Биыл бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, Әлеуметтік кодекске, «Автомобиль көлігі туралы» заңға түзетулер енгізілді, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық реттеуді алып тастау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды.
Министрлік арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету, әлеуметтік қолдау, әлеуметтік қызметтер, медициналық-әлеуметтік сараптаманы жетілдіру және еңбек саласына қатысты 66 нормативтік-құқықтық актіні бекітті.
Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдардың құқықтық қорғалуын арттыруға бағытталған 2026–2028 жылдарға арналған іс-шаралар кешенін іске асыру жөніндегі және мүгедектігі бар адамдардың сайлау процесіндегі құқықтарын қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимыл жасауға арналған екі Жол картасы бекітілді.
Вице-министрдің мәліметінше, қазір Қазақстанда 750 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, бұл ел халқының 3,6%-ын құрайды. Олардың ішінде 18 жастан асқан ересектер – 630 мыңнан астам, мүгедектігі бар балалар – 120 мың. Балалар арасында жүйке жүйесі аурулары, психикалық бұзылыстар мен мінез-құлықтың бұзылыстары, туа біткен даму ақаулары, хромосомалық ауытқулар басым. Ересектер арасында психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, қан айналымы жүйесінің аурулары және жарақаттар жиі кездеседі.
«Ағымдағы жылы республикалық бюджеттің әлеуметтік қорғау бағыты бойынша шығыстары түрлі төлемдер мен қызметтер алатын 4,6 млн адамға 5,9 трлн теңгені құрады. Мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар – азаматтардың конституциялық кепілдіктерінің бірі. Олар еңбек өтілі мен жұмысқа орналасуына қарамастан төленеді», – деп қосты спикер.
Жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобы мен себебіне байланысты белгіленеді. 2025 жылы жәрдемақы көлемі 55 мың теңгеден басталып, 101 мың теңгеге дейін жетті. Олар жыл сайын инфляция деңгейін ескере отырып индекстеледі. Осылайша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жәрдемақы мөлшері 10%-ға ұлғайтылады.
2025 жылдың 1 желтоқсандағы ақпаратқа сәйкес, мүгедектік бойынша жәрдемақыны 543 мың адам алған. Жыл басынан бері төлемдерге 467,2 млрд теңге жұмсалды (жылдық жоспар – 511,3 млрд теңге).
