Зорлық зомбылық кезіндегі өз елін, жерін қорғауда жанын пида еткен қолбасшы.
Қазақ халқы ХІХ, ХХ ғасырларда талай зобалаңды бастан өткеріп, жойылып кетудің аз-ақ алдында қалғаны бүгінгі таңда көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың бәріне мәлім. «Халықтар түрмесіне айналған патшалық Ресей» (В.И.Ленин) 1868 жылы Столыпин реформасын бекітіп, қазақтың шырайлы жерлерін Ресейден күштеп көшіріліп әкелінген қарашекпендерге беріп қана қоймай, олардың құқықтарын үстем етті. Осыған сүйенген қарашекпендер ойына келгенін істеді. Бұл жөнінде Шәкәрім хажының құрдасы, халық ақыны Сарышолақ Боранбайұлы:
Жайықтан бергі қонысты,
Ну тоғайлы қорысты,
Сай-саланы келісті,
Кірмелер келе шұбыла,
Зорлықпен алды қонысты.
Кірме деп қалай айтайын,
Елінен ауған мұжық-орысты.
Құдамыздай ежелгі,
Шұрайлы мекен бөлісті.
Өзінше жазып заң-зәкөн,
Орында деп бұйырды,
Салақтатып қылышын,
Кәріге қамшы үйірді.
Әулие Мөңке айтқаны,
Бұлжымай келді алдыма.
Елімді билеп кектеме,
Кешегі келген қаңғыма?! – дейді.
Бас билігінен, мал шаруашылығына қолайлы бұрынғыдай көшіп-қону құқығынан, шұрайлы қонысынан айырылған қазақ ашынып отырғанда, 1916 жылғы «июнь жарлығы» бұрқ ете түсті. Ол жарлық бойынша соғысып жатқан Ресей өз уәделерін бұзып, қара жұмысқа қазақтан солдат алатын болды. Қазақстан мен Орталық Азиядан он тоғыз бен қырық үш жас аралығындағы 500 мың адам, мұның 250 мыңын Қазақстаннан алу жоспарланды. Июнь жарлығының зардаптары турасында 1917 жылдың 8 қаңтарында «Қазақ» газетінде Міржақып Дулатовтың «Тарихи жыл» атты мақаласы жарық көрді. Осы мақаласында қазақтың біртуар азаматы былай дейді: «Ел арасында қысқа күнде қырық түрлі хабар тарады. Қорқыныш күннен-күнге ұлғайды. Әулиеге ат айтты, қорасанға қой айтты. Сауысқан, қарға тойынды. … «Сенің де балаң алынады» дегенді естіген шал- кемпірдің ішінен жүрегі жарылып өлгендер болды».
Жарлыққа қарсы әсіресе Жетісу, Торғай, Ырғыз қазақтары үлкен наразылық танытты. Әр жерде қарулы жасақ құрып, патшаға солдат бермейміз деп қарсы шықты. Ол топтар өздеріне көсем іздей бастады. Сондай көрнекі көсемдердің бірі қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан шыққан Айжарқын Қанайұлы еді. Әдепкіде, оның айналасына Ырғыз учелищесін бітірген жастар мен қара тізімге ілінген 400 жігіт жиналған. Аз уақыттың ішінде Айжарқынның жасағының саны бірнеше мыңға жетіп, сарбаздар Айжарқынды ақ киізге отырғызған қалпы бастарына көтеріп, өздеріне хан етіп сайлап алады. Ол өзінің сарбаздарын Қызылкөл мен Торғай өзенінің бойына қос тігіп, орналастырады. Осы жерде сарбаздарын әскери әзірліктерден өткізіп, соғысқа қызу дайындала бастайды. Қазіргі Ырғыз аумағындағы «Дүкен» елді мекеннің атауы, осы Айжарқынның ұсталары қару-жарақтар жасайтын, бұзылған мылтықтарды жөндейтін арнайы «дүкені» орналасқан жер болғандықтан осылай аталып кеткен. Айжарқын хан өзіне көршілес Тәуіп, Аманкөл, Бақсайыс сияқты уездерде көтерілген сарбаздардың басшылары Әйменбет Шобанов, Қалтай Қатшин, Тайшым Орысовтармен және тағы басқа тығыз байланыс жасай отырып, бүкіл Ырғыз-Торғай жол торабын толық бақылауға алады. Өкіметке қарсы бұл қарулы көтеріліс бес айға созылып, айбыны уез, губерниядан әрі асып, патшаның алдына да жетті. Мұның себебі Торғай облысындағы басқа да июнь жарлығына қарсы көтерілістермен қанаттас қатар жүріп, өзара байланыста болуы еді. Сондықтан Айжарқын басқарған көтерілісті олардан бөліп алып, жалаң қарастыру зерттеушілерге жақсы нәтиже бермейді.
Торғайда да, Ырғыз жерінде де бірнеше топтар өз хандарын сайлап алған еді, мысалы Тәуіп болысында көтерілісшілер Әймәмбет Шобанұлын хан сайлап, Төреш Досманұлы, Байжан Үмбетұлы, Кенжебай Үмбетұлы, Ыбырай Айкөбекұлы сияқты азаматтарды уәзір қойды. Бақсайыс болысында Жұмағазы Жүргенов хан көтерілсе, Қызылжар болысында Тойшым Орысұлы хан сайланып, хан кеңесшісі Сағынай деген ақсақал болған. Бұлардың бәрі де олқы емес, мәселен, Тойшымның қарамағындағы сарбаздар саны 2500-ге дейін жеткен. Алайда, Торғайдағы көтеріліске жалпы басшылық жасаған Оспан хан мен Әбдіғапар хан болса, Ырғыз өңіріндегі көтеріліске жалпы басшылық жасаған Айжарқын хан еді. Содан болса керек ел аузында: «Хандардың ханы Айжарқын, Ұмытпас сені ел-халқың» деген сөз сақталған.
Жарлыққа қарсы болды деп, қаладағы түрмеде қамаулы жатқан 140 адамды босатуды талап етіп Оспан мен Әбдіғапар Торғайды он екі мың қолмен қоршауға алады. «Қарсы болды» деп түрмеге қамалғандар жан төзгісіз азапты бастан кешіреді, тамақ тұрыпты, ішер судың жоқтығынан жеті адам өлсе, әйелдердің үшеуі бір түнде сонда босанып қалған еді. Осындай аласапыран басталған сәтте ел ішінен неше түрлі алаяқтар шығып, халықты екінші жағынан қысады. Осы мәселе туралы Міржақып Дулатов жоғарыдағы мақаласында: «Халықтың берекесін қашырған прием уақытында «алып қаламын», «құтқарамын» деп қамқорсынғандар – қырда атқа міңгендер, қалада орысша оқығандар. Бұлардың олжасында есеп жоқ. …Құдайдан қорықпаған адамнан ұялмаған имансыздар қазақты тойғанынша жем қылды. Ақырында халық олардан опа көрмеді» деп жазды. Мұндай қылыққа күйінген Міржақып бұдан әрі: «Ғұмырында халықтың басына келмеген апаттың кезінде «жақсы» дегендеріміздің мұндай хайуандық табиғат көрінуі Һәм жиі көрінуі – жұрт қатарына қосылсақ та барып-барып қосыларымызды көрсетті» – дейді, әбден түңіліп.
Оспан мен Әбдіғапар түрмедегілерді тозақ отынан құтқару адамгершілік борышымыз деп есептейді. Бұл жөнінде Торғай даласына айдалып келген, өз көзімен көрген Я.Довбыщенко күнделігінде аққа қарамен мынадай таңбалар қалдырыпты: «22 қазан.Торғай қоршауда. Соғыс жағдайы жарияланған. Телеграф байланысы жойылған, бекеттері қиратылған. Ткаченко жендеттің бетіне қарауға болмайды, қорыққаннан түрі қашқан, өлген адам сияқты». «30 қазан. Қоршаудағы он бірінші күн. Қаланы 15 мыңдай, не одан да көп көтерлісшілер қоршаған».
24 қазанда Торғай уезінің бастығы Р.Г.Граф патшаға: «Уез соғыс жағдайында, Торғаймен барлық байланыс үзілді. Торғай қоршауда. Ырғыз қоршауға жақын» деп хабарлады. Үрейленген патша Торғай мен Ырғыздағы көтерілісті басу үшін генерал-лейтенант Лавреньев бастаған 14 жаяу әскер ротасын, 11атты әскер жүздігін, 14 зеңбірегі, 6 пулеметі бар жазалаушы әскери экспедицияны Торғай облысына аттандырады.
Қазан айының орта кезінде Ырғызға қарасты болыстарда, негізінен үш көтерілісшілер тобы ұйымдасып әрқайсысы өзіне хан сайлайды. Ең ірі топтың ханы Қанаев Айжарқын жалпы басшылықты қолына алды, 18 қазанда Ырғыздан 70 шақырым жерде Қызылкөл тұсында 2500 сарбаз жазалаушы әскер тобына шабуыл жасайды. Келесі күні жазалаушы әскер тобы Ырғыздан Қарабұтаққа дейін барған көтерілісшілерді қуып жете алмаған. «Автомобиль, самолет керек», – дейді генерал Сандецский, бас штабқа хабарында. Жазалаушы патша әскері жолшыбай ауылдарды өртеп, малдарын тартып алып, бала-шаға, қарияларды ұрып-соғып, қыз, келіншектерге зорлық жасап, өздерінің тәрбиесінің төмендігін, хайуаннан әрі еместігін көрсетті.
22 қазанда Оспан ханның бұйрығы бойынша Тосын болысы сарбаздары Торғай-Ырғыз арасындағы 5 телеграф бағандарды жойып, бекеттерін қиратты. Әрі қарай Ырғызға дейінгі бекеттерді хан Айжарқынның сарбаздары басып алып, телеграф-телефон хабарларын үзді. Осы күні Айжарқын сарбаздары есауыл Грузиновтың әскеріне шабуыл жасап, 8 әскерін, Балпан бекетіндегі 6 күзетшісін жойған. Бұл Айжарқынның белгілі бір тәртіппен қимылдайтынын көрсетеді.
Қазан, айында Айжарқын хан басшылық жасаған ырғыздықтар көтерілісті тұншықтыруға келген патша әскерімен тоғыз рет бетпе-бет келіп соғысты. Көтерілісті басуға әуелгіде келген подполковник барон Фон-Розен, жасауыл Кузнецов, офицер Месяцев бастаған казак, орысы аралас, зеңбірек сүйретіп, мылтық асынған жаумен қиян-кескі күрес жүргізді.
Зерттеушілер Ырғыз бен Торғайда болған көтерілісті бөлек-бөлек қарастырады. Кейбіреуі біріге алмағандықтан тез жеңіліске ұшырап, қарсылық тоқтады дейді. Шындығында, мұның екеуі де дұрыс емес, Біріншіден, 1917жылдың ақпан айында Батпаққара тобы жазалаушы әскермен 2 рет ұрыс өткізген. Бұл 1916 жылғы қыркүйекте басталған көтерілістің әлі тоқтамағанының айғағы. 6 наурызда Уақытша үкімет 1916-1917 жылдардағы көтерілісшілердің бәріне амнистия жариялап, бұл жөнінде 11 наурызында Әбдіғапарға «патша құлап, кешірім жасалды» деген хабар тигенде, қасындағы іріктелген 500-ден астам жасағымен әлі партизандық соғыс жүргізіп жүр еді. Екіншіден, екі тараптың басы бірікпеді деген де қисынға келмейді. Мысалы, 1916 жылдың қазан айында ырғыздықтар патша әскерімен 9 рет шайқас өткізсе, осының үшеуі Торғайдың Тосын болысы тобымен бірлестікте өтті. Сондай-ақ, қарашадағы ырғыздықтардың 5 шайқасына Тосын тобы бастан аяқ қатысса, біреуіне Батпаққара тобы қатысты. Осы жерде мына жағдайды да ескеру керек, көтеріліс тек Торғайда немесе тек Ырғызда өтсе, мұны тұншықтыра салу өкіметке оңайға түсер еді. Ырғыз бен Торғайдағы көтерілісті бөліп қарау, осы шындықтарды көмескілендіріп жібереді. Бұл мәселені қорытып айтқанда, көтерілістің көрнекті басшылыры Оспан хан, Айжарқын хан, Әбдіғапар хан бір-бірімен хабар алысып, соғыс жағдайын бірлестікте шешуге ұмтылған. Мұның қажеттігін түсінбейтіндей олар ақылы аз адамдар емес еді.
Айжарқын ханның жалпы басшылығымен ұрыстар өткізген ырғыздық көтерілісшілер 1916 жылдың 18 қыркүйегінен 1917 жылдың ақпанына дейін жазалаушы әскермен ірілі-ұсақты 30-дан астам қақтығыстар жасады. Атап айтсақ, 1916 жылдың 18 қыркүйегінен 1917 жылдың 12 қаңтарына дейін, яғни, Айжарқын тұтқынға түскенге дейін бес ай бойы 20 рет патша әскерімен тікелей ірі ұрысқа түсті. Ең ірі қақтығыс Батпаққарада өткен еді. Айжарқындық қаһармандар жазалаушылардың Торғай, Батпаққара көтерілісшілеріне баратын жолын бес ай бойы бөгеп, жоспарларын жүзеге асыртпады. Ырғыз жерінде жоғарыда Міржақып Дулатов айтқандай келеңсіздіктер болған жоқ. Мұның себебі, үш өзен, тоқсан көлі бар Ырғыздың жері құнарлы еді. Құнарлы жер мал шаруашылығына қолайлы болған соң мұндағы жұрттың қарыны тоқ, көйлегі көк, жағасы бүтін-ді. Жоқшылық көрмеген елдің иманы да түгел болатын. Айжарқынға малы барлар зор көмек көрсетті, азық-түлікпен қамтып, қару-жарақ, оқ-дәрілерді Жаманқала (Орск), Троицк қалаларынан малды айырбастау арқылы сатып әперді.
Айжарқынды қолға түсіру үшін, 1917 жылдың 12 қаңтарында, подесауыл Кузнецов дегеннің басшылығындағы, қарамағында екі жүздігі, 4 пулеметі, 2 зеңбірегі бар ерекше отряд жасақтауға мәжбүр болған. Олар Айжарқын ханның тобын «Балапан» станциясының солтүстігіндегі 80 шақырымдай жердегі «Жарықкөл» ауылында алаңсыз отырғанда қоршап алады. Ауылға шабуыл кезінде, орыстың 6 солдаты қаза тапқан. Алайда күші басым жау осы жолы Айжарқынды тұтқындап, жанындағы сарбаздарымен және баласы Әбіл Айжарқыновпен бірге Ырғыздағы түрмеге әкеліп қамайды. Патша үкіметі оны өлім жазасына кеседі. Тап осы кезде Ресейде 1917 жылғы ақпан төңкерісі орын алып, патша тақтан түсті. 5 наурызда Ресейдің соғыс министрі телефон арқылы экспедициялық отрядтың қимылдарын шұғыл тоқтату туралы бұйрық берді. Мұның нәтижесінде патшаның билігі жойылып, түрмедегі саяси тұтқындардың барлығы тегіс бостандыққа шығарылады. Солардың қатарында Айжарқын мен оның сарбаздары да азаттық алып, елге оралған.
1855 жылы бұрынғы Ырғыз уезі Кенжеқара болысында, совет тұсындағы «Басқұдық» совхозына қарасты Мамыт елді мекенінде туып-өскен Айжарқын, өзінің құтты мекенінде 1930 жылға дейін тыныш та бейбіт өмір сүреді. 1929 жылғы Қазақстан өлкелік партия комитеті бюросының 6 қарашадағы «Қазақ халқын отырықшыландыру туралы» қарары және аталған бюроның 1930 жылғы 19 қаңтардағы екінші рет шыққан осыған ұқсас қаулысы халықтың астан-кестеңін шығарды. Атап айтқанда, бұл құжаттар шаруалардың қолындағы ең соңғы тұяғына дейін тартып алынып, халықты орасан зор дағдарысқа душар етуіне мүмкіндік берген-ді. Халық қайта көтеріледі. Өздеріне басшы іздеген олар 75 жастағы Айжарқынға қолқа салады. Басында жас ерекшелігіне байланысты бас тартқан батырды ел-жұрты «бізге білгеніңді айтып, бас-көз бол» деп қайта-қайта қолқалаған соң шыдай алмаған Айжарқын, қолына қару алып, елді бастап, большевиктер билеген үкіметке қарсы шығады. Осы кезде халық оны өздеріне екінші мәрте хан сайлайды. Елге аты мәлім Мұхатай Саматұлы ханның бас кеңесшісі деп танылады. Көтерілістің ауқымы тез кеңейіп, Ресей шекарасына дейін жетеді. Бұдан сескенген Голошекин Қазақстан тұрыпты, Ресейден де көмек сұрайды. Волга әскери округінен, Саратовтағы 8-ші атты әскер дивизиясынан бөлімдер жіберіледі. Бұлар жер үсті көліктері ғана емес, аэропландармен де жабдықталған еді. Орскіден Маленков деген басқарған 45 атты әскер, Шафранек басқарған 120 атты әскердің екі отряды арнайы алдырылады. 1930 жылдың наурыз айында Нұра бойында екі жақ арасында ұрыс басталады. Зеңбірек пен мылтықтан атылған оқ ештеңе емес, аэропланның көктен шүйлігіп пулеметтен жаудырған оғы көтерілісшілерді баудай түсіреді. Осы ұрыста жауынгерлерін тастап кетпеген Кенесары хан сияқты немесе Исатай сияқты Айжарқын хан да табандап соғысып мерт болады. Негізінде тапсырма алған жау Айжарқынды тірілей ұстауға тырысады. Ханның 2005 жылы Алматыда көз жұмған туған қызы Сафураның айтуы бойынша Айжарқын қамшыгер адам екен, қамшыгердің қолындағы қамшысы жай сапалақ болмасы белгілі, жақындағандарды жолатпайды. Амалсыздан мылтықпен атып, өлімші қылып барып ұстайды. Ел аузында Айжарқынның соңғы сөзінен үзінді деп төмендегідей азғантай өлең шумағы айтылып жүр.
«Биссмилла!
Айтайын тілім барда кәлимамды,
Уа, Алла, тұттым әр кез мен иманымды.
Әділет соғысында оқ қадалды,
Кеудеден шығарғалы шыбын жанды.
Қош енді, құтты Мамыт, Басқұдығым,
Бауырыңнан малың кетіп, қашты құтың.
Дұшпанның жағасына қолым жетпей,
Қадірі өтті-ау, заман-жастығымның.
Бозжорғам, қош-есен бол, жан серігім,
Иесіз қап, мойныңда кетті-ау ерің!..
Дариға, біреу мініп, ойқастарсың,
Ертең-ақ дөңгеленіп басқан жерің.
Келдің бе, әз-Наурызым – Жаңа Жылым?..
Ақ дәмнен ауыз тиіп барады ұлың.
Өзіме үміт артып, оты жанбай,
Артымда елім қалды қарақұрым…»
Ел ішінде ханды №45 полктың командирі Маленков атқан екен, сол Айжарқынның бозжорғасын біразға дейін мініп жүріпті деген әңгіме бар. Айжарқын хан туралы тұжырымды мақала жазған Әбдісали Дәулетбаев осы шумақтарға сүйене отырып: «Батырдың қаза тапқан күні жөнінде бірнеше болжамдар қатар айтылады. Айырым зерттеушілер, оның қаза тапқан күні – 8 наурыз бен 9 наурыздың аралығы десе, екіншілері 21 наурыз деп есептейді, ал үшіншілері 23 наурызға тоқтайды. Меніңше, соңғы дерек қисынға келетін секілді. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген. Оның үстіне, қазақ – өлеңді аса құрметтейтін халық. Ал тұлғалар туралы ел аузындағы өлеңдер көп айтылып, әбден нақтыланып, електен өткізілетіні де белгілі. Мына өлеңге ешқандай түсінік берудің қажеті де жоқ. Бәрі анық та нақты айтылып тұр. Демек, Айжарқын Қанайұлы қаза тапқан күн – Жаңа Жылдан кейін, яғни 1930 жылдың 23 наурызы» дейді. Біз де осы қисынды дұрыс деп есептейміз. Нұра ауылдық округіндегі «Сүлеймен» қыстағының маңындағы Айжарқын Қанайұлының шейіт болған жеріне бір топ ұрпақтары барып, басын қарайтып, белгі орнатты. 1925 жылы туған Айжарқынқызы Сафураның мәліметінше Айжарқынның Әбіл, Әбу дейтін екі ұлы, Рахима, Сұлуфан, Сафура деген үш қызы болған. Балалары Қазақстандағы қуғын-сүргіннен қашып Ресей жеріне, Орскіге өтіп кеткен. Әбілді біреу «Совет өкіметіне қарсы адамның баласы» деп көрсетіп ұсталып кеткен. Әбу 1941жылы соғысқа алынып, содан жоқ.
Біз жақсы білетін Амангелді Иманов Әбдіғапар ханның әскербасыларының бірі болды, ал Әліби Жангелдин кеңесшілерінің бірі еді. Кейін совет өкіметі жағына шыққан Амангелді мен Жангелдин халық батырлары атанып, астанамыз Алматыда көше атауы беріліп, ескерткіш қойылды, мектеп бағдарламасына енді. Кинофильм түсірілді. Ақындар жырға қосты. Орта мектеп бітірген балалар тегіс оқып, біліп шықты. Ал, «патшалық Ресейге қарсы болды» деген желеумен Әбдіғапар ханның аты өшті. Айжарқын Қанайұлы да осының кебін құшты. Тәуелсіздік алғанымызға 34 жыл өтсе де, Астана түгілі қиян шеттегі, қазақ даласының белгісіздеу түкпіріндегі туған ауылында Айжарқын ханға бір шаңды көшенің аты әлі күнге бұйырмай тұр. Сұрасақ бермейді. Қиын көрінеді.
Жұманазар Асанов,
Жазушылар одағының мүшесі
Ақтөбе қаласы