Сондай-ақ Ш.Ақпарова ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жасалып жатқан шараларға тоқталып өтті.
«Біздің міндеттеріміздің бірі – балалардың отбасында өмір сүріп, тәрбиелену құқығын қамтамасыз ету. Балаларға үйлерін деинституционализациялау саясаты жалғасуда. 20 178 баланың 16 294-і қазақстандық отбасыларда тәрбиеленуде. Жыл сайын Қазақстан азаматтары өз отбасына 1000-нан астам жетім баланы қабылдайды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 10 жылда балалар үйлерінде тәрбиеленетін балалар саны екі есе қысқарды. Қорғаншылық және қамқоршылық органдары мамандарының штаттық санына қатысты бекітілген норматив – әрбір 5 мың балаға кемінде 1 маманнан келуі мамандар санын 303-тен 1029 адамға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі 20 басқарма, сондай-ақ оларға есеп беретін және бақылауындағы аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада орналасқан бөлімдер құрылды», – деді вице-министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтетін 10 заң қабылданды. Зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік принципі енгізіліп, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді.
2025 жылы ұлттық заңнамаға бірқатар маңызды толықтырулар енгізілді: балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді; балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік органдарды құру тәртібі мен олардың функциялары регламенттелді; қорғаншыларға және бірге тұратын тұлғаларға қойылатын талаптар күшейтілді; мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі және басқа да мәселелер реттелді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама «Тәуелсіздік және отаншылдық», «Бірлік және ынтымақ», «Әділдік және жауапкершілік», «Заң және тәртіп», «Еңбекқорлық және кәсібилік», «Жасампаздық және жаңашылдық» құндылықтарын жас ұрпақтың санасына сіңіруді мақсат етеді.
Баланың қабілетін ашып, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал ететін қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы жолға қойылған. Бүгінде үйірмелер мен секциялар желісі кеңейтіліп, балалардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға жағдай жасалуда.
Барлық өңірде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Мектептердің 100%-ы «Қауіпсіздік сабақтарымен» қамтылып, QR-111 жүйесіне қосылған. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты буллинг, зорлық-зомбылық және балаларға қатыгездік көрсету жағдайларына жедел әрекет етуде басқа құрылымдардан тәуелсіз тиімді тетік болып табылады. Әрбір жағдай олардың жеке бақылауында болып, барлық мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруге мүмкіндік береді. Уәкіл өкілдеріне балалар орналасқан барлық мекемеге, соның ішінде жабық мекемелерге де кедергісіз кіру құқығын беретін мандат табысталды.

