Мемлекет басшысы Жолдауда экономиканың ең өзекті мәселелерін қозғады, оның ішінде ауыл шаруашылығы мәселесіне де айрықша тоқталды. Президенттің айтуынша, қазіргі ең өзекті міндеттің бірі – агрохабтар және логистика орталықтарын дамыту. Ол үшін шетел инвесторларымен серіктестікті нығайту керек. Сонымен қатар министрліктің мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы да маңызды.
«Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят. Бұған қоса дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек. Сондықтан аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Кейінгі 6 жылда агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) субсидиялауға 2,5 трлн теңге бөлініп, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,8 есе өсіп, 2025 жылдың басына қарай 8,3 трлн теңгеге жеткен. Бірақ ІЖӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі төмен. Кейінгі жылдары импорт үлесі тым артып кетті. Аграрлық сарапшылардың айтуынша, әсіресе, ет, құс импортына деген тәуелділік өте жоғары. Бұл ахуал елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Кәсіпкер Максим Барышевтың айтуынша, ішкі нарықта Беларусь тауарларының үстемдігі байқалады.
«Ресей, Беларусь, Қырғызстан елдерінде біздің тауарларды өткізетін, саудалайтын дүкендер желісі жоқ. Ал біздің елде Белорусияның бірнеше өнім желісі бар. Демек ол елдің кәсіпкерлері 4-6 мың шақырымға қарамастан, өнімдерін бізде өткізудің жолын тапқан. Жол шығындарына қарамастан, сыртқы нарықта бәсекелесуге ішкі қоры да, экономикалық ресурсы да жетеді. Отандық өнімдерді қолдауды Салық кодексі арқылы заңдастырмасақ, күні ертең нан-сүтімізді де Қырғызстан мен Беларусьтен алдыратын боламыз. Бұл тек салалық банк арқылы ғана шешімін табады», дейді.
Жалпы, осы Агробанк құру мәселесі бірнеше рет көтерілді. Парламенттегі кейбір депутаттардың табандылығының арқасында Үкіметтің көзқарасы дұрысталып, жағдай өзгере бастаған сыңайлы. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен Агробанк құру мәселесін пысықтап жатқан көрінеді. Бүгінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін ең қажетті ресурс – арзан әрі ұзақмерзімді несие. Шаруалардың кепілдікке қоятын заңдастырылған мүлкі бар. Енді арзан, ұзақ мерзімге несие беретін банк жүйесі керек.
Экономист Қуаныш Айтахановтың айтуынша, салалық банктердің мүмкіндігін экономиканың түрлі сегментіне бағыттайтын кез келді.
«Қаншама жыл бойы қаражаттың ауыл қазынасына қаншалықты түгел құйылғанын, қаншасының желге ұшқанын ешкім ашып айта алмайды. Оны түгендеуге құлықтылар да аз. Жақында ауылды дамытуға 1 трлн теңге бөлінгенін айттық. Бүгін бөлінген, ертең бөлінетін қаржыны Агробанк арқылы бағыттасақ, қаржының қайтарым көзі де нақтыланып, ауыл бизнесі әртараптандырылады», дейді.
Сарапшы Бейсенбек Зиябековтің сөзінше, бізбен бір экономикалық одақтағы Ресей мен Белорусияда сырт елдерде өз өнімдерін саудалайтын компаниялардың логистикалық шығындарына өтемақы беру, сауда желілерін ашуға жеңілдік беру мәселесі қарастырылған. Олардың қыр асып келсе де біздің отандық өнімдермен иық тіресіп тұру себебі осы.
«Мысалы, «Ресей ауыл шаруашылығы банкі» 100 пайыз мемлекеттің иелігінде. Бұл банк сақтандыру, ауылдағы мүлікті басқару, ауыл шаруашылығы техникасын арзан лизингке беру мәселелерімен айналысады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша агросекторды қолдауға 1,7 трлн рубль бөлді. Бұл қаржы біздегі квазисектордағы қаржы институттары сияқты «шашылып» берілмей, бір көзден берілді. Бізде ауыл шаруашылығына қатысты кейбір мәселе бірнеше министрліктің арасында шешіледі. Олардың қысқа мерзімде шешімін табуы тап сол шенеуніктердің құзыретіне тәуелді», дейді Б.Зиябеков.
Жақында Қостанайда құрғақ порт құрылысының басталатыны туралы жаңалық тарады. Аталған транспорттық-логистикалық кешенге «Тобыл» деген атау берілмек. Аумағы 133 гектар, инвестициялық құны 64 млрд теңге болатын кешен 2027 жылы пайдалануға беріліп, жылына 11 млн тоннадан астам жүкті өңдейді. Жалпы, елімізде 2 ірі хаб бар, бірі – Ақтау теңіз порты, екіншісі – Алтынкөл құрғақ порты.