Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданының активіне жаңа әкімді таныстырды. Облыс әкімінің өкімімен бұл қызметке Айбек Серікболұлы Нұғымаров тағайындалды.
Аймақ басшысы бұл тағайындау жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін жүзеге асқанын атап өтті. Еске салсақ, Конституциялық заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерін сайлау институты жойылып, енді олар облыс әкімінің өкімімен, тиісті мәслихаттың келісімі негізінде тағайындалады.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес, ҚР Президенті Әкімшілігі мен Аягөз аудандық мәслихаты депутаттарының келісімі негізінде облыс әкімінің өкімімен Айбек Серікболұлы Нұғымаров Аягөз ауданының әкімі болып тағайындалды.
Бұл – жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Абай облысында аудан әкіміне жасалған екінші тағайындау.
Жаңа әкімді таныстырған Берік Уәли ауданның стратегиялық маңызын атап өтті.
«Аягөз ауданы – облыстағы стратегиялық маңызы бар бірден-бір аймақ. Аудан ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті және әлеуметтік саланы дамыту үшін жоғары әлеуетке ие. Сонымен қатар логистика мен сауданың дамуына ықпал ететін маңызды көлік қиылысында, яғни тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сол себепті қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру аса маңызды. Айбек Серікболұлының тәжірибесі жеткілікті. Ол осы уақытқа дейін өзінің іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. Сондықтан артылған сенімді ақтап, аудан тұрғындарымен бірге Аягөздің одан әрі дамуына бар күш-жігерін салады деп сенемін», – деді облыс әкімі.
Айбек Нұғымаров Абай ауданының Құндызды ауылында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтында «Дене шынықтыру», Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде «Заңгер» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын Семей қаласындағы қазақ күресі бөлімінде оқытушы-жаттықтырушы болып бастаған. Кейін Шығыс Қазақстан облысының жоғары спорт шеберлігі мектептерінде нұсқаушы-әдіскер және жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Сондай-ақ алты жылдан астам уақыт Семей қаласындағы Көлік колледжін басқарған.
Осы тағайындауға дейін Айбек Нұғымаров Аягөз ауданы әкімінің орынбасары және аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметтерін атқарған.
Ол қазақ күресінен бірнеше дүркін әлем чемпионы. 2013 және 2019 жылдары «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы атанды. Қазақ күресі мен самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Көпшілік оны түйе палуан ретінде жақсы таниды.

