Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 1,1 млрд текше метрге жуық су үнемделді. Қазақстанда заманауи суару жүйелері қолданылатын алқаптардың жалпы аумағы 702,3 мың гектарға жетті, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны артты. 2024 жылға дейін бұл көрсеткіш жылына орта есеппен 30 мың гектарды құраса, 2024-2026 жылдары 150 мың гектардан асты. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруалардың су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтқанын еске сала кетейік. Ал осы технологияларды қолданған жағдайда суармалы суға берілетін субсидия көлемі 85%-ға дейін ұлғайтылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру мақсатында 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте 214,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға 4,085 млрд теңге бөлінді. «Министрлік суармалы суды субсидиялау қағидаларына да өзгерістер енгізді. Мысалы, субсидияланатын су үнемдеу технологияларының тізіміне лазерлік тегістегіш құрылғы қосылды. Елімізде тұтынылатын су ресурстарының 60%-ына дейінгі көлемі ауыл шаруашылығының үлесіне тиесілі. Қабылданып жатқан шаралар 2030 жылға қарай заманауи суару технологиялары қолданылатын алқаптардың жалпы аумағын 1,3 млн гектарға жеткізуге бағытталған. Бұл жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді»,- деді су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Ербол Салихбаев.

