Close Menu
Ultnews-ақпараттық агентігі
  • Жаңалықтар
  • Аймақ
  • Саясат
  • Қоғам
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Денсаулық
  • Спорт
Facebook X (Twitter) Instagram
  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Сайт тәртібі
Facebook X (Twitter) Instagram
Ultnews-ақпараттық агентігі
  • Жаңалықтар
  • Аймақ
  • Саясат
  • Қоғам
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Денсаулық
  • Спорт
ҚАЗ РУС
Ultnews-ақпараттық агентігі
Home»Жаңалықтар»Отаншылдық отты рухтан басталады
Жаңалықтар

Отаншылдық отты рухтан басталады

06.05.2025179 Views
Share
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link
Елін өрге, жұртын жеңіске сүйреу үшін жанын да, барын да қиған ұлтжандылығы, Отан алдындағы адалдығы арқасында ерлік пен өрліктің, намыс пен рухтың, аршылдық пен парасаттылықтың символына айналған Ұлы даланың ұландары қазақ тарихында өшпес із қалдырды, ірі де ізгі істерімен танылды. Олардың ұлы мұрасының алтын тіні үзілмеуі, батыр­лық дәстүр мен қазіргі қоғамның құрыштай мызғымас бірлігі сақталуы үшін ел Президенті әскери-патриоттық тәрбиеге баса мән беріп келеді.

Кейінгі жылдары осы жолда бұрын-соңды болмаған тың бетбұрыс жасалды. Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 5 мамырда, Бүкілармиялық кеңесте берген тікелей тапсырмасына сәйкес 2023 жылғы 24 қарашада бұрын-соңды болмаған стратегиялық бағдарлама – «Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бекітілді.

Президент қойған міндетке сәйкес, Қазақстан тарихында тұңғыш рет салалық заңнаманың іргесі қаланды. Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілерге әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заңын мақұлдады.

– Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші тыныш, қоғам тұрақты болса, жа­сампаз әрі өрке­ниетті мемлекетке айнала­мыз. Яғни, дамыған ел боламыз десек, ең алдымен бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы жүктеген міндетті жүзеге асыру үшін әскери қызметтің беделін, жауынгер мәртебесін арттыру жұмыстары қолға алынды. Өйткені ең алдымен ел тыныштығын қорғайтын әрбір жас өз қызметін мақтан етуі керек. Сонда оны көріп, соңынан ерген жасөскіндер де Отан қорғау ісіне өзі үлкен ынта-ықыласпен тартылатын болады.

Әскери қызметте болу қоғамда абырой-бедел саналуы үшін қажетті барлық жағдай жасалуға тиіс. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Атап айтқанда, әскери қызметшілердің әлеуметтік қам­сыздандырылуы, баспанамен қамтылуы күшейтілді. Әскери қызметшілерге бұрынғыға қарағанда жақсы жалақы төленеді. Әскери борышын өтеп келген жігіттер мен қыздар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі, мемлекеттік білім грантын алуда басымдыққа ие. Әскери борышын өтеуге аттанған азаматтар барлық несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Осы кезеңде банктер өсімпұл, айыппұл жазбайды, кредит мөл­шерлемесін өзгерте алмайды.

Сондай-ақ бұдан былай әскерге шақырылғандар сонда жүріп, нақты ма­мандық алып шығады. Армияда сарбаз­дар жұмысшы мамандықтарын және еңбек нарығында сұранысқа ие басқа кәсіптерді меңгереді. Құрлық әскерлерінің, Әуе қор­ғанысы күштерінің, Байланыс департа­менттерінің, Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік әскерлерінің оқу-жаттығу орта­лықтарында еңбек нарығында қажетті әрі қат білімді, дағдылар мен мамандықтарды тегін игере алады.

Мысалы, бағдарламашы, ауыр жүк машиналарының жүргізушісі, экскаваторшы, тракторшы, жол төсегіш, дизелист-электрик, байланыс мамандары және тағы басқасы бар. Яғни, бұрын айтылатындай жастар кү­рек­пен жер қазып, картоп тазалап, бір жылын босқа өткіз­бейді. Әскердегі жас нағыз сарбаз ғана емес, нағыз ма­ман болып шығады. Президент осындай міндет қой­ды. Сонда туған жеріне орала сала, азаматтық өмір­ден тез орнын тауып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болады.

Бейнесі, бет алысы күрт өзгерген заман жастарды әскери патриоттық тәрбиелеу формаларын уақыт талабына сай жетілдіруді талап етеді. Мәселен, әскерилер ТikТok-та, әлеуметтік желілерде белсенді болып, әскери қызметті оң жағынан дәріптегені абзал. Сарбаздар мен сардарларды мәде­ниетке, өнерге қатыстыруға мән беріледі.

– Мемлекет басшысы қойған міндеттерді ескере отырып, армияның тұлға қалып­тастырушы, жастарды тәрбиелеуші рөліне екпін түсіріледі. Жастар әскерден отаншыл, елшіл, патриот азамат болып оралуы қажет. Патриотизмді жас ұрпақ бойына дарыту мақсатында елде әскери-патриоттық клубтар, үйірмелер, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен бірге патриотизмді бүкіл қоғам болып тәрбиелеуге тиіспіз. Себебі армияға жастар негізінен, төл дүниетанымы, мінез-құлқы, көзқарасы бар тұлға болып келеді, – дейді Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Сондықтан әскердегі мәдени ойын-сауық жұмыстары күштейтілгені жөн. Тиісті тәжірибе әлемде де, өз еліміздің тарихында да бар. Екінші дүниежүзілік соғыста және одан кейін мәдениет пен шығармашылық қауым өкілдері әскерді аралап, концерт қоятын, түрлі кездесу өткізетін.

Министрдің пайымдауынша, егер қа­зақстандық кино, театр және телевизия режиссерлері, актерлар, әншілер, эстрадалық топтар, ақын-жазушылар, жалпы, кез келген саланың танымал тұлғалары әскермен тығыз ынтымақтасса, мәдени іс-шараларды өткізуге көмектессе, Қарулы күштерді аралап, табыс тарихын, білімін, тәжірибесін бөліссе, бір ғанибет болар еді. Бұл әскердегі таланттар­дың ашылуына түрткі бола алады. Ұқсас тә­жірибе, мысалы Амери­када, Еуропада бар.

Сарапшылар халықаралық озық тәжі­рибе негізінде Қарулы күштерде театрал­дық өнерді, кескіндеме, әдеби шығармашы­лық, хореографиялық даярлық және мәдениеттің басқа бағыттарын дамытуға көңіл бөлуді ұсынды. Бұл патриоттық тәрбиелеу жолындағы кең ауқымды қозғалыс болмақ. Әйтпесе, қазақ әндерін естімеген, оны өз бетінше тыңдамайтын жастар жетерлік. Құлақтан кіріп, бойды алар әннің құдыреті рухты қайрап, жігерді жануға, өршіл отаншылдық сезімді туындатуға қабілетті. Бұған қажетті шығармашылық және ма­териалдық база – Ұлттық әскери-патриоттық орталық, Қорғаныс министрінің Орталық ансамблі, Орталық әскери оркестр, Мем­лекеттік әскери-тарихи музей, өзгесі бар.

Жүрегі Отан деп соққан, оның егемен­дігін, жерінің тұтастығын, елінің гүлденуі мен өрлеуін өмірлік ең басты мүдде деп білетін жас ұрпақты тәрбиелеуге келесі жылы қолданысқа енгізіледі деп күтіліп отырған жаңа заң үлес қосуға тиіс. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген терең де мәнді нақылын еске салды. Отанды сүюді, елге қызмет етуді бала кезден үйрету керек.

– Алайда елімізде жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесі, яғни Отанға адал қызмет ету, азаматтық борыш пен негізгі конституциялық міндеттерді орындау жай-күйі заман талаптарына сай келмейді. Жауапты уәкілетті органдардың өзара іс-қимылы үстірт, формалды сипатқа ие. Атқарған жұмыстары азаматтар бойында патриоттық сананы берік қалыптастыр­май­ды. Сондықтан осы заң жобасымен еліміздегі әскери-патриоттық тәрбие же­тілдірілетін болады, – деді депутат.

Құжатқа сәйкес, республикалық және өңірлік деңгейлерде Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестері құ­рылмақ. Депутаттар бұл кеңестерге әскери-патриоттық тәрбиені дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу; бағдарламалық іс-шараларды ұйымдастыруда, азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде барлық мүдделі мемлекеттік орган мен қоғамдық бірлестіктің күш-жігері мен мүмкіндіктерін біріктіру; жастар бойында армияның жа­ғымды бейнесін қалыптастыру үшін көркем және деректі фильмдер жасау, музыка және әдеби шығармалар тудыру, БАҚ-пен ын­тымақтасу және әлеуметтік желіде шыншыл ақпаратты тарату жөніндегі өкілеттіктер беріп отыр.

Аманаттық депутат Аманжол Әлтай армияға қатысты шынайы ақпарат аздығы­на назар аудартты: «Ақпарат құралда­ры ұлттық Қарулы күштерге қатысты жағым­сыз материал беруді көбейтті. Себебі де бар. Отанын қорғауға сап-сау кеткен бала кемтар болып оралады, үмітпен аттанған боздақ үйіне табытпен әкелінеді. Жасөс­пірімнің жүрегін шайлықтыратын, әскерге баруға ынтасын құртатын теріс, жалған ақпараттарға тосқауыл қойылуы, шын дерегі берілуі керек. Ұлттық әскердің ай­бынын арттыратын, келісті келбетін көр­сететін контент жетімсіз, олар көп болуға тиіс», – деді қалаулы.

Депутаттардың айтуынша, осыдан 30 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, бүгінде армияда құқықбұзушылықтың са­ны айтарлықтай азайды, алайда әскерде келеңсіз жағдайлар кездеседі. Мемлекет басшысы осындай әрбір жағдай төтенше оқиға ретінде қарастырылып, кінәлі адам­дар жазалануы керектігін тапсырды.

Заң жобасын қарау барысында депутат­тар әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге, әскери қызметтің беделі мен тартымдылы­ғын арттыруға арналған бірқатар түзету ұсынды, мазмұндық, тұжырымдамалық жағынан біршама жақсартты. Қорғаныс және Мәдениет министрліктерінің ардагерлік және сарбаз аналары ұйымдарымен, жастар ұйымдарымен әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығы нығайтылады.

Қорғаныс министрлігі жанында Әскери-патриоттық тәрбиелеу жөнінде үйлестіру кеңесі құрылады. Ол әскердің имиджіне қатысты мәселелерді де талқылап, оны түзетудің, арттырудың шешімін табады. Заңнамаға «ақпараттық-идеологиялық қорғаныс» ұғымы енгізілді. Қазіргі заманда қарсыластың ақпараттық-психологиялық арнайы операцияларынан қорғану, қысымына төтеп беру, өсіп келе жатқан жастарымызды деструктивті ақпараттан қорғау маңызды.

Қорыта айтқанда, атқарушы билік, заң шығарушы орган, әкімдіктер, қоғамдық ұйымдар күш біріктіріп, әскери-патриоттық тәрбиені күшейтуге өз үлесін қосып жатыр. Осының нәтижесінде ұлт үмітін ақтаған, ел сенімін бойтұмар қы­лып сақтаған, сат­қын­дық жолына баспаған, сегіз қырлы, бір сыр­лы, өршіл де аршыл жас – отаншыл сар­дар мен сарбаз тәрбиеленіп, Қазақ елінің тірек-ұстынына айнала береді деген үміт бар.

Share. Facebook Twitter Pinterest Tumblr Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Оқи отырыңыз...

«Қасында қыздары бар»: Сара Алпысқызы жатқан аурухана туралы соңғы дерек шықты

06.05.2025201 Views

Қазақстан Вьетнамның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесіне айналады

06.05.20251 649 Views

eGov порталында жаңа қызмет іске қосылды

06.05.2025143 Views
Соңғы жаңалықтар

«Қасында қыздары бар»: Сара Алпысқызы жатқан аурухана туралы соңғы дерек шықты

06.05.2025

Отаншылдық отты рухтан басталады

06.05.2025

Қазақстан Вьетнамның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесіне айналады

06.05.2025

eGov порталында жаңа қызмет іске қосылды

06.05.2025

ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНДАҒЫ ЖҰМЫС АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

06.05.2025

Қызылорда облысы әкімдігі мен Хынг Йен провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандумға қол қойылды

06.05.2025

Жәнібек Әлімханұлы әлемнің үздік боксшыларының қатарына енді

05.05.2025
Advertisement
Demo

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

Facebook X (Twitter) Instagram YouTube Telegram

2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат комитетіне № KZ66VPY00098072 нөмірімен тіркеліп, “Ultnews.kz” ақпараттық агенттігі ретінде куәлігі берілді.

©2023- 2025 / Ultnews.kz ақпараттық сайты/ Барлық құқықтар тіркелген.
  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Сайт тәртібі

Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.