ғана сақталған, шындығы тым көмескі, болған мерзімі белгісіз, фольклорлық сипаты басым оқиғаға қатысты. Осы аңызды бейәдеп беріректегілердің шектен шығып, әсірелеп бұрмалағанын, сан құбылтқанын сөз ұғып, дәлелге тоқтайтын, қазірде саны аз қалған қарындасқа жан-жақты ашып көрсетіп отырмыз. Өзімізге парыз санап. Һәм кейінгі келер буын да жалған тарихтың соңынан еріп кетпесін, ақиқатқа байыппен қарасын деп сақтандырған ниет еді бұл.
Бөрібай КӘРТЕН,
Ақтөбе қаласы