Close Menu
Ultnews-ақпараттық агентігі
  • Жаңалықтар
  • Аймақ
  • Саясат
  • Қоғам
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Денсаулық
  • Спорт
Facebook X (Twitter) Instagram
  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Сайт тәртібі
Facebook X (Twitter) Instagram
Ultnews-ақпараттық агентігі
  • Жаңалықтар
  • Аймақ
  • Саясат
  • Қоғам
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Денсаулық
  • Спорт
ҚАЗ РУС
Ultnews-ақпараттық агентігі
Home»Жаңалықтар»Дәстүрлі өнер тоқырады ма?
Жаңалықтар

Дәстүрлі өнер тоқырады ма?

09.05.20253 750 Views
Share
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Бүгінгі таңда қазақтың әншілік пен күйшілік өнері сан түрлі қысым мен қайшылықтың арасында қалып отыр. Бір жағынан, интернет пен жаһандану дәуірінде жастар арасында ұлттық өнерге деген қызығушылық арта түсуде. Екінші жағынан, бұл өнердің қалыпты ортасы мен аутентикалық дәстүрі күннен күнге әлсіреп, сахналық форма мен академиялық стандарттарға ыңғайланып бара жатыр. Көпшілікке арналған концерттерде күй мен жыр орындалады. Ол дұрыс. Келісеміз. Алайда ол орындаулар шынайы дәстүрлі үлгіге сай ма, әлде тек сыртқы формасын ғана қайталау ма – бұл сұрақ өзекті күйінде қалып отыр.  

ХХ ғасырдың ортасында дәстүрлі орындаушылық өнер қазақтың рухани өмірінде маңызды орын алғаны рас. Халық композиторларының шығармашылығы ұлттық сананы жаңғыртатын бір элемент еді. Бірақ уақыт өте келе бұл өзгерді. Дәстүр жаңа жағдайларға бейімделуге мәжбүр болды. Бізге дәл қазір, яғни 2025 жылы, осы өзгерістерге көз салып, қазіргі жағдаймен салыстыру, маңызды әрі қызықты болар деп ойлаймыз.

Осы орайда бұрынғы уақытта жарыққа шыққан мақаланы талдап көрмек едік. Таңдауымыз өнертану саласы бойынша ғылым докторы Ә. Мұхамбетова мен Г. Омарованың орыс тіліндегі «Қазақстандағы дәстүрлі музыка орындаушылық өнердің өзекті мәселелері» атты мақаласына түсті. 1998 жылы жарық көрген мақалада қазақ дәстүрлі өнерінің сол кездегі өзекті мәселелері нақты көрсетілген. Бұл мақалада ХХ ғасыр соңындағы орындаушылық өнердің тоқырау себептері мен проблемалары ғылыми тұрғыда талданып, болашақ үшін маңызды ескертулер жасалған.

Біздің ойымызша, уақыт алмасқанымен, мақалада айтылған мәселелер әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан да біз осы мақаланы қайта қарап, ондағы айтылған ойларды бүгінгі күнмен салыстырып, отыз жылда не өзгергенін, не өзгермегенін бағамдап көрмекпіз.

Әу дегеннен көзге түсетіні – авторлардың ұстанымы. Олардың жазуы бойынша, дәстүрлі орындаушылық өнер – бұл жай ғана музыкалық шығарма емес, ол ұлттың тарихи жады мен дүниетанымының көрінісі. Ән мен күй, жыр мен терме – бұлар қазақ халқының философиясын және дүниеге көзқарасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің басты құралдары болған. Бірақ ХХ ғасырдың екінші жартысында бұл өнер түрлері өз табиғи арнасынан алыстап, мәдениет саясаты мен оқу жүйесінің ықпалына түсті. Бұрынғыдай қолдан қолға үйрету жалғастығы үзіліп, орындаушылықтың дәстүрлі ортасы әлсіреді.

Әрине, бұның басты себебі Кеңес Одағы уақытында жүргізілген «жұмыстың нәтижесі». Ол тұста фольклор мен кәсіби музыка арасында жасанды шекара жүргізілді. Дәстүрлі өнерді кәсіби деңгейге көтерудің орнына, оны фольклорлық репертуар ретінде ғана қарап, екінші қатарға ысырды. Орындаушылар көбіне оркестрлерге жұмысқа алынып, күйді жеке шығармашылық жеткізу формасы емес, репертуарлық материал ретінде орындай бастады. Мұндай жағдай орындаушылық еркіндік пен импровизациялық сипаттың жоғалуына әкелді.

Авторлар кеңестік мәдени саясаттың түпкі салдарын нақты атап та өтеді. Олардың пікірінше, орындаушылық «тірі процесс» болудан қалып, мұрағаттық формаға өтті. Оны қайталау бар. Бірақ даму, шығармашылық ізденіс жоқ. Шығарма мен орындаушы арасындағы «тірі диалог» жойылды. Осы арқылы дәстүрлі музыка өз табиғи формасынан ажырап, сахналық «реконструкцияға» айналды.

Мақалада білім беру жүйесіне ерекше назар аударылған. Мәдениет саласындағы оқу орындарында әлі де еуропалық жүйе басым деп жазылған. Жас орындаушылар нотамен жұмыс істеуге әрі классикалық (еуропалық) шығармаларды орындау техникасын игеруге бағытталған. Ал дәстүрлі өнердің табиғаты мүлде басқа – ол есту (көру) арқылы қабылданатын, контекстік білімге негізделген, ұрпақтан ұрпаққа берілетін мәдени форма. Бұл айырмашылықты ескермеу – орындаушылықтың дәстүрін жоюмен тең. Авторлардың пайымынша, аутентикалық (төлтумалық) стиль мен репертуар сақталғанымен, оның ішкі «рухы» жоғалады.

2025 жылға қарай бұл жағдай өзгерді ме? Әрине, отыз бұрынғымен салыстыру қиын. Өйткені ол уақытты естігеніміз болмаса, сараптай алатын дәрежеде көргеніміз жоқ. Дегенмен Ә. Мұхамбетова, Г. Омаровалар жазған мақала негізінде салыстыратын болсақ, қазіргі таңда кейбір оқу орындары, дәстүрлі орындаушылықты жеке мамандық ретінде оқытады. Алайда жалпы жүйе әлі де еуроцентристік сипатынан толық арылған жоқ. Жас орындаушы әлі де орындаушылық стильді тек жеке ұстаздардан (арнайы мамандық) үйреніп жүр. Ал оқу процесінде үйретіліп жатқан күй тарту мен ән айту дәстүрлі орындауға жата ма, жоқ па – бұл сұрақтың жауабы оқытушының жеке көзқарасы мен әдістемесіне байланысты болып отыр.

1998 жылғы мақалада көтерілген аса өзекті мәселелердің бірі – тыңдарман мәдениетінің өзгеруі. Авторлардың пайымынша, кеңестік кезеңде фольклор мен кәсіби музыка арасындағы жасанды шекара қалыптасқаннан кейін дәстүрлі орындаушылық өнер қоғамдық қабылдаудан шеттетілді. Бұл жағдай дәстүрлі музыканы тыңдау мен қабылдаудың жаңа түрін – яғни, селқостық пен немқұрайдылықты қалыптастырды. (Бұл қаншалықты жағымсыз оқылса да, солай болғанын басқа естеліктерден де оқып жүрміз). Авторлар атап өткендей, аутентикалық орындау қалалық сахналардан алшақтап, тек ауылдық немесе фольклорлық фестивальдер шеңберінде ғана көрініс табатын болды. Бұл орындау формасының көпшілікке ұсынылмауы тыңдарманның дәстүрлі музыканы түсінуіне (авторлар «есту тәжірибесі» деп атайды) тікелей әсер етті.

Тыңдарман енді шынайы дәстүрлі шығарманы емес, сахналық, лайықталған нұсқаларды қабылдауға үйрене бастады. Мақалада бұл үрдіс «есту экологиясының бұзылуы» ретінде сипатталады. Сонымен қатар авторлар 1990 жылдардың ортасында жапон зерттеушісі Норико Тоданың Алматы қаласында аутентикалық қазақ музыкасын таба алмай, аудиожазбаларды ұзақ іздегені туралы нақты мысал келтіреді. Бұл мысал Қазақстандағы тыңдарман кеңістігінде дәстүрлі музыка шын мәнінде көрінбей қалғанын дәлелдейді.

Авторлардың пікірінше, тыңдарман санасында ұлттық (дәстүрлі) музыка күнделікті естілетін құбылыс ретінде қалыптаспай, тек концерттік немесе мерекелік атрибутқа айналып кеткен. Бұл жағдай орындаушылық өнердің болашағына, оның табиғи жалғастығына үлкен қауіп төндіреді. Себебі тыңдарман сұранысы болмаса, орындаушының да шығармашылық шабыты әлсірейді. Мақалада бұл мәселе жеке талқыланып, дәстүрлі орындаушылық өнерінің өміршеңдігі, ең алдымен, тыңдарманның дайындығы мен мәдени сұранысына байланысты деген оймен тұжырымдалады.

Бұл мақала жазылғаннан кейін отыз жыл уақыт өтті. Бүгінгі жағдайға назар аударсақ, дәстүрлі музыкалық кеңістік бірнеше бағытқа бөлініп кеткенін көреміз. Қазіргі таңда бұл салада түрлі бағыттағы орындаушылық қатар өмір сүріп жатыр. Біріншісі – академиялық формадағы орындаушылық: сахна, оркестр, нотамен ойнау. Бұл бағыт – танымал, ресмиленген, бірақ өз ішінде стандартқа айналып бара жатқан жүйе. Екіншісі — интернет кеңістігінде дамып жатқан дербес орындаушылар: TikTok, YouTube, Instagram арқылы дәстүрлі ән мен күйді тікелей орындап жүрген жастар. Бұл ортада еркіндік бар, тыңдаушы да көп, бірақ ғылыми жүйелілік пен дәстүрлі орындаудан алыстау деп ойлаймыз. Үшіншісі – дәстүрлі орындаушылықтың аутентикалық дәстүрін сақтап келе жатқан санаулы шеберлер мен өнерпаздар. Алайда бұл бағыт өте осал: ондай орындаушылардың жасы ұлғайып барады, ал олардың орнын басатын жастар аз. Соның салдарынан бұл мектептердің болашағы бұлыңғыр болып тұр.

Жаңа буын өнерпаздары арасында өзіндік жолын табуға тырысатындар аз емес. Көбі дәстүрге шын қызығып, соны жалғастырғысы келеді. Алайда көп жағдайда олардың қайсысы нағыз дәстүр, қайсысы жаңартылған үлгі екенін ажырата алмайтыны байқалады. Не болмаса ондай айырмашылықты аса маңызды деп санамайды. Мысалы, байырғы күйлерді өзгертіп тарту дәстүрлі мектеп үшін жат саналғанымен, бүгінгі жастар бұл әрекетті «шығармашылық еркіндік» деп қабылдайды. Мысалға өз жанынан күй шығарып немесе шет елдің әуенін домбырамен орындау эстрада стиліне сай келсе, оны ешкім оғаш көрмейді. Ескі мектептің талаптарын берік ұстанатындар да бар, олар аутентикалық дәстүрді сақтау жолында өз білгенінше қызмет етіп жүр. Осы екі бағыттың арасында тепе-теңдік пен түсіністік бола ма, жоқ па – ол алдағы уақыттың еншісінде. Бүгінгі жағдай күрделі болғанымен, үміттенуге негіз бар. Сенгіміз келмесе де, сенуге тырысамыз.

Ә. Мұхамбетова мен Г. Омарова 1998 жылғы жазған мақала – бүгінгі қазақ музыкалық мәдениетін түсіну үшін бағдаршам іспеттес. Онда көтерілген мәселелер тек орындаушыларға ғана емес, бүкіл қоғамға бағытталған сұрақтар. Қазақ музыкасының болашағы тек домбыра мен қобыздың сақталуында ғана емес, солар арқылы жеткен орындаушылықтың төлтумалық дәстүрінің сақталуында.

Қорытындылай келе, бұл жазбамызда біз Ә. Мұхамбетова мен Г. Омарованың 1998 жылы жазған мақаласына сүйене отырып, қазақтың дәстүрлі орындаушылық өнерінің жағдайын бүгінгі күнмен салыстырып көруге тырыстық. Араға отыз жыл салып, кейбір өзгерістердің болғанын көрсек те, сол кездегі өзекті мәселелердің көбі әлі де шешімін таппай келе жатқаны байқалады. Бұл талдауымыз – жеке көзқарасымызға негізделген, өз пікіріміз. Біз бұл бағытта басқа да көзқарастар мен ой-тұжырымдардың бар екенін жақсы түсінеміз. Кейбір пікірлермен келіспесек те, әр адамның өз ойы болатынын түсінеміз және оны сыйлаймыз. 

Рүстем Нүркенов, күй зерттеушісі

Share. Facebook Twitter Pinterest Tumblr Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Оқи отырыңыз...

Ақтауда жаңғыртылған Caspi Bitum зауыты іске қосылды

09.05.2025296 Views

Биыл Ақтөбе облысында 14 жайлы мектеп құрылысы аяқталады

09.05.202592 Views

«Таза Қазақстан»: Қарағанды облысында ағаш көшеттері өсіріліп, орман алқаптары қалпына келтіріліп жатыр

09.05.2025343 Views
Соңғы жаңалықтар

Қытай Трамппен келісім жасауға дайын екенін мәлімдеді

09.05.2025

Адамның денесі мен миын мұздатып, кейін қайта тірілту мүмкін бе?

09.05.2025

Дональд Трамп: «Мен Папа болғым келеді, бұл менің бірінші қалауым болар еді»

09.05.2025

Дәстүрлі өнер тоқырады ма?

09.05.2025

Қасым-Жомарт Тоқаев: Достық пен тыныштық – Қазақстанды тұрақты дамытудың берік негізі

09.05.2025

Ақтауда жаңғыртылған Caspi Bitum зауыты іске қосылды

09.05.2025

Биыл Ақтөбе облысында 14 жайлы мектеп құрылысы аяқталады

09.05.2025
Advertisement
Demo

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

Facebook X (Twitter) Instagram YouTube Telegram

2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат комитетіне № KZ66VPY00098072 нөмірімен тіркеліп, “Ultnews.kz” ақпараттық агенттігі ретінде куәлігі берілді.

©2023- 2025 / Ultnews.kz ақпараттық сайты/ Барлық құқықтар тіркелген.
  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Сайт тәртібі

Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.