Close Menu
Ultnews-ақпараттық агентігі
  • Жаңалықтар
  • Аймақ
  • Саясат
  • Қоғам
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Денсаулық
  • Спорт
Facebook X (Twitter) Instagram
  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Сайт тәртібі
Facebook X (Twitter) Instagram
Ultnews-ақпараттық агентігі
  • Жаңалықтар
  • Аймақ
  • Саясат
  • Қоғам
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Денсаулық
  • Спорт
ҚАЗ РУС
Ultnews-ақпараттық агентігі
Home»Басты жаңалықтар»Тау тұлғалы қайраткер
Басты жаңалықтар

Тау тұлғалы қайраткер

10.02.20255 818 Views
Share
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link
Қазақтың тәуелсіздік тарихында өлшеулі ғұмырын өлшемсіз өнегеге ұластырған, мың санаттағылардан емес, шын саңлақтардан шыққан тау тұлғалар аз емес.

Қасқа жолға салған Қасым ханның, ескі жолды екшеген Есім ханның, тура жолды таңдаған Тәукенің қасиетіне бітім болмысы тартып, елі үшін туған ер-азаматтар ортамыздан ойып орын алып, есімі жұртының жүрегінде жатталғаны және шындық. Солардың бірегейі – Бердібек, саңлағы – Сапарбаев. 

Рас, ағамыз арамыздан ерте кетсе де, жылдардың ығына жығы­лып қалған жоқ, ерге тән еңбегі, ерлігі, ерекшелігі онан сайын ас­қақ­тап, парасатты жолын пейіл көгінде пайымдай бастадық. Иманың илан­ған мұсылманның мәңгілік меке­ніне аттанғанына екі жыл болса да ардақты ағамыздың рухы жердің асты мен үстін жалғап жатқандай жанымды жылымық жылытады. Кеңсайдың кең аспанынан адалдық пен тазалықтың, кісілік пен кіші­пейілдіктің кейпі елестейді.

Ерен де берен Бердібек аға өзекті өңірдің оты өршіген, тіршілігі тұқырған, қалыптасқан қоғамы қордаланған аймақтарға барып, елмен етене қызмет атқарды. Құр бармай, құтын кіргізіп, тірлігін түзеп, дамуын даңғыл жолға салып, жұп-жұмыр жұмыртқадай етіп, іс жүйесін бір ізге салып берді. Мұны мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедше айтсақ, жеті аймақтың жүгін мойымай көтеріп, күнін күнгейге бұрып, тінін түлеген тіршілікке таңып, түтінін түзу шығарды, бүтінін бүлдірмей, барды бағалады, жоқты түгендеді.

Қашан да қазақ халқы ел бас­қарған қайраткердің бойындағы іскерлігімен бірге мінезі, білім-білігі, ақыл-парасаты, тауқыметке қарсы тұрар төзімділігі сынды қа­сиеттеріне айрықша мән бергені бел­гілі ғой. Біз танып, білген Бер­ді­бек Мәшбекұлы обал мен сауаптың парқын ажырататын терең пара­саттың иесі еді. Үлкенмен де, кіші­мен де тонның ішкі бауындай бо­лып, ортақ пікір, орайлы әңгіме тауып, қауымдасуға қабыса қала­тын. Оған оңтүстік те бір, шығыс та бір, батыс та бір, ел мен елдің айыр­масы жоқ, бір – Отан. Сондықтан шығар, ел сүйді, сүйкімді басшы болды, кетерінде көптің көңілін кір­бің басып, көзден жас парлады.

Әрине, әркімнің өсіп-өнетін жері – Мысыр шаһары. Сол себепті әрбір перзент туған жерін қастерлеп қана қоймай, оның қадіріне де жетуі қажет. «Туған елінің қадіріне жет­пеген өз қадіріне жетпейді» дейтін халық даналығының мәнісі тереңде. Бердібек ағаның да ата-бабасының қасиеті сіңген құрметті төрі – туған жерге деген ықылас-ынтасы тым бөлек еді. Ауылдағы ағайынның хал-жағдайын назардан түсірмей, ақсақалдарға сәлем-құрметі ерекше болатын. Ағамыздың осындай ерек­ше қасиетін Жаңақорған ауданында әкім болған жылдары бұрынғыдан да жақын біле түстім, бірнеше рет кездесіп, ақыл-кеңесін тыңдадым.

Жаңақорған ауданының тарихы бай. Оның маңайында ортаға­сыр­лық шаһарлар – Сығанақ, Сауран, Өзгент, Аққорған сынды орталықтар мен асыл дініміздің бастауында тұрған тұлғалар мәңгілік тыныштық тапқан киелі жер көп. Осы жәннат­тай жердің қасиетін таспалауды ойлап, белгілі документалист ре­жиссер Қалила Омаров ағамызды елге шақырып, «Туған жерге тағ­зым» жобасын қолға алдық. Сөйтіп, жергілікті жердің кереметтерін түсірілім алаңына айналдырдық. Ұлы Жібек жолы бойындағы бір уыс құмның құдіретін, әрбір төбенің мән-маңызын ашып, мағынасын түсіндіруге тырыстық. Осы тұста, туған жеріне перзенттік сағыныш­пен асыға жеткен Бердібек ағамыз­ды да кинотүсірілімге қамтып үлгердік. Бұл бастаманың байыбына барсақ, оны бізге берген уақыттың ерекше сыйы деп түсінемін.

Бердібек Мәшбекұлының мем­лекеттік қызмет саласындағы өмір мектебін саралайтын болсақ, ол нанғысыз іс-әрекеттің нағыз ме­неджері, дұрысы, «кризис-менед­жер» болғанын бағамдауға болады. Тіпті, жоқтан бар жасайтын, шы­тырман шиеленісті шеше білетін шебердің өзі еді.

Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дарындағы Қызылорда облысының жағдайын еске алсақ, Кеңестік империяның әбден күйреген кезе­ңін көз алдымызға келтіреді. Бұл кезде біз жас болсақ та, Қызылорда қаласының аянышты жай-күйін көзбен көрдік. Далаға шықсаңыз, маса талайтын, үйге кірсеңіз, ыстық қапырықтан тұншығатын кез. Кө­шелері ойық-шұңқыр, үйлері әбден тозған. Бірде су тоқтайды, бірде жалп етіп жарық өшеді. Осы тұста, бір облыстың тағдыры Бердібек Мәшбекұлының мойнына түсті. Сүрінсе, сыбауға дайын, қиналса, тасадан тас лақтыруға құмар кісілер де кездесті. Ондайға оңай шағы­латын осалың Бердібек аға емес, ол жауапкершілік жүгін онан сайын еселей берді. Бердібек Мәшбекұлы, біріншіден, өзін іскер, халықшыл азамат ретінде танытса, екіншіден, елдің еңсесін тіктеуге тірек болуы тиісті еді. Өйткені туған елге қызмет ету екі есе ауыр. Сондықтан күні-түні тыным таппай, кабинетте оты­руды білмей, халықтың ортасында жүрді. Апта құрғатпай аудандарды, ауылдарды аралады. Халықтың мұң-мұқтажын біліп, ауруды асқын­дырмай аяқ астында шешуге ты­рысты, ал маңызды мәселелерге ке­зең-кезеңімен іске асырудың қа­мына кірісті.

Уақытпен санаспай атқарылған еңбек те өз нәтижесін бере бастады. Көп ұзамай жағдай өзгеріп, Қызыл­орданың шырайы кіріп, тынысы кеңейе түсті. Кезінде Торғай, Семей, Талдықорған, Жезқазған облыстары тарап, басқа өңірлермен қосылып жатқан кезде, Қызылорданың ке­ле­шегіне күдік ұялап тұрғанда Берді­бек Сапарбаев өзінің сарабдал сая­саты арқасында өңірді өркендетуге мүмкіндік бар екеніне сендіріп, араша түсті. Осылай тағдыры қыл ұшындағы қасиетті жеріміз өз иелі­гінен айырылмады, үмітіне үкі та­ғыл­ды. Мұны үлкен азаматтық ерлік деп бағалауға әбден болады!

Оның жасаған жобалары бүгінгі күні маңызын жоймай, қайта өзек­тілігі артып келеді. Мәселен, Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасына Бердібек Мәшбек­ұлы тікелей мұрындық болды. Ба­сы-қасында өзі жүріп, бел шеше кі­рісті. Шүкір, бүгінде осы жобаның игілігін ел көріп отыр. Кіші Аралдың көлемін одан әрі ұлғайтудан да үмі­тін үзбей келеді. Сәтін салса, Үкі­мет дайындаған бағдарла­ма­лар­дың оған мүмкіндіктері де жеткілікті.

Сыр елінің жыры мен сыры түгелдене бастаған кезеңде Бердібек Мәшбекұлы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне таға­йындалды. Бұл тұста оңтүстіктегі көп өндіріс орындары қаңтарылып, Шымкент шаһарында да жылу мен жарық бірде бар, бірде жоқ болғаны ел есінде. Тұрғындардың мазасы шашқан қиын сәт-тұғын.

Тағы да сенімге селкеу түсірмеу міндеті тұрды. Сөйтіп, бірінші ке­зекте коммуналдық шаруашылы­ғына қарасты мәселелерді шешетін жедел және нақты шараларды қолға алды. Бел буып бастады, берекесін байқатты. Бердібек ағаны өзгелер­ден тұлғаландыра түсетіні, оның ұлттың рухани және мәдени сер­пілуін дұрыс бағдарлай білетінінен көрінеді.

Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дарының аяғындағы ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқан аласапыран шақта Түркістан қаласының 1 500 жылдық мерейтойын кең көлемде өткізуі тас қараңғыға шырақ жақ­қандай шырағдан болды десек жа­ңылмаймын. Бұл – ұлтымыздың ру­хани жаңғыруына тың серпін бер­ді. Нәтижесінде, бірнеше жылда оңтүстік өңірдің әлеуметтік-эко­но­микалық ахуалын тіктеп, таны­мас­тай өзгеруіне жағдай жасады.

Одан кейін әбден тығырыққа тірелген Кеден саласына да қан жүгіртіп, ұршықтай үйіріп әкетті. Тұңғыш Кеден кодексін жарыққа шығарды. Сол бойынша заңдық әлеуетін күшейтті.

Әлеуметшіл тұлға әлеуметтік салаға жауапты министр де бол­ды. Екі рет. Премьер-Министрдің орын­басары да болды. Тағы да екі рет!

Бірақ Бердібек Мәшбекұлы қай кезде де кабинетте жұмыс істегеннен гөрі, елмен араласқанға, елдің мә­селесін жергілікті жерде шешуге әбден дағдыланған менеджер еді.

Осынау менеджерлік қабілетін Шығыс Қазақстан облысын басқар­ған жылдары қайта көрсетті. Оның шығысқа баруымен бірге елге қа­зақы рух барды. Абайды ұлықтау биік деңгейге көтерілді. Шығыстағы ұлттың мәселесі көшеде емес, әкім­діктің платформасында айтыла бас­тады. Өзге ұлт өкілдеріне де құр­мет көрсетудің жолын тауып, ха­лықтың көңілінен шықты.

Ағамыз қай жерде қиындық болса, сол жерде жүретініне бой үй­реткен кезіміз еді. Шығыста табиғат мінез танытып, Көкжыра мен Жән­тікей ауылы судың астында қалды. Комиссия құрып, мәселені жіті зерттеп, етікпен су кешіп, халықтың ортасында болды. Апта сайын апат­тық ауылдарға соғып, жағдайды өз бақылауында ұстап, қалпына кел­тіру жұмыстарына ерекше мән берді.

Облыс орталығында Абай ес­керткіші бой көтергенде көппен бірге қуанған едік. Ал шығыстың халқы қайраткермен коштасар сәтте, қимастық сезімін білдіріп, көз­деріне еріксіз жас алды. Бұл жаңалықты естіп, біз тағы қуандық! Іштей сүйсіндік. Қайраткерлік тұл­ғасына таңырқап, таңғалдық.

Азаматтық белсенділік – ол тек елдің алдына ең алдымен білегін түрініп шыға келетін елгезектік емес, ол – бүгінгі күн пәрменінен ертеңгі келешектің көкейтесті мүд­десін тапжылмай танып барып қай­ратқа жүгініп, әрекетке жүгі­нетін қапысыз көрегендікте. Сапар­баев­тың осы азаматтық белсенділігі облыстарды басқарған қызметінде ерекше көрініп, өнегесін тағылым етеді.

Ақтөбе облысына әкім болып баруы облыста секталық ағым кү­шейіп тұрған тұсқа тура келді. Радикалдар қоғамдық тыныштықты бұзуы әбден мүмкін еді. Осының алдын алуда жанкешті қызметтің үлгісін танытты. Сонда әкім болып тұрғанда шетелдік компанияның менеджерлерінен мемлекеттік тілді құрметтеуді талап еткені де халық жадынан өшпек емес.

Жамбыл облысында ұлттар ара­сына сына түсуі мүмкін болған күр­д­елі кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың зор сеніміне ие болып, елдің аманатын арқалаған Бердібек Мәш­бекұлы Сапарбаев облыс әкімі қыз­метіне қайта тағайындалды. Бұл – бесінші облыс еді. Еліміздің қазіргі әкімшілік-аумақтық бөлінісі бойынша бағамдасақ – жеті облыс. Мұнда да өзге ұлт өкілдерімен кез­десіп, мән-жайға қанығып, өзара түсіністікті жолға қоя білді.

Сосын «Бір ауыл – бір өндіріс» жобасын қолға алып, үлгілі ауыл­дардың картасын жасап, іргелі іс­терді бастады. Сол тұста Жаңақорған ауданының іскер азаматтары тәжі­рибе алмасуға ынталы болып, аға­мызбен хабарластық. Бердібек Мәш­бекұлы ұсынысқа ықылас та­нытқанымен, Тараз қаласына біз­дің жолымыз түспеді. Осы мүм­кін­діктің орайы келмегеніне өкінемін де.

Түйіндей айтсақ, Бердібек Мәш­бекұлы Сапарбаев қоғамның қай саласында, елдің қай аймағында мәселе ушығып тұрса, сол жерден табылып, буырқанып тұрған мәсе­лелерді рет-ретімен шешіп, көре­гендігін танытып жүрді.

Шынында, ол қызмет істеген облыстарда үлкен абыройға жетті. Тек артынан жақсы сөз ерді. Оны халықтың ерекше құрметтеп сый­лауының сыры – кісілігінде, кі­шіпейілділігінде, қарапайымдылы­ғында жатыр. Кез келген істің көзін тауып, шешімін тарқата білуі – оның білімділігі мен біліктілігін көрсетеді. Бастысы, халықпен ұда­йы ақылдасып, олардың кеңесінен түйін тауып, оны тарқата білетін еді.

Көрнекті мемлекет және қо­ғам қайраткерінің тағы бір ерек­шелігі – қоғамды мазалаған мә­селелерді тап басып, оны шешудің жолын анықтап, шұғыл әрекет ете­тін. Ол үшін мәселенің үлкен-кішісі бол­майтын. Барлық іске бірдей қарап, кез келген баста­ма­сын тыңғылықты атқаруға дағды­ланған еді.

Бердібек Мәшбекұлы туралы сөз еткенде, қай облыста болмасын, барлық ауданды аралап шығып, тіпті әрбір елді мекенді көзбен көріп, ондағы негізгі проблемаларға қанығып, шешуге бар ынта-шынта­сымен кірісетін іскерлігі таңғал­дырмай қоймайды.

Ұрпақтың ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы – адамның өмірден жинаған тәжірибесі десек, Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарынан атқа қонып, қиын кезеңдерде қаймық­пай, қайта болаттай қайнап, шың­далған азаматтың мол тәжірибесін келер ұрпаққа өнеге ету – маңызды. Жасыратыны жоқ, біз Бекеңді құр­мет тұтып өстік, үлгі көрдік, одан өнеге үйрендік. Бүгінгідей азамат қалыбымыз бірден орныққан жоқ, жақсының жолын, озықтың орнын көріп, тырыстық, талпындық, та­бысты болдық.

Жалпы, Сапарбаевтың ғибратты ғұмырынан тарамыс тағдырдың да, талайғы тар жол тайғақ кешудің де түрлі амалдарын, жеңіс пен жемістің тәттілігін, өмірдің сан қырлы сипат­тарын сезуге болады. Ал оны халық құрметтісі еткен – ерен еңбегі, ел­жанды қасиеті, азаматтық парызы!

Руслан РҮСТЕМОВ,

Парламент Сенатының депутаты

Share. Facebook Twitter Pinterest Tumblr Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Оқи отырыңыз...

Қасым-Жомарт Тоқаев: Достық пен тыныштық – Қазақстанды тұрақты дамытудың берік негізі

09.05.20251 973 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнімен құттықтады

09.05.2025681 Views

Қазақстан Вьетнамның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесіне айналады

06.05.20251 650 Views
Соңғы жаңалықтар

Қытай Трамппен келісім жасауға дайын екенін мәлімдеді

09.05.2025

Адамның денесі мен миын мұздатып, кейін қайта тірілту мүмкін бе?

09.05.2025

Дональд Трамп: «Мен Папа болғым келеді, бұл менің бірінші қалауым болар еді»

09.05.2025

Дәстүрлі өнер тоқырады ма?

09.05.2025

Қасым-Жомарт Тоқаев: Достық пен тыныштық – Қазақстанды тұрақты дамытудың берік негізі

09.05.2025

Ақтауда жаңғыртылған Caspi Bitum зауыты іске қосылды

09.05.2025

Биыл Ақтөбе облысында 14 жайлы мектеп құрылысы аяқталады

09.05.2025
Advertisement
Demo

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

Facebook X (Twitter) Instagram YouTube Telegram

2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат комитетіне № KZ66VPY00098072 нөмірімен тіркеліп, “Ultnews.kz” ақпараттық агенттігі ретінде куәлігі берілді.

©2023- 2025 / Ultnews.kz ақпараттық сайты/ Барлық құқықтар тіркелген.
  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Сайт тәртібі

Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.