Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент жаңа Конституцияны қабылдауға журналистердің қосқан үлесін жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттың үні, қоғамның айнасы деуге толық негіз бар.
Өйткені өз азаматтарымызбен қатар, күллі әлем қауымдастығы елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің түпкі мәнін, ең алдымен, отандық медиа арқылы танып, біледі.
– Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан журналистері осы жауапкершілікті терең сезініп, кәсіби міндеттерін жемісті атқаруда. Наурыз айында біз – бәріміз бір ел болып, конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Еліміздің бас құжаты – жаңа Конституциямыз өз тұғырына қонды. Ата заңды әзірлеу және қабылдау оңай шаруа емес екені анық. Бұл – бірлігі бекем, рухы биік және жарқын болашаққа деген сенімі зор ұлттың ғана қолынан келетін бірегей қадам. Біз осы мақсатқа жету үшін ұзақ жолды жүріп өттік. Арнайы Конституциялық комиссия құрып, Негізгі заңның әр бабын ел мүддесі тұрғысынан мұқият сараладық. Бүкіл жұртты бір мұратқа ұйыстырған ортақ істе медиа саласы мамандарының маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өту қажет. Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Науқан кезіндегі тікелей эфирлер, сараптамалық материалдар мен танымдық сұхбаттар – соның айқын дәлелі. Жалпы, журналистер өз кәсібилігін толығымен көрсетті. Осы салада нағыз кәсіби маман болу дегеніміз – «қолдан жасалған» айқай-шу немесе даңғаза жасау емес, бұл – ең алдымен өзекті мәселені жан-жақты білу және тақырыпты жетік меңгеру деген сөз. Комиссия отырысының әлеуметтік желідегі эфирлері де миллионнан астам қаралым жинады. Осылайша, Ата заң жобасын талқылау жалпыұлттық деңгейдегі пікірталасқа ұласты. Бұл іске елге жанашыр азаматтарымыз түгел қатысты. Мәселен, «e-Government» және «е-Өтініш» цифрлық жүйесі арқылы мыңдаған өтініш келіп түсті. Түптеп келгенде, мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі екені сөзсіз. Конституциялық комиссия мүшелері салмақты әрі ұтымды ұсыныстардың ешқайсысын назардан тыс қалдырған жоқ, оның бәрі мұқият зерделенді. Бас құжаттың жобасын дайындау және оны талқылау тәжірибесі мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтерді. Комиссия құрамында масс-медианың беделді өкілдері де болды. Сондықтан журналистер қауымын жаңа Ата заңымыздың тең авторларының бірі деп айтсақ, қате болмайды, – деді Президент.
Айтпақшы, Президент тапсырмасымен биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады.
Мемлекет басшысы журналистика саласында қай кезде де ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын, парасатты, нағыз отаншыл тұлғалар қызмет еткенін атап өтті.
– Олар халықтың сана-сезімін оятып, елдің еңсесін көтеруге зор үлес қосты, ағартушылықпен айналысып, халықты білім мен ғылымға шақырды. Сіздер де аға буын салған сара жолды лайықты жалғастырып келесіздер. Баршаңызға тағы да зор алғыс айтамын. Мемлекет медиа саласы қызметкерлерін әрдайым қолдайды, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән береді. Баршаңызға мәлім, жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында тілшілер қауымына пәтер кілтін табыстау жақсы дәстүрге айналды. Соңғы үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болды. Енді бұл бастаманың ауқымын кеңейте түсуді көздеп отырмыз. Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады. Жалпы, биылдың өзінде бүкіл еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана беріледі. Бәріңізге құтты болсын деймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

