Мемлекеттік емдеу мекемелерінде білікті дәрігерлердің жеткіліксіздігінен ақылы емдеу мекемелерінің табалдырығын тоздырып жүрген халықтың қарасы көп. Бар тапқан-таянғанын жаны мен тән саулығы үшін, міндетті медициналық сақтандыруға жалақысынан жырмалап ай сайын жарна төлеп тұрса да, ақылы медицинаға жүгінуге мәжбүр. Басқа амалы да жоқ. Түйткілді мәселе көптен бері талай мінберден көтерілгенімен, тоң болып қатқан мәселе жіби қойған жоқ. Керісінше, жыл санап қалыпты әрі үйреншікті жағдайға айналып бара жатқандай көрінеді…
Елорданың тап іргесінде орналасып, «астаналық» облыс аталғанымен, Ақмола облысында да ақ халатты абзал жандар аса тапшы. Жергілікті әкімқаралармен кадрдың жеткіліксіздігін шешуге бағытталған ұмтылыстар болғанымен, «баяғы жартас сол жартас» күйі қалған. Жергілікті бюджет қоржынынан болашақ дәрігер мамандарын оқытуға бөлінген гранттар бірнеше жылдың жүзі болғанымен, өңірдегі кадр тапшылығының түйінін тарқата алар емес.
Бос жұмыс орындары жарияланатын Enbek.kz порталында да басқа салаларға қарағанда медициналық кадрлардың жетіспеушілігі аса басым. Күні бүгінге дейін 133 бірдей арнайы сала дәрігерлеріне сұраныс бар екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Салдарынан дертіне дәру іздеген жұрт апталап, тіпті айлар бойы сарыла кезек күтетіні де ақиқат. Мұның өзі мүмкіндігі мол кадрлары «жеткілікті» саналатын қаладағы жағдай. Ал облыс және аудан орталықтарынан әлдеқайда шалғайда жатқан ауылдардың жайы бұдан да мүшкіл екені айтпаса да түсінікті.
Жыл санап аудандарда жаңа медициналық мекемелер салынып та жатыр. Деректерге сенсек, облыс аумағында 38 медициналық мекеме пайдалануға беріліп, тағы екі ауданаралық ауруханалар кеңейтіліп жатыр. Сондай-ақ облыс орталығында бюджеттің миллиардтаған доллар қаражаты жұмсалатыны белгілі болған аймақаралық алып аурухананың құрылысы бой көтермек. Әлеуметтік желілер арқылы да талай көтерілген бұл аурухананың бәрін білікті кадрлармен қалай толтырады деген заңды сауал туындайтыны сөзсіз.
Түйткілді мәселе облыстың қоғамдық кеңесінде өткен жиында тағы бір мәрте ашық көтерілді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, өңірге жұмысқа келген дәрігерлерге біржолғы көтерме ақының құны қазір біршама өскен. Жаңа кадрлар қалада 5 миллион, ал ауылдарда 8,5 миллион теңгеге дейін алмақ. Бұған қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан қолдау білдірді. Бірақ бұл орайда мемлекеттік қолдаумен келген ақ халаттылардың қаражатты қаншалықты адал жұмсап әрі өз міндетін орындап жатқаны кеңес мүшелері тарапынан қызу пікірталас тудырды. Өйткені, расында да аймақта мемлекет қаржысының түрлі қитұрқы жолмен талан-таражға түсу фактілері жетіп артылады. Сондықтан мемлекеттік қолдау қаржысының қалай жұмсалып жатқаны да жіті назар аударуды қажет етеді.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының жаңа орынбасары Серік Омархановтың айтуынша, аймақта 190 түрлі сала дәрігерлері жетіспейді. Басқарма басшылығы осындай факт келтіргенімен, қоғамдық кеңес мүшесі, белгілі дәрігер Серік Кәкенов бұл санды үзілді-кесілді жоққа шығарды. Оның айтуынша, өңірде дәрігерлер тапшылығы аталған саннан бес есе жоғары.
«Қазір өңірде дәрігерлер 2-3, тіпті одан да көп жерде бір мезетте жұмыс істейді. Бұл жерде медициналық қызметтің сапасы туралы не айтуға болады? Біздің дерек бойынша облыста бүгінде 976 дәрігер тапшы. Сондай-ақ 1 974 орта медициналық персонал жетіспейді. Тек облыстық көпбейінді аурухананың басшысы Нұрлан Жаровқа 100 дәрігер жетіспейтін шығар. Ал әкімшілік мұны қалай жауып отыр? Олардың дерегінше, 199 дәрігер. Мен штаттық кестені толықтай анықтап қарап шықтым. Штаттық кесте бойынша бәрі дұрыс болғанымен, іс жүзінде дәрігерлердің саны екі есе аз. Дәрігерлер бірнеше қызметті қоса атқарады. Медициналық қызметкердің жұмыс көлемі 1,5 мөлшерлемеден аспауы керек. Ал бізде 4,5, тіпті тоғыз лауазымды қоса істеп жүрген дәрігерлер жетіп артылады. Бұдан кейін медициналық қызметтің сапасы туралы не айтуға болады? Міне, осыны жөнге келтіру керек», – деп атап өтті Серік Кәкенов.
Мұнымен қатар жиын барысында мемлекетпен берілетін бірреттік көтерме 5 миллион теңге қаржыны басқа облыстан алып, оны толық атқармастан басқа аймаққа орналасып алғандар, сондай-ақ жұмысқа орналаса салып, үш жыл декреттік демалысқа шығып, міндеттелген жүктемені орындамаса да қаражатты алып жатқандар жайлы өткір мәселелер көтерілді.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, кадр тапшылығын шешу мақсатында облыс бюджетінен резидентурада оқып білім алу үшін 35 грант бөлінеді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында да «жалпы медицина» мамандығына 50 грант қарастырылған. Соңғы төрт жыл ішінде ғана аталған гранттар бойынша 133 адам білім алған. Бекітілген келісімшарттарға сәйкес бұл гранттармен білім алған түлектер өздерін қаржыландырған өңірге оралып, үш жыл жұмыс істеуге тиіс деп көрсетілген. Алайда іс жүзінде 133 маманның тек 107-і ғана сол өңірге оралып жұмыс істеген. Яғни, жұмсалған қаражаттың тағы да бақылауға алынбай, желге ұшқаны мәлім болды.
Аудан әкімдіктерінің, жекелеген компаниялар мен облыстағы медициналық ұйымдардың қаржысына оқыту мәселесінде де олқы тұстар көп. Мәселен, 2013 жылдан 2024 жылдар аралығында ғана осындай жобалар шеңберінде 64 адам білім алса, соның бүгінде тек 39-ы ғана жұмыс істейтін болып шықты. Олардың сегізі резидентурада білімін жалғастырған. Қалғаны қайда екені беймәлім.
коллаж: Елдар ҚАБА
Сананы тұрмыс билеген заманда жас мамандардың кейін белгілі талаптары бар қаражатты іс жүзінде орындамай, уақыт өткен сайын құнсызданып жатқан қаражатты кері қайтара салып, жалақысы жоғары елордаға қарай тартып кеткен оқиғалар да жетіп артылады. Өйткені жалақысы жоғары қызметте алған қаражатты аз уақыт ішінде қайтара салу түкке тұрмайды. Бұл орайда тұтас елдің оған сенім артып, үлкен үміт күткені туралы айтудың өзі артық сияқты.
Келісімшартқа сәйкес медицина саласында арнайы бөлінген грант бойынша оқыған жас маман үш жыл жұмыс істеуге міндетті. Бала күтіміне байланысты демалысқа шықса немесе резидентураға оқыса үш жылдық міндеттемеден босатылады. Жастардың бойындағы жауапкершілікті арттыру үшін жұмсалған қаражатты екі есе өтеу талап етілген жағдайда басқаша болар ма еді. Бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігімен келісіп заңдастыру қажет деп ойлаймын. Кадр мәселесіндегі күрделенген күрмеуін шешу үшін осындай қадамға бару керек деп санаймын, – дейді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасы кадр бөлімінің басшысы Динара Баймағамбетова БАҚ өкілдеріне берген жауабында.
Яғни, мәселені тағы бір таразыға салып көрсек, жергілікті атқарушы органдар бөлген грант жүйесі іс жүзінде кадр мәселесін шеше алмайды. Түйткілдің түйіні тарқатылмағандықтан, қаржыландырудың көлемі де жыл санап құлдырай бастаған. Облыстық Денсаулық сақтау бас-қармасының дерегінше, қазір жергілікті әкімдіктер мен медициналық ұйымдардың қаржысына 74 болашақ дәрігер ғана білім алып жатыр. Биыл 24 маман оқуын тәмамдап, бекітілген жұмыс орындарында жұмысқа кірісуге тиіс. Сондай-ақ 2026 жылы тиісінше 14 және үш, 2027 жылы тек жеті жалпы тәжірибедегі дәрігер және бір тіс дәрігері, 2028 жылы тек төрт дәрігер диплом алады. Яғни, кадр тапшылығы екі жылдан кейін тіпті өткір күйге түсетіні бірден байқалып отыр.
Медициналық кадр тапшылығының тым күрделенген жайын біршама тереңірек білетін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жоғары медицина мектебінің директоры Светлана Мұратбекованың айтуынша, статистикалық көрсеткіш облыстағы ахуалды айқын аңғарта алмайды.
– Аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерімен үнемі пікірлесіп, хабар алып тұрамын. Жағдай мүлде алаңдатарлық. Әсіресе, Атбасар, Степногорск қалаларында аудандық және қалалық ауруханаларда жағдай өте күрделі. Бұл ауруханаларда қазір ұлттық жобаға сәйкес кеңейту жүргізіліп жатыр. Сирек мамандықтар тұрмақ, кәдімгі жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің өзі жетіспейді. Оны айтасыз, учаскелерде науқастарды қабылдайтын дәрігер де жоқ. Бас дәрігерлермен сөйлесе қалсаңыз, маған төрт маман емес, сегіз маман керек дейді. Демек, нақты жағдайды көз алдыңызға елестетудің өзі қорқынышты. Біздің түлектеріміз – жалпы тәжірибедегі дәрігерлер. Әзірге нақты салалық мамандарды дайындап жатқан жоқпыз. Міне, осындай уәж айтсаң, амалы құрыған аудандық аурухананың бас дәрігерлері бізге маман болса болды дейді. Ереже бойынша әрбір учаскеде дәрігермен бірге үш орта буын медицина қызметкері болуы керек. Мұндай толық штат аудан түгіл қазір облыс орталығының өзінде жоқ. Сондықтан менің есебімше, кемінде, 600-700 маман жетіспейді, – дейді Светлана Мұратбекова.
Жоғары медицина мектебі директорының айтқанын айғақтайтын аса өткір фактінің бірі – өңірде дипломсыз интерн студенттердің өзі Көкшетау қаласындағы жекеменшік емханаларда емін-еркін жұмысқа кіріскен. Олар науқастарды қабылдап, ем-дом белгілеу құқына да ие болған.
– Көкшетау университетінің медицина факультеті 2018 жылы ашылған. Биыл алғашқы 104 жалпы тәжірибедегі дәрігер жолдама алады. Қазір оларға ауылдағы денсаулық сақтау ұйымдарына аса қажет болып, күнара өздеріне келуін сұрап хабарласып жатыр. Бірақ мұның өзі аймақтағы кадр тапшылығындағы түйткілді шеше алмайды, – деп толықтырды Светлана Қабыкенқызы.
Светлана Қабыкенқызының айтуынша, университетте білім алып жатқан биылғы түлектердің 11-і аудандық әкімдіктердің гранты арқылы білім алса, 46-сы облыс әкімінің гранты бойынша оқып жүр. Бір алаңдатарлығы, жергілікті атқарушы органдардың гранты арқылы білім алатын студенттердің саны жыл сайын азайып кеткен. Былтырғы оқу жылында 50 грант бөлінгенімен, екі-ақ студент оқуға түскен. Яғни, тегін оқуға беретін студенттің өзі қасқалдақтың қанынан қат болғанға ұқсайды.
P.S.
Қалай дегенмен де аймақтағы медициналық кадрлар тапшылығын шешу үшін бірінші кезекте жас мамандардың жауапкершілігін арттыруға бағыттайтын шаралардың қажеттігі сезіліп тұр. Екіншіден, медициналық ұйымдар мен құзырлы органдардың іс жүзінде шынайы картинаны қоғамнан жасырмай, дәрігерлердің бірнеше жерде жұмыс істеуін ретке келтірмесе мәселе одан әрі ушыға бермек. Сондықтан басты байлыққа арашашы болар мамандар мәселесін тағы бір мәрте таразыға салған жөн болар…
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ