«Соңғы 10 жылда аталған бассейндер игерілуінің басты кедергісі – олардың перспективасының жоқтығында емес, геологиялық тұрғыдан жеткіліксіз зерттелгендігінде. Қазіргі заманғы сейсмикалық зерттеулер терең іздеу, бұрғылау, геологиялық деректерді цифрландыру технологиялары жаңа бассейндердің мұнай-газ әлеуетін жаңа деңгейде бағалауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Министрлік аз зерттелген аумақтарда геологиялық барлауды жүргізуге инвестиция тарту үшін жүйелі түрде қолайлы жағдай қалыптастыруда. Кодекске енгізілген өзгерістер осы бассейндерге жобаларды іске асырудың арнайы тетіктерін қарастырады», – деді вице-министр.
Бұл әрекеттер инвесторлардың геологиялық тәуекелдерін төмендетуге және іздеу жұмыстарының қарқынын жеделдетуге мүмкіндік береді. Мұндағы стратегиялық мақсат – қолданыстағы кен орындарын игерумен қатар, жаңа ірі көмірсутек кен орындарын ашу арқылы Қазақстанның мұнай-газ саласын ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

