Бүгін Қызылорда облысының әкімдігі мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен «Мұстафа Шоқай мұраларын зерттеудің өзекті мәселелері: тарих, таным және тағылым» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының өкілі, түркі әлемінің ұлы тұлғасы Мұстафа Шоқайдың туғанына 135 жыл толуына арналған жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінің жетекші ғалымдары, зерттеушілері, магистранттар мен докторанттар, сондай-ақ БАҚ және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Конференция жұмысы пленарлық және секциялық отырыстардан тұрды.

Пленарлық мәжілісте сөз алған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет конференцияның маңыздылығын атап өтіп, өңірде Мұстафа Шоқай мұрасын ұлықтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Қызылорда — Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған, Сыр бойының қасиетті өлкесі. Бұл өлке — елдік пен ерліктің, руханият пен білімнің тоғысқан жері. Сондықтан аймағымызда Мұстафа Шоқай есімін дәріптеу, мұрасын насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінде облыс пен қала көлемінде қайраткер есімі көшелер мен білім беру ұйымдарына берілді. Қаламыздың қақ ортасында Мұстафа Шоқайдың еңселі ескерткіші бой көтерді. Университет қабырғасында дәстүрлі «Мұстафа Шоқай оқулары» өткізіліп, жас ғалымдардың зерттеу көкжиегі кеңейіп келеді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында қайраткердің өмірі мен қызметін танытатын ғылыми-танымдық және тәрбие бағытындағы іс-шаралар жүйелі жолға қойылған. Театр сахнасында қойылымдар ұсынылып, деректі фильмдер түсіріліп, еңбектері мен энциклопедиясы жарық көруде. Мұның барлығы – өңіріміздің Мұстафатану іліміне қосқан нақты үлесі. Ұлттың ертеңі – білімді, елжанды, отансүйгіш жастардың қолында. Ал сол жастардың жүрегінде Мұстафа Шоқай сынды тұлғалардың өнегесі мен рухы мәңгі жасай береді», – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Пленарлық мәжілісте Түркия, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қара Әбдіуақап, АҚШ, Мичиган университетінің құрметті профессоры, филология ғылымдарының докторы Тимур Кожаұлы (онлайн). Халықаралық ислам академиясының профессоры тарих ғылымдарының докторы Саидакбар Саидович, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Тарих институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қаһромон Раджабов, Азербайжан ҰҒА тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гюллю Йологлу, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент, Төрәлі Қыдыр, PhD, Қазақстан Жазушылар одағы Балалар мен жасөспірімдер әдеби жанрлық кеңесінің төрағасы Елдос Тоқтарбай, Мұстафа Шоқайтану ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір баяндама жасады.
Жиын соңында Филология ғылымдарының докторы, Қорқыт ата университетінің құрметті профессоры Ғарифолла Әнес атқарған зор ғылыми еңбектер де ерекше атап өтілді. Оның Алаш арыстары мен Мұстафа Шоқайдың мұрасын зерттеуге және «Арыс» баспасы арқылы жариялауға қосқан үлесі зор екендігі айтылды. Осыған орай, ғалымның ұрпақтары дайындаған 5 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтіп, университет кітапханасына табысталды.

