Украинаның Запорожье облысындағы Камышеваха елді мекеніне Ресей әскері жасаған әуе соққысынан қаза тапқандар саны 53 адамға жеткені хабарланды.
Алдын ала тараған ақпаратқа сәйкес, 2 қарашада Ресей әскері гуманитарлық көмек таратылып жатқан бұрынғы мектеп ғимаратына соққы жасаған. Ғимаратта сол уақытта көмек алуға келген бейбіт тұрғындар болған.
6 қарашада Запорожье облыстық әскери әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Михаил Семикин қаза тапқандар саны 53 адамға жеткенін мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
«2 қарашада Камышевахаға жасалған Ресей соққысынан қаза тапқандар саны 53 адамға жетті. Оқиға орнында бесінші тәулік қатарынан іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр», – деді Семикин.
Украинаның төтенше жағдайлар қызметі құтқарушылар үйінді астынан тағы сегіз адамның денесін алып шыққанын хабарлады. Құтқару жұмыстары қайталанған әуе шабуылдарының қаупіне қарамастан жалғасып жатыр.
БҰҰ-ның Украинадағы Адам құқықтарын бақылау миссиясының мәліметінше, 2 қараша күні таңертең жергілікті тұрғындар гуманитарлық көмек алу үшін мектеп ғимаратына жиналған. Көмек тарату уақыты мен орны алдын ала әлеуметтік желілерде жарияланған.
Украина билігінің хабарлауынша, Ресей әскері елді мекенге бірнеше басқарылатын авиациялық бомба тастаған. Алғашқы соққыдан кейін адамдар бас сауғалаған паналау орны да шабуылға ұшыраған.
Қаза тапқандар арасында екі құтқарушы мен төрт полиция қызметкері бар. Олар алғашқы шабуылдан кейін оқиға орнына көмек көрсету үшін барған.
БҰҰ өкілдері бейбіт тұрғындар жиналған нысанға жасалған соққы халықаралық гуманитарлық құқықтың негізгі қағидаларын бұзуы мүмкін екенін мәлімдеді.
5 қарашада Украина президенті Владимир Зеленский үйінді астынан 43 адамның денесі шығарылғанын, тағы 53 адамның хабар-ошарсыз кеткенін айтқан еді. 6 қарашада қаза тапқандардың расталған саны 53 адамға дейін өсті.
Іздестіру-құтқару жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Сондықтан құрбандар саны тағы артуы мүмкін.

