Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қолдау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Бүгінде Шиелі ауданында халық саны 85 мың 400 адамды құрайды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, аудан бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрап, жұмыссыздар саны 1 716 адам болды. Экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 36 864 адам, оның ішінде 35 148 адам жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамтылғандардың 23 370-і жалдамалы қызметкерлер, ал 11 778-і өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар.
Халықты әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Есепті жылдың 1 шілдесіне дейін аз қамтылған 124 отбасының 669 мүшесіне жалпы сомасы 44 млн 947 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының экономикалық өсімді қамтамасыз ету және халықтың нақты табысын арттыру мақсатында әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы аясында ауданда жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 492 жаңа жұмыс орны ашылып, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1021 жаңа жұмыс орнына жеткізу жоспарланып отыр.

