Қайырымдылыққа жиналған қомақты қаржыны жымқырды деп айыпталған Перизат Қайраттың «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігі жабылады. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің ресми мәліметіне сүйенсек, «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігі 2021 жылы 11 қазанда Астана қаласындағы Әділет департаментінде тіркелген.
– 2025 жылдың 14 ақпанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жоғарыда аталған ұйымның мемлекеттік тіркеуін жарамсыз деп танып, мәжбүрлеп таратуды көздейтін талап-арыз берілді. Сот талабын беруге Қаржылық мониторинг агенттігінің «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тіркеуді жою рәсіміне бастамашылық жасау туралы хаты негіз болды. Себебі бірлестік құру кезінде жойылмайтын сипаттағы, яғни сот шешімі бойынша заңды тұлғаны таратуға негіз болатын заңнамалық бұзушылықтарға жол берілген, – деп мәлімдеді Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.