Сондай-ақ оқиғаларға жүргізілген талдау бұл салада апаттардың ХХІ ғасыр басынан бері көбейгенін көрсетеді. Осы орайда Ұлытау облысында кеншілердің қаза табуы ел көңіліне қайтадан қаяу түсірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» кенішінде қаза болған жұмысшылардың жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Қ.Тоқаев Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеруді жүктеді. Салалық ведомстволарға, өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, 2025 жылғы 17 ақпанда Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ына қарасты «Жомарт» кенішінің шахтасында тау массасы құлап, 7 қызметкерді басып қалған. Оқиға орнына Ұлытау, Қарағанды облыстарының ТЖД күштері, 2 кинологиялық есептоп, «Серіктес АҚҚ» құтқарушылар тобы, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері мен психологтері, полиция, басқасы – барлығы 85 адам мен 17 техника жіберілді.
Премьер Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басшылығымен үкіметтік комиссия жұмыс істеді. Комиссия мүшелері оқиға орнында болып, тергеу барысымен танысты. Қ.Бозымбаев штаб отырысын өткізді.
18 ақпанда құтқарушылар үйінді астынан «Қазақмыстың» 7 жұмысшысының мәйітін тапты. Мүрделер сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Жеті шахтердің өлімі фактісіне байланысты «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. «Жомарт» кенішінде көз жұмған шахтерлардың тізімі жарияланды. Ең жасы 27 жасында қыршынынан қиылыпты.
Қаза болған кеншілердің ішінде: Ақшалов Қайрат Аманбекұлы, 1975 жылы туған (50 жаста болған), сорғы қондырғыларының машинисі; Жақұбаев Ардақ Боранбайұлы, 1998 жылғы (27 жас), жерасты учаскесінің тау-кен шебері; Жұмадоллаев Бақытбек Нышанұлы, 1975 жылғы (50 жас), жерасты тау-кен жұмысшысы; Кенжебеков Орынбек Әмірханұлы, 1991 жылғы (34 жас), тиеу-жеткізу машинасының машинисі; Молдабеков Ғалымжан Есенбекұлы, 1978 жылғы (47 жас), шпур бұрғылаушының көмекшісі; Нұролдаев Олжас Жағалбайұлы, 1979 жылғы (46 жас), жерасты учаскесінің энергетигі; Рожков Константин Владимирович, 1992 жылғы (33 жас), жерасты тау-кен қазу жабдықтарының электр слесарі болған.
Еңбек министрлігінің дерегінше, қаза тапқан кеншілердің отбасыларына асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар тағайындалады. Жәрдемақының бұл түрі 8 жасқа дейінгі баласы бар жұмыссыз үш анаға да беріледі. Қаза тапқан кеншінің бәрі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болғандықтан, отбасына МӘСҚ-тан да әлеуметтік төлем төленуге тиіс. Асырауындағы бір адам үшін бюджеттен төленетін жәрдемақы 42 530 теңгені, ал қордың төлемі – 141 523 теңгені, асырауында бес адам болса, жәрдемақы 127 127 теңгені, МӘСҚ төлемі 335 017 теңгені құрайды.
Алпауыт корпорация қаза тапқандардың отбасыларына әр жұмысшысының 10 орташа жылдық жалақысын (орташа алғанда бұл – 84 миллионнан 124 млн теңгеге дейін) және жерлеуді ұйымдастыруға 550 АЕК (2 162 600 теңгеден) өтемақы төлейді. Сондай-ақ қаза тапқан жұмысшыларының, отбасыларының несие-қарыздарын, балаларының оқу ақысын өтеуге міндеттелді. Бірақ о дүниелік болған атпал азаматтардың арамызға қайта оралмайтыны анық.
Үкіметтік комиссия басшысы Қанат Бозымбаев «Қазақмысқа» тергеу қауіпсіздігін анықтағанша шахтада жұмысты қайта бастамауды бұйырды. Вице-премьер бұл компаниямен енді басқаша сөйлесетіндерін жеткізді: тиісті тергеуден кейін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның келісімшарттық міндеттемелері қайта қаралатын болады.
– Жүйе мен тәсілдерді түбегейлі өзгерту қажет. Мемлекет тарапынан оларды қатайтатын боламыз! Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті құрылды, заңнаманы өзгертеміз. Парламентте тиісті заң жобасы қаралып жатыр, онда ТЖМ-ге қосымша өкілеттіктер беріледі. Мұндай жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін бар күшімізді саламыз. Мемлекет басшысы тергеуді мұқият жүргізуді тапсырды. Құқық қорғау органдары – сараптама, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті тергеу жүргізеді. Сіздің міндетіңіз – осы төтенше жағдайға кімнің жол бергенін анықтау, – деді Қ.Бозымбаев компания басшылығына.
Қоғамның да бұл алпауытқа қояр сұрағы бар. Forbes Kazakhstan жыл сайын жұмысшылары қаза тауып жататын «Қазақмыстың» жаңа, қымбат ұшақты сатып алғанына назар аудартты. 2012 жылдан бері «Қазақмыстың» өндірісінде 40-тан астам жұмысшысы қаза тапқан, осы кезеңде олигарх Владимир Кимнің ауқаты 100 млн долларға өсті.
Күні кешегі апаттан екі ай бұрын ғана 2024 жылғы 17 желтоқсанда, Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясының Оңтүстік-Жезқазған филиалының №65 кенішінің шахтасында ереуіл басталды. 250-ден астам шахтер жер астына түсуден бас тартты. Олар жалақыны өсіруді және еңбек жағдайларын жақсартуды талап етті. Корпорацияның бар бітіргені – жалақыны 8,5% көтерді. Бірақ бұл инфляция шығынын да жаппайды. 2024 жылы елде инфляция 8,6% болды. Яғни, бұл шын мәнінде жалақы арттыру емес, индексация ғана.
Дәл осы кезде жұмысшылар компанияның табысын 6 есе арттырып берген. Жылдық есебінде айтылғандай, 2023 жылы Kazakhmys Copper АҚ тобының табысы алдыңғы жылғы 18,07 миллиардтан 111,85 млрд теңгеге дейін ұлғайып шыға келді. Ақпарат агенттіктерінің жазуынша, осыдан кейін, 2024 жылғы қазанда корпорацияға қарасты «Саяқ» шахтасында 2 жұмысшы газға уланып өлді. Ал сол жылғы қазанда «Қазақмыс» Airbus ACJ220-110 TwoTwenty бизнес джетін сатып алды. БАҚ дерегінше, әлдебір мықтыға арналған бұл ұшақтың құны 83 миллион доллардан асыпты! Айтпақшы, осы жекеменшік ұшаққа жұмсағаны «Қазақмыстың» 17 ақпанда қаза тапқан 7 жұмысшысының отбасына төлеген барлық өтемақысынан шамамен 59 есе көп! Ақпарат құралдары «Қазақмыстың» соңғы жылдары өз өндірістеріндегі қауіпсіздікті арттыруға қанша ақша салғаны туралы сұраққа жауап бермейтініне шағымданады. Бұл ақпарат ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінде де жоқ болып шықты.
Жарылыс жаңғырық болып қана қалды…
Кеншілер кәсібі әлемдегі ең бір ауыры, азаптысы, қауіптісі саналады. 2006 жылғы 20 қыркүйекте Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада метанның жарылуы және сұрапыл өрттің туындауы кесірінен қазақстандық жерасты кен өндірісінің бүкіл тарихындағы ең алапат төтенше оқиға тіркелді. Сонда жердің қойнауында 368 адам қалып қойды. Соның ішінде 41 кенші мерт болды. Азат Қазақстан өз тарихында алғаш рет жалпыхалықтық Аза тұту күнін жариялады. Кейін үкіметтік комиссия апатқа еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы талаптарын өрескел бұзу себеп болғанын анықтады. Жалпы, сол Ленин атындағы шахтада тәуелсіздік жылдарында 3 апат болды. 1995 жылы – 13 адам, 2006 жылы – 41 адам, 2022 жылғы 3 қарашада 5 адам жан тапсырды.
Сондай-ақ Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында да бірнеше ірі апат болған. Соның ішінде 2008 жылғы 11 қаңтарда метанның жарылысы салдарынан 30 шахтер опат болды. Президенттің шешімімен тағы Аза тұту жарияланды. Тергеу жарылыстың себебі ретінде «төбені отырғызу» кезіндегі технологияның бұзылуын атады. Ол ұшқын туындатып, онысы жарылысқа ұласқан көрінеді.
Жауапты шенеуніктерге бұл сабақ болмаса керек, 2021 жылы «Абай» шахтасында кезекті апат болды. Жер астында жүрген 64 жұмысшының 56-сы өз бетінше эвакуацияланып үлгерген. Метанға бөккен 3-К10 кенжар-забойында 8 кенші қалды, өкінішке қарай, оның алтауы өлді.
Соңғы оқиғаларды еске салсақ, 2023 жылғы 17 тамызда Шахтинск қаласындағы «Қазақстандық» шахтасында өрт болып, 5 адам жантәсілім етті. 2023 жылғы 28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада газды метан жарылды. 74 кенші зардап шекті. Оның жаңғырығы әлі күнге естіледі. 2025 жылғы 18 ақпанда Бас прокуратура Костенко шахтасындағы сол жарылысқа қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілгенін мәлімдеді. Іс материалдары 106 томды толтырған! Оның ішінде қаншама былық сипатталады.
– Тергеу барысында жазатайым оқиғаға тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің жаппай бұзылуы себеп болғаны анықталды. Көмір өндіру алаңындағы жарылыс шоғырлануы рұқсат етілген стандарттардан айтарлықтай асып кеткен көмір шаңының жарылыстарының тізбекті реакциясын тудырып, 46 кенші қаза тауып, 28 кенші жараланды. Шахта басшылығы және инженерлік-техникалық қызметкерлер арасынан 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Барлығы қамауда отыр, – деп хабарлады Бас прокуратура.
Оларға Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі («тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша айып тағылды. Бұл бапта 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Іс бойынша 74 адам жәбірленуші ретінде танылды. Материалдар Қарағандының Әлихан Бөкейхан аудандық сотына жіберілді.
Жағдай неге түзелмеді?
Жалпы, республика тәуелсіздік алғалы отандық шахталардағы 13 ірі апат елге жария болды. Төтенше оқиғалар салдарынан 183 кенші ажал құшты. Қазақстанда екі рет Аза тұту жарияланды. Содан бері бұл кәсіп иелері тау массасының құлауы, шахталар төбесінің опырылып түсуі, метан жарылысы, өрттер, жазатайым оқиғалар және басқасы кесірінен әрі қарай қаза тауып жатыр. Арнайы құрылған комиссиялар трагедия себептерін анықтайды, қаншама бұзушылықтың беті ашылады.
Алайда апаттар саны бәрібір азаятын емес. Сарапшылар мұндай апаттарға жол бермеуге болатын еді дейді. Сенат депутаты Сергей Ершов кен орындарындағы апаттар жүйелі сипат алғанына қауіп білдірді.
– Кезекті қайғылы оқиғадан кейін әрдайым үкіметтік комиссия құрылады, Үкіметтің лауазымды өкілдері оқиға орнына аттанады. Түрлі тексеріс жүргізіледі, тиісті шешім шығарылады. Жағдай жақсармайды. Адамдардың қазасы жалғасады. Өйткені кен орындарында өткен ғасырда жасалған жабдықтар пайдаланылады. Ал тозған жабдық – жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қатер, – деді ол.
Сенатордың айтуынша, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қожайындары жабдықтарды ауыстырудан қаржы үнемдеу үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікке сараптама жүргізумен шектеледі. Бұл құжат бақылаушы органдардың талабын орындауға жарайды. Алайда апаттың алдын алуға жарамайды, оған тосқауыл қоятын шаралар сол бойы қабылданбайды.
Осыған байланысты соңғы екі жыл бойы Парламент депутаттары қауіпті өндірістердегі, кен орындардағы қауіпсіздікті объективті бағалау үшін ТЖМ-ге, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органға қосымша құзыреттер беруді ұсынып келеді. Мысалы, қауіпті өндірістік объектілерді жаңғырту және техникалық қайта жарақтандырудың Жиынтықты жоспары мен жұмыстары төтенше жағдай ведомствосымен келісілуге тиіс. Ал кәсіпорындардың ол жоспарды уақытылы орындау міндеті заңмен бекітілуі керек. Бұл талап әзірге орындалар емес.
Қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер Болат Оспан салада тәртіп орнауы үшін қадағалау күшейтілуге тиіс екенін айтты. 2021 жылы «Абай» шахтасында 6 кеншінің өмірін жалмаған апаттан кейін үкіметтік комиссия Шахталарда апаттардың алдын алу және болдырмау жөніндегі іс-шаралар кешенін әзірлеген екен. Онда мысалы, қабаттарында табиғи метаны жоғары кен орындарын игергенде нормативтерге дейін алдын ала газсыздандыру іс-шараларын жүргізу талабы бар.
– Апатқа жол бермеу шаралары Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларында қарастырылған. Бұл үшін аса қауіпті қабаттары бар шахталардың алаптарын ашу, қауіпсіз және қорғалған қабаттарда қосымша дайындау қазбасын жасау, қазбаның бағаналы жүйелерін қолдану талап етіледі. Шахта алабында желдету ағыстарын орналастыруға, кеншілер тұншығып қалмауы үшін секциялы желдетуге, дайындау кенжарларын оқшаулап желдетуге, газдың кенеттен шығарылуын болдырмаудың өңірлік тәсілдерін қолдануға міндетті. Бірақ мұның бәрі орындала бермейді. Компаниялар одан қаржы үнемдейді, оның соңы қайғылы қазаға ұшыратуы мүмкін, – деді маман.
Оның пікірінше, білікті кадр тапшылығы да өнеркәсіптік қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Кәсіпорындар өз ісінің білгірін іздеп тауып, жоғары жалақымен тарту орнына кәсіпорында, кеніште өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылау ісін тіпті кездейсоқ адамға жүктей салады. Бұл жұмысты кезекшілік тәсілмен, яғни кезекпен әртүрлі жұмысшыға орындатқызатын сорақы «жаңашылдық» та болыпты.
Заңнан қадағалау кетсе, олигархтан ұят кетеді
Тіпті, компанияда жеке өндірістік бақылау қызметі болғанымен, олардың құзыры кем, қолы қысқа. Басшылары түрлі талап-шектеумен адымын аштырмайды, аяқ-қолын байлап, матап тастайды. Содан көбіне бұл тұлғалардың жұмысы формальды, үстірт болып келеді екен. Өзіне тәуелді қызметкерінің әшкерелеген бұзушылықтарын компания елемейді, олқылықты жоймайды. Ол қызметкері табандылық танытып, құзырлы органға шағымданса, қудалауға ұшырайды, қызметінен қуылады, оны саладағы бірде-бір кәсіпорын жұмысқа қабылдамайды.
Сондықтан сарапшылар дамыған елдердің тәжірибесін енгізген жөн дейді. Мысалы, АҚШ-та кеніштерде, қауіпті кәсіпорындарда еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасы бойынша өндірістік бақылаудың тәуелсіз қызметі жұмыс істейді. Ол құзырлы органға тікелей есеп береді. Есебі жалған болса, апатқа соқтырса, қатаң жазаға тартылады.
Сенаторлар да, Төтенше жағдайлар министрлігі де кәсіпорындарды өндірістік бақылаудың жеке қызметін құру, оны компанияның президентіне тікелей бағынысты ету ұсынысымен шықты. ТЖМ ақпараты бойынша бұл ұсыныс 2023 жылғы мамырда «Кейбір заңнамалық актілерге азаматтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы жобасына енгізілді. Жалпы, ТЖМ салалық төл заңына он жылдықта бірінші рет түзету енгізуге бастама танытып отыр. Заң жобасы әлі күнге Парламент қарауында жатыр.
Талқылаудың соңғы сатысында алып тасталмаса, онда бұл заң Төтенше жағдайлар министрлігіне қауіпті өндірістік объектілерді жаңғырту мен техникалық қайта жарақтандырудың Жиынтықты жоспарын келісімнен өткізу және кәсіпорындардан оның орындалуын талап ету құзыры беріледі. Сондай-ақ әр кәсіпорын тікелей бірінші басшысына бағынатын өндірістік бақылаудың жеке қызметін құруға міндеттелуі мүмкін.
ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті кәсіпорындармен бірлесіп аталған жоспарды жасау ісіне кіріскенін хабарлады. Жиынтық жоспарды орындау «Қауіпті өндірістік объектілердегі апатты азайту» Жол картасының негізгі іс-шарасы болмақ. Алайда әзірге бұл тетіктің пәрмені шамалы көрінеді.
Айтқандай, сарапшылар ТЖМ-ның осы комитетінің мемлекеттік инспекторлары «Қазақмыстан» жыл сайын дерлік жөнсіздік табатынына назар аудартады. Мысалы, 2022 жылы инспекторлары «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ының 25 объектісін тексере келе, өнеркәсіптік қауіпсіздік заңнамасы талаптарының 84 бұзушылығын әшкереледі. 100 АЕК немесе 318 мың теңге айыппұл түрінде әкімшілік жаза белгіледі.
2023 жылы дәл осы комитет «Қазақмыстың» қауіпті өндірістік объектілерінде, зауыты мен цехында тағы 38 бұзушылық тапты. Бұдан біраз бұрын прокуратура да «Қазақмыстың» кеніштерін тексере келе, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары жаппай аяқасты болатынын білгенін ақпарат құралдары жазды. Мәселен, оның кеніштерінің бірінде жерасты жұмыстары жүргізілетін объектіде авариялық жарықтандырудың, кеншілер абайсызда құлап кетпеуі үшін қажетті қоршаулардың, нұсқаушы жазбалардың, телекоммуникацияның жоғы анықталған.
Сонда бейнекамералар көз қылып орнатылыпты: тексерушілер олардың жұмыс істемейтінін әшкереледі. Кранның жүк арбашасының қозғалтқыш тетігінің тежеуіші істемеген. Экскаватордың көтергіш арқаны жеміріліп, үзілуге шақ тұрған. Есептік журнал уақытылы толтырылмайтын болған, мысалы тоқтың ағып кету уақыты туралы белгі соғылмаған. Өртсөндіргіштердің қолданыс мерзімі өтіп кеткен.
Мұндай көрініс өзге компания-кәсіпорындарда үстемдік құрса керек. Сондықтан жоғары қауіп төндіретін объектілерге мемлекет әлдеқайда қатал бақылау орнататын уақыты жетті. Азаматтардың ажалына соқтырған, қаншама отбасыға қайғы жұттырған апаттардан кейін ірі лауазымды жауапты тұлғалар құтылып кете бермей, өзгеге үлгі болып, қатаң жазаланғаны маңызды. Онсыз болашақта апаттар саны арта береді, ел басшылығына Аза тұту күнін жариялауға да тура келуі мүмкін.
Елдос СЕНБАЙ