Ақтаудағы жекеменшік «Тұлпар» мектебінде еден жуушымен жанжалдасып, су толы шелекті тепкен мұғалім жұмыстан шығарылды.
Оқиға түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарағаннан кейін білім беру мекемесінде тексеріс жүргізіліп, еңбек заңнамасының бұзылғаны да анықталған.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ақтаудағы жекеменшік мектептің бейнебақылау камерасына түсіп қалған жазба тараған еді. Кадрлардан әйел адамның техникалық қызметкермен жанжалдасып, су толы шелекті аяғымен тепкенін көруге болады. Бейнежазба желі қолданушыларының наразылығын туғызған соң Маңғыстау облысының білім басқармасы тексеріс ұйымдастырды.
Білім бөлімі мен полиция өкілдерінен құралған арнайы комиссия оқиғаның 16 қазанда болғанын анықтады.
Білім басқармасының мәліметінше, мектеп қызметкерлерінің бірі еден жуушыдан директордың кабинетін жинастыруды сұраған. Алайда ведомство ұсынған нұсқа бойынша, әйел тапсырманы орындаудан бас тартып, дөрекі жауап берген де, бөлмеден шығып кеткен. Осыдан кейін мектеп қызметкері еден жуушының су толы шелегін аяғымен теуіп, аударып жіберген.
Тексеру барысында шелекті тепкен әйелдің мектепте педагог болып жұмыс істегені және қосымша факультатив сабақтар өткізгені белгілі болды.
Педагогикалық әдеп нормаларын бұзғаны үшін оған сөгіс жарияланып, кейін еңбек шарты бұзылған.
Сонымен қатар комиссия еден жуушының мектепте жазбаша еңбек шартынсыз жұмыс істегенін анықтады. Яғни онымен еңбек қатынастары тек ауызша келісім негізінде рәсімделген.
Маңғыстау облысының білім басқармасы анықталған мән-жайларға, соның ішінде білім беру мекемесі басшылығының әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін материалдарды Ақтау қаласының полициясына жолдағанын хабарлады.

