«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары жыл басындағы өңірлерге сапар барысында 274 елді мекенге барып, 582 кездесу өткізді. Сапар қорытындысы бойынша, сайлаушылардан мыңнан астам арыз-шағымдар жинақталып, Үкіметке жолданды. Алайда фракция жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, сұрақтардың басым бөлігіне сырғытпа жауаптар мен формальды ұсыныстар берілген.
– Атап айтқанда, республикалық деңгейдегі 355 нақты сауалдың небәрі 76-сына ғана тиісті жауап алдық. Ал қалған 79 пайызына Үкіметтің жауаптары мүлдем мардымсыз әрі дәйексіз болды.
Демек, жылдар бойы қордаланған, қаншама жанның тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін ауқымды мәселелер тағы да шешусіз қалды деген сөз, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Елнұр Бейсенбаев алдымен әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан МӘМС жүйесінің кемшіліктеріне тоқталды.
«Денсаулық сақтау саласына МӘМС-тің енгізілгеніне 5 жылға аяқ басса да, жаңа жүйенің жыры бітпей қойды. Әлі де жүйеден тыс 3,5 миллион халық болса, оның артында жүйелі жарнасын төлесе де, жүйесіз қызмет алатындардың саны одан әлдеқайда көп. Мәжіліс мінберінен 3 жыл бойы медициналық сақтандыру жүйесінің сын көтермейтінін айтсақ та, Үкіметте не бір ұсыныс, не бір шешім болмай келеді. Үш жылда үш министр ауысқанымен, медициналық сақтандыру мәселесінде нақты үш мәселе де шешілмеді. Шағым азаймады, кезек кемімеді, сапа жақсармады. Яғни, Қазақстанда байлар емделмейтін, кедейлер емделе алмайтын жағдай әлі де болуда», – деді депутат.
Тағы бір маңызды мәселе – жұмыссыздықтың азаймауы. Мысалы, Үкіметтің мәліметінше, соңғы 15 жыл бойы жұмыссыздық – 4-5 пайыздық өзгермейтін көрсеткіште тұр. Осы ретте депутат мәселені жасырып жаппай, статистиканы бұрмаламай, нақты жұмыс орындарын ашу бойынша жүйелі шараларды қолға алу қажет екенін жеткізді.
«Шындығында, елімізде жұмыссыздардың саны 10-12 пайыз, яғни 1 миллионнан астам.
Оған дәлел – МӘМС жүйесінен тыс қалған 3,5 миллион адам, тіпті 1 теңгелік зейнетақы жарнасы жоқ 3 миллион азамат, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 миллион адам, NEET санатындағы 400 мың жас. Бұлардың барлығы ешбір тіркеуде жоқ, мүлдем табысы жоқ. Табысы болса, оның өзі маусымдық табыс.
Бұған қоса, 2027 жылға қарай еңбек нарығына қосымша тағы 300 мың жас қосылады. Ал Үкімет оған дайын емес.
Өңірге сапар барысында да халықтың ең көп сұрайтыны – осы жұмыспен қамту мәселесі. «Екі қолға бір күрек табылар» деген халық тәмсілі талай ауыл жұртына арман болып отыр», – дейді депутат.
Мәжіліс депутаты елімізде мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығы көбейгенімен, басқа саланың мамандары ең төменгі еңбекақыға күнелтіп жүргенін айтты.
«Ауылды жерлердегі кітапханашылар, архив қызметкерлері, мәдениет үйлерінің қызметкерлері небәрі 85 мың теңге алады. Ал жаттықтырушылар, музыка және өнер мектебінің мұғалімдерінің айлығы – 125-150 мың теңге аралығында. Бұл – еліміздегі әрбір бесінші адамның ай сайын 150 мың теңгеден аз жалақы алатынын көрсетеді», – деп нақтылады депутат.
Бейсенбаев елімізде 800 мыңнан астам адам саяжай массивтер мен қала маңындағы ауылдарда тұратынын айтып, бұл аймақтардың инфрақұрылымы дамымағанына тоқталды.
«Мектеп, аурухана, жол, тіпті таза ауызсу да жоқ. Алматыға күн сайын жақын маңдағы ауылдардан 400 мың адам, Астанаға 200 мың адам келіп жұмыс істейді. Соған қарамастан әлі күнге дейін осы аудандарға қатысты бірде-бір нақты шешім қабылданған жоқ», – деді Елнұр Бейсенбаев.
Мәжіліс депутатының айтуынша, сайланған ауыл әкімдерінің құзыретін арттыру мәселесі де өте өзекті.
«Президенттің қолға алған реформаларының нәтижесінде елімізде ауыл және кент әкімдері сайланды. Халық өзі сайлағаннан кейін әкімнен нәтижелі жұмысты талап ететіні белгілі. Алайда әкімдердің тиісті құзыреті болмағандықтан, қолы қысқа. Мәселен, ауылдағы мектепте жылыту жүйесі істен шықса, оны облыстағы білім басқармасының нұсқауынсыз шешу мүмкін емес», – деп түсіндірді Елнұр Бейсенбаев.
Одан бөлек, депутат, Үкіметтің көші-қон бағдарламасы мүлдем іске аспағанын айтып, Үкіметтің уәдесіне сеніп теріскейге көшкендердің көбі қайта көшіп кеткенін айтты.
«Мысалы, соңғы бес жылда Шығыста 350 ауыл, Солтүстік пен Павлодар өңірінде 987 ауыл бос қалды. Бұл – жай ғана ауылдың саны емес, мыңдаған отбасының туған жері, ұшқан ұясы, өмірінің тарихы.
Ең қызығы, Үкіметтің уәдесіне сеніп, теріскейге көшкендердің көбі қайта көшіп кетті.
Оған қоса, шамамен 2050 жылы оңтүстіктің халқы екі есе өссе, теріскейде керісінше екі есеге азаяды деген болжам бар. Сондықтан бұл жобаға барынша ұлттық мәртебе беріп, еліміздің негізгі әрі серпінді идеологиялық, демографиялық қозғалысына айналдыруымыз керек», – деді депутат.
Фракция басшысы өзекті мәселелерді тізбектей келіп, Үкіметті нақты әрі ұтымды шешім қабылдауға шақырды.
«Құрметті әріптестер! Көріп отырғандарыңыздай, депутаттар барлық мәселеден хабардар. Елмен етене араласып, әрбір мәселені шешу үшін жұмыс істеп жатыр.
Президентіміз айтқандай, енді Үкімет батыл және ұтымды шешім қабылдауы тиіс. Халық бізден осыны күтеді», – деп түйіндеді ол.