Өндірісті өркендетуге және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға зор үлес қосқаны үшін Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» КС механизаторы М.Қаражұмановқа, тау-кен саласындағы айтулы жетістігі және ұзақ жылғы еңбегі үшін Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ «Шахтинская» шахтасының учаске бастығы С.Чернобайға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Павлодар облысындағы «Галицкое» ЖШС директоры А.Касицин «Отан» орденімен марапатталды.
«Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС басқарма төрағасы К.Исаев, Қазақстан журналистикасының ардагері С.Харченко І дәрежелі «Барыс» орденімен; «Ақтоғай» су электр стансасының директоры Т.Баймолдаев, Ұлттық ғылым академиясының академигі О.Сәбден, еңбек ардагері Е.Тәжиев, «Алматы әуендері» концерттік оркестрінің бас дирижері М.Серкебаев және басқалар ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен; К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессорлары А.Алматов пен Н.Измаилов, «Ақсайгазсервис» АҚ холдингі компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Т.Шектебаев, ақын Ә.Беркенова және басқалар ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.
Еліміздің рухани кемелденуіне және зияткерлік әлеуетінің дамуына елеулі үлес қосқаны үшін белгілі ғалымдарға, мәдениет қайраткерлеріне және өндіріс саласының өкілдеріне «Парасат» ордені берілді. Олардың қатарында «Ильинское» ЖШС директоры А.Бурлев, ақын Ғ.Жайлыбай, «Мұнай-газ кешені ардагерлері» РҚБ кеңесінің мүшесі Т.Хасанов, Қазақстан журналистикасының ардагері Е.Брусиловская, Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі М.Башабаев және басқалары бар.
Бейбітшілікті, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Social theater-Camogli» (Италия) театрының көркемдік жетекшісі Аквавива Джузеппе ІІ дәрежелі «Достық» орденіне лайық деп танылды.
«Құрмет» орденімен марапатталғандардың қатарында Астанадағы № 3 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері М.Абдуов, «Құмқұдық» ЖШС бас инженері Б.Айтжан, «QazaqGaz Aimaq» Алматы өндірістік филиалының слесарі Г.Жасыбаева, Ұлттық ядролық орталықтың лаборанты Ю.Карягин, Орталық мемлекеттік архивтің директоры С.Шілдебай, актриса Г.Дусматова, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры А.Чеботарев және басқалары бар.
Ұлт бірлігін нығайту және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолындағы жемісті еңбегі үшін «Ел бірлігі» орденімен «Ахыска» түрік этномәдени орталығының Шымкент қаласы филиалының төрағасы Л.Асанов, Павлодар облысы бойынша орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының төрағасы В.Берковский, «Возрождение» Қазақстан немістері бірлестігі қамқоршылар кеңесінің төрағасы Е.Больгерт, «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығының төрағасы Р.Валиев, «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктерінің қауымдастығы төрағасының орынбасары А.Исматуллаев марапатталды.
Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндірістік салалардың еңбеккерлері III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің кавалері атанды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы мәдениет саласының көрнекті өкілдері З.Алтынбаеваға, Ә.Алтынбекке, Н.Жмеренецкаяға, Б.Қажыбаевқа, белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері И.Сауэрге және тағы да басқаларға берілді.
«Қазақстанның халық жазушысы» атағына ақын М.Айтқожа, жазушы Ғ.Қабышұлы, «Қазақстанның халық әртісі» атағына музыка, театр және кино өнерінің көрнекті қайраткерлері Б.Әбділманов, М.Өтекешова, А.Жайымов, Т.Жанқұл, Ш.Жанысбекова, Б.Ибраев, К.Қазақбаева, Р.Машурова лайық деп танылды.
Денсаулық сақтау және ғылым саласының бірқатар өкілі «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атақтарына ие болды.
«Қазақстан Республикасының гидрогеологиялық карталар атласының» құрастырушылары М.Әбсәметовке, Р.Аязбаевқа, Е.Көлдеевке, Е.Мұртазинге, В.Смолярға, сондай-ақ түсті металлургиядағы экологиялық қауіпсіздік жөніндегі зерттеулердің авторлары Б.Кенжәлиевке, В.Володинге, Е.Оспановқа, С.Требуховқа, А.Шахаловқа Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Сонымен қатар белгілі археолог З.Самашев, тарихшы М.-А.Сыдықназаров Қазақстан Республикасының А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, ұлттық қауіпсіздікті нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, I, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Айта кетерлік жайт, Жұмысшы мамандықтары жылына орай Республика күні қарсаңында еңбек әулеттерінің 138 өкілі, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардың 500-ге жуық жұмысшысы мен еңбеккері, шағын және орта бизнестің 200-ге жуық өкілі, 130-дан астам ұстаз бен ғалым, 100-ден аса медицина қызметкері және күнделікті еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген басқа да азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды.
