Еліміздің кейбір өңірлерінде ана мен бала өлімі азаймай тұр. Сәби сүюге талпынған аналардың бақилық болуына, жарық дүние есігін енді ашқан нәрестелердің шетінеуіне не себеп? Бұл мәселе Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Атырауда өткен көшпелі отырысында талқыланды.
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев кейінгі алты жылда тіркелген ана мен бала өліміне қатысты алаңдатарлық деректерді ортаға салды. Оның айтуынша, Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстарында бала өлімі көбейген.
«Елімізде 2019 жылы 3 360 сәби шетінеген. 2020 жылы 3 286, 2021 жылы 3 732 сәби қара жердің қойнына тапсырылған. 2022 жылы 3 154 сәби көз жұмған, 2023 жылы 2 998 сәби шетінеген, 2024 жылы 2 598 бөпені құндақтаулы күйінде мәйітханадан алып шыққан. Ресми органдар сәби өлімінің азайғанын алға тартады. Бірақ кейінгі бір жылдың өзінде екі жарым мың бөпеден айырылып қалу көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Кейде көпшілік перзентханалар мен дәрігерлерді айыптап жатады. Перзентханаға тірі барған аяғы ауыр әйелді табытпен қайтарғандар жауап берсін деп талап етеді. Кейде жұрт «Перзентханада дәрігерге сыйақы бермесең, толғақ қысып, жаның көзіңе көрінгенде де көз қырын салмайды» деп шағымданады. Барлық ақ халатты жандарды айыптау да ағаттық, дегенмен, саладағы солқылдақтықты жою қажет. Себебі ісіне салғырт қараған кей адамның кесірінен өмірін медицинаға арнаған мыңдаған білікті маманның атына кір келеді», деді Н.Сәрсенғалиев.
Депутаттың пікірінше, елімізде 2008 жылы ДДҰ ұсынған тірі туу критерийлері енгізілген. Соның нәтижесінде елімізде дене салмағы 500 грамнан басталатын, жүктіліктің 22 аптасындағы гестация мерзімі бар балаларды аман алып қалу тәжірибесі жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 2024 жылы салмағы 500 грамнан 1 килоға дейінгі 1 281 сәби туған. Шала туған нәрестелердің 657-і аман қалған.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ержан Нұрлыбаевтың айтуына қарағанда, жыл сайын ана мен бала өлімінің көрсеткіші азайып келеді. Дегенмен нәресте өлімінің 92%-ы стационарларда тіркеледі. Үйде қайтыс болатындардың үлесі – 8%.
«2026–2028 жылдары елімізде облыстық ауруханаларды жаңарту жобасы жүзеге асырылады. Бұл жобаға перинаталдық орталықтар да енгізіледі. Өйткені перинаталдық орталықтар әр өңірдегі денсаулық сақтау саласының жетекші буыны болуы керек. Ең бастысы – ана мен баланың денсаулығын, өмірін сақтау. Бірақ қазір үй жағдайындағы нәресте өлімінің деңгейі әлі де жоғары», дейді Е.Нұрлыбаев.
Н.Сәрсенғалиевтің дерегіне сүйенсек, былтыр жан тәсілім еткен аналардың 54%-ы қалада тұрған, 46%-ы – ауылдың тұрғындары. Кейінгі 6 жылдың дерегін салыстырсақ, 10 облыста ана өлімі көбейген. Ана өлімі ең көп тіркелген облыстар қатарында Жетісу, Қостанай, Ұлытау, Ақтөбе бар.
«Елімізде 2019 жылы 55 ана босану кезінде көз жұмған. 2020 жылы сәбиін дүниеге әкелемін деген 156 ана бақилық болған. 2021 жылы 200, 2022 жылы 70, 2023 жылы 45, 2024 жылы 37 ана босану үстінде жан тапсырғаны тіркелді. Бір қорқынышты үрдісті айту қажет. Төрт немесе одан да көп баласы бар әйелдер арасында өлім-жітім көбейіп отыр. Соның салдарынан 97 бала тірі жетім болып қалды. Сәби сүйемін деп барып, көз жұмған аналардың 28%-ы – 35-39 жас аралығындағы әйелдер. Аналардың 38%-ы облыстық перинаталдық орталықтарда, 24%-ы көп бейінді стационарларда бақилық болған», деді Н.Сәрсенғалиев.
Мәжіліс депутатының айтуынша, өлім-жітімнің алдын алу, көрсеткіштерді азайту барысында назар аударатын екі мәселе бар. Біріншісі – ана денсаулығы, екіншісі – ана жауапкершілігі.
«Жыл сайын 350 мыңға жуық әйел жүктілік бойынша есепке алынады екен. Оның ішінде жүкті әйелдердің 99%-ы медицина қызметкерлерінің бақылауында болады. Демек жыл сайын 3 500 жүкті әйел дәрігерлердің бақылауынан тыс қалады. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Жауапкершілік мәселесіне тоқталсақ, елімізде жүктілік бойынша ерте 12 аптаға дейінгі есепке аяғы ауыр әйелдердің 92%-ы ғана тұрған. Осындай ресми дерекке қарап аналардың өздері айыпты ма деген ой да қылаң беруі мүмкін. Бірақ мен жатырына жан біткен жандарды айыптаудан аулақ болуға шақырамын. Себебі бұл жерде ақпараттық түсіндіру жұмыстарының бәсеңсіп қалғанын да, аналар тұрғылықты жерін ауыстырса, жүктілігі бойынша тіркеуге тұрудың мұң болатынын да қаперге алу қажет», деді Н.Сәрсенғалиев.
Елімізде диспансерлік есепке шамамен 3 млн әйел алынған. Бұл – диспансерлік есепте тұрған ересек тұрғындардың 63%-ы. Мәселен, жыл сайын тек қант диабетімен ауыратын 4 мыңға жуық жүкті әйел тіркеледі.
«Ана мен баланың қажеттілігін қамтамасыз ету бағытындағы кемшілікті айтпасқа болмайды. Біріншіден, еліміздегі перзентхана төсектерінің жалпы саны 9 296 құрайды. Оның 57%-ы қаладағы мекемелерде ашылған. Астана қаласындағы перзентханаларда 550 төсек тапшылығы бар. Екіншіден, мамандар жетіспейді. Елімізде 4 702 акушер-гинеколог жұмыс істейді. Тағы 389 маман керек. Босандыру мекемелерінде жұмыс істейтін акушер-гинекологтердің саны – 1 679. Оның 560-ы ғана (35%) ампутация жасай алады. Акушерияда операциялық техниканың барлық түрін тек 438 дәрігер ғана (21%) орындай алады. Үшіншіден, еліміздегі кей перзентханалар халықаралық талаптарға сәйкес келмейді. Себебі инфрақұрылымы нашар, ғимараттар әбден тозған. Мәселен, орталықтандырылған оттегі жеткізгіші, сығылған ауа сору вакуумы, қабылдау бөлімдері жоқ. Төртіншіден, 3-деңгейдегі босандыру мекемелерінен экспресс бак таппайсыз. Флора мен антибиотиктерге сезімталдықты уақтылы анықтауға арналған зертханалар жоқ. Бесіншіден, облыс орталығынан шалғайдағы ауылдық жерлерде, аудандарда жүктілігі ауыр өтіп жатқан әйелдерді алдын ала емдеуге арналған пансионаттар жоқ. Алтыншы проблема – медициналық жабдықтардың тозуы, медициналық мекемелердің төмен жарақтандырылуы. Мысалы, бірнеше орталықта УДЗ, КТГ, анестезия, СМАД аппараттары, ҚСТ анализаторлары жоқ», дейді депутат.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Е.Нұрлыбаев мамандардың тапшылығын жоққа шығара алмады, аудандардағы дәрігерлердің біліктілігі төмендігі де рас.
«Тәжірибелі мамандар жетіспейді. Жоғары жауапкершілік пен ауыртпашылыққа шыдамаған кадрлар перзентханадағы жұмысынан кетіп жатыр. Аудандардағы дәрігерлердің тәжірибелік дағдылары жеткіліксіз, жауапкершілігі төмен. Перзентханаларды медициналық жабдықтармен қамту деңгейі – 87%, жабдықтардың орташа тозу көрсеткіші – 50%», деді министрдің орынбасары.
2020–2024 жылдары елімізде кәмелет жасына толмаған 11 567 қыздың аяғы ауыр екені анықталған. Оның ішінде 2020 жылы – 2 834, 2021 жылы – 2 766, 2022 жылы – 2 643, 2023 жылы 2 288 жасөспірім жүктілік дерегімен тіркелген.
«Былтыр мектеп жасындағы 2 136 қыз жүкті болып қалған. 2020–2024 жылдары жүктілігі анықталған кәмелетке толмаған қыздардың 8 378-і (2020 жылы – 1 882, 2021 жылы – 1 852, 2022 жылы – 1 690, 2023 жылы – 1 508, 2024 жылы – 1 446) босанған. 1 948 жасөспірім түсік (2020 жылы – 385, 2021 жылы – 413, 2022 жылы – 403, 2023 жылы – 392, 2024 жылы – 355) жасатқан. Бұл – алаңдатарлық статистика. Осыған орай тағы бір қатер бар. Кәмелетке толмаған қыздар жасанды түсікті жеке клиникаларда жасатады. Оның ресми есебі жүргізілмейді. Екінші проблема, жүктілікті алғашқы апталарды үзуге арналған препараттар дәріханаларда рецептісіз сатылады. Осылайша, кәмелетке толмаған қыздардың денсаулығына орасан зиян келеді. Бұл мәселе жедел шешімін қажет етеді», деді Н.Сәрсенғалиев.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің дерегіне қарағанда, былтыр ана өлімінің көрсеткіші кейінгі үш жылмен салыстырғанда, екі есеге төмендеген, сәби өлімі 15%-ға азайған.
«Өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 15 нысанның құрылысы жоспарланған еді. Өткен жылы 10 нысанның құрылысы аяқталды. Енді алдағы айдың соңына дейін 5 нысанның құрылысын аяқталады. Маман тапшылығын азайту мақсатында 2024 жылы жалпы 113 грант (82 бакалавр, 31 резидентура) бөлінді. Былтыр «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген несиемен 43 дәрігерге үй берілді. Атырау қаласының медициналық мекемелерінде жұмыс істейтін мамандарға 93 қызметтік пәтер сатып алынды», деді С.Шәпкенов.
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ