Спорт – ұлт саулығының негізгі кепілі. Ал, білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – мемлекеттің ең қымбат қазынасы. Олай болса, халықтың тұрақты түрде спортпен шұғылданып, белсенді өмірге араласуы үшін мемлекеттік қолдаудың маңызы айрықша. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында «Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі», — деген болатын.
Соңғы жылдары Сыр спортында жағымды жаңалық көп. Мемлекет басшысы және Үкіметтің ерекше қолдауымен аймақ басшысының тікелей бастамасымен Сыр өңірінде спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі жолға қойылды.
Жыл басынан бері облыс орталықтары мен аудандарда 10-ға жуық заманауи үлгідегі спорт кешені халық игілігіне табысталды.
Сонымен қатар, 2024 жылы заманауи үлгідегі Үстел теннисі орталығы салынып, спор сүйер қауымның игілігіне берілді. Жалпы, бүгінде облыста 17 мыңға жуық адам теннисті жанына серік етіп, тұрақты түрде айналысады. Тиісінше, өңірде дәл осы спорт түріне қызығушылық танытатындар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Осыған байланысты Қызылорда қаласының сол жағалауында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды қолдау қорымен бірлескен түрде жаңа «Үстел теннисі» орталығы ашылды. Жаңа спорт нысанында 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орын, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар. Орталықта қазіргі уақытта 5 оқытушы-жаттықтырушы 250-ге жуық спортшыны кәсіби бағытта үйретуде.
Спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы тағы бір байыпты бастама – Қызылорда қаласының сол жағалауындағы 11 мың орындық жаңа стадионның құрылысы. Өткен жылдың мамыр айында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен құны — 20,9 млрд.теңгені құрайтын халықаралық стандарттарға сай жаңа стадионның іргетасы қаланған болатын.
Өңір халқының сұранысына сай салынып жатқан жаңа стадионда Жаңа стадионда жасыл алаңнан бөлек, спорттың бірнеше түріне арналған спорт залдары қарастырылған. Атап айтқанда, бокс, күрес залдары, спорттық-гимнастика, ауыр атлетика, таеквондо және фитнес залдары бар.
Стадионның тағы бір ерекшелігі, УЕФА классификациясы бойынша – ІІІ санатты. Жаңа стадион осы жылы іске қосылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, жақында ғана «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры мен Қызылорда облысының әкімдігі екіжақты меморандумға қол қойды. Соның нәтижесінде, Қызылорда қаласының сол жағалауында жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасы қаланды. Жаңа ғимарат мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін спортпен шұғылдануына ыңғайлы етіп салынбақ.
Бұдан бөлек, облыс орталығында 21 млрд теңгені құрайтын көпбейінді «Kyzylorda Arena» спорт кешенінің құрылысы да басталды.
Жалпы, Қызылорда облысында 1490 спорт нысаны бар. Сәйкесінше, өңірдегі 1000 адамға шаққандағы спорттық нысандарымен қамтылу көрсеткіші 46,2 пайызды құрап отыр.
Сыр спортына жасалған ілкімді істердің арқасында өңірде бұқаралық спортпен айналысушылар саны жылдан жылға артып келеді. Мәселен, биыл облыста 342 223 адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Сәйкесінше бұл облыс тұрғындарының 40,4 пайызын құрайды. Жыл соңына дейін бұл межені арттыру жоспарлануда.
Қазіргі таңда, облыс бойынша 22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 46 түрі бойынша 670 жаттықтырушы-оқытушы 22 655 спортшыны тұрақты оқу-жаттығу процесімен қамтамасыз етуде.
Сыр спортын дамыту аясындағы нәтижелі жұмыстардың арқасында өңір спортшылары Әлем Кубогынан 2 алтын, Азия чемпионатынан 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алса, ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 72 алтын, 37 күміс, 42 қолаға қол жеткізді.