Егістік алқаптарының санын қысқартуға, тіпті дән себуден біржола бас тартқандардың қатары артқан. Диқан қауымы бидай дақылын себудің тиімсіз болып бара жатқанының бірнеше нақты себебін атап, саланы дамытуға жауапты құзырлы министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар іске салғырт қарауды доғармаса, алдағы бірнеше жылда еліміз кәдімгі бидайдың өзін шетелден импортқа тасымалдауы да мүмкін екенін жеткізді.
Иә, құзырлы органдар мен диқандардың келтірген дәйекті деректері осыған саяды. Диқан қауымының айтуынша, бидайдан түсетін табыс көлемі жылдан-жылға азайып барады. Көктемгі егу жұмыстарынан бастап күзгі жиын-терімге дейін шаш етектен шығынға бататын шаруалар алған қарыздары мен несиелерін де жаба алмай құралақан қалатынын, бастан асқан аса көп мәселемен тек өздері бетпе-бет қалғанын айтып шырылдайды. Солардың бірі Ақмола облысы Атбасар ауданына қарасты Есенгелді ауылындағы диқан Нұрбай Жүсіпов егін егудің тек шығынға толы болғанынан қарыздан көз ашпай жатқанын ашық айтты.
– Біз сияқты қарапайым диқандар үлкен қиындықты бастан кешіп жүр. Міне, бірнеше жыл бойы қарыздың үстіне қарызға кіріп, еккен егінімізбен оны мүлде ақтай алмай жүрміз. Жеңілдетілген несие деген атымен жоқ. Маңайлай алмайсың. Қазіргі жағдайымыз аса қиын. Жері үлкен ірі шаруалар болмаса, 300-400 гектарды місе тұтқан біз сияқты ұсақ шаруалардың күні қараң болып барады. Жаңа лизингке техника алу да қиын. Бидайдың бағасы аса төмен болды. Жергілікті әкімдіктен де, банктерден де еш қайыр болмай тұр. Біз қиналған үстіне қиналып кеттік. Бұлай бола берсе, еліміз шынымен нансыз қала ма деген қаупім де бар. Түйткілді мәселені реттеуде жергілікті билік органдары араласып, шаруаларды қинайтын қандай мәселелер бар екенін анықтап, бірлесе шешу жолдарын қарастырса ғой. Ол жоқ. Көпшілігі жабылып тарап кетіп жатыр. Жағдай аса қиын, – дейді диқан Нұрбай Жүсіпов.
Жылдан-жылға бидай алқаптарының азайып бара жатқанын Ауыл шаруашылығы министрлігі де растап берді. Табыс көлемінің төмендеуіне байланысты астықты аймақтардағы шаруалар мен фермерлер кәсібін тастап, басқа саланы таңдауды ұйғарған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми деректеріне сенсек, биыл елімізде жалпы аумағы 23,7 миллион гектар алқапқа егін егілген. Оның ішінде үлесі басым бидайға бөлінген жер көлемі жылдағыдан біршама төмендеген. Биыл небәрі 13 миллион гектарға ғана бидай себіліпті.
Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр елімізде 16,6 миллион гектар бидай егілген. Алайда мұның өзі 2023 жылға қарағанда 5,1 пайызға қысқарған болып шықты. Яғни, статистикалық деректердің өзі бидай егуден мүлдем бас тартқан диқандардың көбейіп бара жатқанын айғақтай түседі.
Мұндай қарқын жалғаса берсе, алдағы бірнеше жылда елде шынымен де нан илеу үшін бидайды шетелдерден импортқа алатын күйге түсуіміз әбден мүмкін. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігі бидай алқаптарын азайту жоспарлы түрде жүзеге асып жатқанын, тіпті алдағы жылдары бидай егілетін жердің одан әрі азаятынын хабарлады.
– Биыл да егістік алқаптардың құрылымын әртараптандыруға ерекше назар аударылды. Бұл ретте егін айналымының ғылыми негізделген нормалары, климаттық тәуекелдерге төзімділік және нарықтық үрдістер ескерілді. Нәтижесінде, өнімділігі жоғары және сұранысқа ие дақылдардың егіс көлемі ұлғайды: майлы дақылдар 3,4 миллион гектарға көбейді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 0,5 млн гектарға артық. Малдың жемазықтық дақылдары – 3,3 млн гектарға, яғни 114 мың гектарға артты. Дәндік жүгері – 167,5 мың гектарға, көкөніс-бақша дақылдары 222,3 мың гектарға егілді, – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері.
Министрліктің мәліметінше, тіпті бидай дақылдарын азайту еліміздегі аграрлық кешендердің жұмысын жандандырып, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді-мыс. Мұны Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров та айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Осының нәтижесінде соңғы 2 жыл ішінде бидай алқабы 750 мың гектарға, биыл 187 мың гектарға қысқарды. Ал мал азығы мен майлы дақылдар алқабы күрт ұлғайып, 3,3 миллион гектарға жетті. Күнбағыс алқабы алғаш рет рекордтық 1,4 млн гектарды құрағалы тұр. Дәнді және бұршақ дақылдары 16,6 млн гектарға егілді, – дейді Ауыл шаруашылығы министрі.
Дегенмен саланың жілігін шағып, майын ішкен сарапшы мамандар бидай алқаптарының жылдан-жылға азаюы жергілікті диірмендердің де жағдайын шатқаяқтап жібере ме деп қорқады. Өйткені негізінен бидайы өте сапалы теріскей мен Шығыс Қазақстан облысының диқандары егін егуден жаппай бас тарта бастаған. Жері құнарлы, жауын-шашын көлемі мол бұл аймақтарда бидайды өсіруге климаттық жағдай аса қолайлы болғанымен, диқан қауым шығынға белшесінен батқандықтан, бидайдың көлемін азайтуға іс жүзінде мәжбүр болып жатқанын ашық айтып отыр.
Ресми келтірілген деректерге жүгінсек, теріскей облыстар мен Шығыс Қазақстан аймақтарында бидай себілетін жер көлемі бірден 25 пайызға дейін азайып кеткен. Оның орнына табыс көлемі молдау болатын күнбағыс, рапс, зығыр мен жасымық егілетін алқаптарға басымдық беріліпті.
Мамандар елімізде бидай «басты дақыл» мәртебесінен 2021-2023 жылдардан бері айырыла бастағанын алға тартады. Оған себеп бидайға берілетін субсидия көлемінің тым төмендеп кетуі болса керек. Шарасыз күйде қалған шаруалар ақыры басқа дақылға көше бастаған секілді.
Тағы да сол ресми деректерге жүгінсек, елде мемлекеттік қолдауымен май дақылын өңдеуші зауыттардың дәурені жүріп тұрғаны байқалады. Статистикасын қарасақ, жыл сайын майлы дақылдардың өнім көлемі 1 миллион тоннаға жоғарылап барады. Биыл тіпті 5 миллион тоннаға жетіп жығылған. Зауыт біткен шаруасын дөңгелету үшін майлы дақылдар егетін шаруаларды «шаммен іздеп» басқалардан бұрын өнімін өзі келіп алып кетуге әзір. Өйткені шикізат аса жоғары сұранысқа ие. Осыдан кейін бағаның да аспандауына әкелген. Мәселен, күнбағыс тоннасының құны былтыр 130 мың теңгенің айналасында болса, биыл бірден 230 мың теңгеге бір-ақ секірген. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтыр жыл соңына қарай бидайдың құны 90-95 мың теңгеге дейін түскені көптің есінде шығар. Қазірдің өзінде бағаның 100 мың теңгенің ол жақ-бұл жағында екені ақиқат.
Қысқасы, бұлай жалғаса берсе, дастарқанның сәні болар нанның өзі жеңсік асқа айналуы мүмкін.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы