Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков абаттандыру, экология және жастар саясаты бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Аудан орталығын көркейту мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Базар арығы» каналының бетондау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Жалпы құны 553 млн теңгені құрайтын жоба аясында 1,2 шақырымы аяқталып, қалған бөлігі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, Шиелі кентіндегі 9 көшеге жаңа түнгі жарық шамдары орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалуда.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Оқшы ата, Асан ата, Есабыз әулие, Ғайып ата, Бала би, Досбол би және Қыш ата кесенелерінің аумақтарында демеушілер есебінен жаяу жүргіншілер жолдары салынып, зиярат етушілерге қолайлы жағдай жасалды.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында аудан көлемінде санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген жаңа талаптарға сәйкес, тұрғындардың өз үйі мен оған іргелес аумақтың тазалығына жауапкершілігі күшейтілді.
Бүгінде тазалық жұмыстарына коммуналдық мекемелермен қатар кәсіпкерлер, өндіріс орындары, еріктілер және тұрғындар белсенді атсалысуда. Көшелерді суару, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті жүргізілуде.
Акцияға белсенді қатысқан азаматтарды ынталандыру мақсатында бүгінге дейін 5 азаматқа Сарыағаш шипажайына жолдама, 27 азаматқа қаржылай сыйақы табысталды. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға тартылған 40 азаматқа қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі қарастырылған.
Жастар саясаты да басты назарда. Бүгінде ауданда 27 645 жас тұрады, бұл жалпы халық санының 32 пайызын құрайды. Жыл басынан бері 7 мыңға жуық ерікті қайырымдылық және қоғамдық шараларға белсенді қатысса, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 110 жас уақытша жұмыспен қамтылып, ауданның тазалығы мен абаттандырылуына өз үлесін қосуда.
Аудан әкімі қоғамдық-саяси ахуал мен қоғамдық қауіпсіздік тұрақты екенін атап өтіп, алдағы уақытта ауданның көркеюі мен тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасатынын жеткізді.

