Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков құрылыс саласында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобаларға тоқталды.
Бүгінде аудан көлемінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар нысандардың құрылысы мен жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Атап айтқанда, Шиелі кентіндегі Абай көшесінде орналасқан спорт кешені 249,9 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, Жөлек ауылдық округінде жобалық құны 613,9 млн теңгені құрайтын жаңа спорт кешенінің құрылысы жалғасып жатыр.
Халықты көгілдір отынмен қамту мақсатында Шиелі кентінің «Береке» мөлтек ауданында газ құбыры мен газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде.
Көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында Есабыз және Әлия Молдағұлова көшелерінің қиылысындағы К-4 каналында жаңа автомобиль көпірінің құрылысы басталды. Жоба аудан тұрғындарының қатынасын жеңілдетіп, жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 1903 жылы салынған Шиелі теміржол вокзалы толық жаңғыртылып, биыл маусым айында қайта пайдалануға берілді. Құны 836 млн теңгеден асатын жоба аясында ғимарат толық күрделі жөндеуден өтіп, инженерлік жүйелері жаңартылып, вокзал аумағы абаттандырылды.
Сонымен қатар, Бидайкөл елді мекеніндегі стадионды қайта жаңғырту, Сұлутөбе ауылында шағын футбол және балалар ойын алаңдарын салу, сондай-ақ Еңбекші және Сұлутөбе ауылдық округтерінде өрт сөндіру бекеттерінің құрылысы қолға алынған.
Білім беру нысандарын жаңарту бағытында №46 А.С. Пушкин атындағы мектеп-лицейіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 67 млн теңге бөлініп, тиісті рәсімдер жүзеге асырылуда.
Аудан әкімі барлық құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілуі басты назарда екенін атап өтті.


