Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың халықпен кездесулері Бұқарбай батыр, Таң және Ақсу ауылдық округтерінде жалғасты.
Кездесуде аудан әкімі 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысын таныстырып, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жобалар мен міндеттерге тоқталды.
Аудан әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлері назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, халық сұранысына сәйкес жаңа жобалар кезең-кезеңімен іске асырылатынын жеткізді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің бастамасымен ауданда инфрақұрылымдық және әлеуметтік бағыттағы бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Осы жұмыстар аясында елді мекендерді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, газдандыру және жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Бұқарбай батыр ауылында бұған дейін 11 көшеге асфальт төселіп, ауылдың жол инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды. Сонымен қатар, көркейту-көгалдандыру, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.
Таң ауылдық округінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, «Таң ЛТД» ЖШС-нің демеушілігімен ауылды абаттандыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Ақсу ауылында биыл 3 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, М.Әуезов, Т.Қожақұлов және Ақбөгет көшелеріне толық асфальт төселеді. Сонымен қатар, тағы 3 көшеге күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті ұсыныстар жолданды.
Бұдан бөлек, ауылдағы электр желілерін жаңарту жұмыстары жүзеге асырылды. Елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Кездесу барысында тұрғындар аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, өз ұсыныстарын жеткізді.


