«Платформалар арқылы жұмыс істейтіндердің саны 369,1 мың адамды құрайды, олар үшін 1,1 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер аударылған. Қазіргі уақытта өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режиміне (АСР) көшу үшін жеке кәсіпкерлер ЖК ретінде тіркеуден шығуы қажет және мұндай режим арнайы E-Salyq Business мобильді қосымшасында қалыптастырылған алғашқы чек күнінен бастап қолданылады. Сонымен қатар бұл режимді қолдану үшін бірқатар шарт қарастырылған: ЖК болмау, жалдамалы қызметкерлерді пайдаланбау, бекітілген тізімге сәйкес қызмет түрлерін жүзеге асыру, табыс мөлшері 300 АЕК-тен аспау. Азаматтар ҚҚС-тан, жеке табыс салығын төлеуден және есептілік тапсырудан босатылады», – деді Сейілжан Ахметов.
Сондай-ақ ол өзін-өзі жұмыспен қамтығандар табысының тек 4%-ы мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төлейтінін нақтылады (әрбір төлем түрі бойынша 1% – МЗЖ, МЗЖЖ, әлеуметтік аударымдар және МӘМС). Ыңғайлылық үшін табысты автоматты түрде есепке алып, төлемдерді есептейтін E-Salyq Business қосымшасы қолданылады.
Сондай-ақ спикердің айтуынша, электрондық саудаға ҚҚС әкімшілендіру аясында Қазақстан аумағында цифрлық қызмет көрсететін шетелдік интернет-компанияларды тіркеу қамтамасыз етілген.
«Бүгінгі таңда 123 шетелдік салық төлеуші тіркелген, олардың қатарында ірі халықаралық цифрлық платформалар мен маркетплейстер бар. Механизм енгізілген сәттен бастап бюджетке 146 млрд теңге ҚҚС түсті. Тек 2025 жылдың өзінде түсімдер 57 млрд теңгені құрады. Google tax механизмін енгізу шетелдік цифрлық платформаларды салық салумен қамтуға, бюджет кірістерін арттыруға және шетелдік және отандық компаниялар арасында бәсекелестіктің әділ жағдайларын қалыптастыруға мүмкіндік берді», – деп хабарлады Сейілжан Ахметов.
Салықтық әкімшілендірудің негізгі құралы ретінде камералдық бақылау қала береді. Ол тексеруге бармай-ақ жүргізіледі және салық есептілігі мен ақпараттық жүйелер деректерін, соның ішінде электрондық шот-фактураларды, онлайн-кассаларды және басқа да дереккөздерді талдауға негізделген. Камералдық бақылаудың басты мақсаты – салық төлеушіге қателерді өз бетінше түзету мүмкіндігін беру. Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда салық төлеушіге хабарлама жіберіледі және 30 жұмыс күні ішінде ол есептілікті түзете алады немесе түсіндірме ұсынады.
Сонымен қатар МКК цифрлық трансформация аясында салықтық әкімшілендірудің сервиске бағытталған моделіне көшу жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Негізгі мақсат – салық міндеттемелерін орындау үшін түсінікті әрі қолайлы жағдай жасау және бизнесті оның барлық кезеңінде сүйемелдеу. Қателерді азайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған құралдар енгізілуде.
