Денсаулық сақтау шығындары екі еседен астам жылдам өсе бастады – жылына орта есеппен 23,8%. Осының нәтижесінде медицинаға жеке инвестициялар тартылды, дәрігерлердің өздері үшін еңбек жағдайлары жақсарды.
«Соңғы 7 жылда дәрігерлердің орташа жалақысы 159 мың теңгеден 442 мың теңгеге дейін өсті. 1 адамға арналған медициналық шығыстар 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге дейін ұлғайды. Қаржыландырудың ұлғаюы медициналық көмектің қолжетімділігіне тікелей әсер етті. Бастапқы деңгейде көрсетілетін қызметтер және консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 2,7 есе ұлғайды», — деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысы барысында.
Оның айтуынша, 2024-2025 жылдары медициналық көмекке жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені іске асырылған. Атап айтқанда, скринингтен өту жасы 76 жасқа дейін көтерілді. Бұл қосымша 300 мың адамды қамтуға мүмкіндік берді.
Онкоскринингтерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетіне (ТМККК) көшіру маңызды қадам болды. Бұл осы жылдың өзінде-ақ 300 мыңнан астам сақтандырылмаған азаматтар үшін қатерлі ісік ауруын ерте диагностикалауға жол ашты. 2026 жылдан бастап қан айналымы жүйесі ауруларын, қант диабетін және вирустық гепатиттерді анықтауға арналған скринингтер осы санатқа қол жетімді болады.
«Медицина барлығына қол жетімді болуы керек. Қабылданған заңның нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар енді медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша табысы төмен азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлей алады. 2026 жылы сақтандырумен қосымша 1 млн-ға жуық адам қамтылады деп күтілуде», — деді А.Әлназарова.
Бүгінгі таңда мемлекет 11 млн-нан астам қазақстандықты қамти отырып, 15 жеңілдік санаты үшін сақтандыру жарналарын енгізуде. Бастапқы буынның жұмысы да жетілдірілді: дәрігерлерді қабылдау уақыты ұлғайтылды, жоспарланған қабылдаулар енгізілді және жедел жәрдем кабинеттері ашылды.