Close Menu
Ultnews-ақпараттық агентігі
  • Жаңалықтар
  • Аймақ
  • Саясат
  • Қоғам
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Денсаулық
  • Спорт
Facebook X (Twitter) Instagram
  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Сайт тәртібі
Facebook X (Twitter) Instagram
Ultnews-ақпараттық агентігі
  • Жаңалықтар
  • Аймақ
  • Саясат
  • Қоғам
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Денсаулық
  • Спорт
ҚАЗ РУС
Ultnews-ақпараттық агентігі
Home»Басты жаңалықтар»Мемлекет басшысы XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады
Басты жаңалықтар

Мемлекет басшысы XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады

25.02.2026852 Views
Share
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link
Ақорда резиденциясында ХХV Қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде Қазақстан үшін бұл Олимпиаданың орны ерекше екенін айтты.

– Отандасымыз Михаил Шайдоров тамаша өнер көрсетті. Мәнерлеп сырғанаудан алтын медальға ие болып, көк Туымызды Олимп шыңына көтерді. Сондықтан Михаилға алғысымды білдіріп, құтты болсын дегім келеді. Ақордада жиналып отырған адамдарға, ең алдымен, Михаилдың әкесі мен жеңімпаздың бапкеріне ризашылығымды айтамын. Баршаңызды тағы да шын жүректен құттықтаймын! Сіздер қажырлы және табанды еңбектің арқасында Михаилды мықты спортшы, нағыз дарын иесі ретінде бүкіл әлемге паш еттіңіздер. Халқымыз Михаилды мақтан тұтады, ал жас буын одан үлгі алады. Олимпиада жеңімпазы болу – биік мақсат жолында кез келген қиындықты жеңу, яғни, ұзақ әрі күрделі жолға дайын болу деген сөз. Темірдей тәртіппен күн сайын тынымсыз жұмыс істеген адам ғана зор табысқа жетері анық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровтың жеңісі еліміз үшін теңдесі жоқ жетістік саналатынына назар аударды.

– Біріншіден, бұл – көптен күткен, яғни, 32 жылдан кейін қол жеткізген тарихи жүлде. Екіншіден, бұл – мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынына түскен алғашқы Олимпиада алтыны. Үшіншіден, күллі әлем елімізде әйгілі спортшы Денис Теннің жолын жалғастыратын дарынды жастардың бар екеніне куә болды. Михаил Шайдоровтың Олимпиадада көрсеткен керемет өнері, сөзсіз, тарихи жетістік, нағыз триумф. Кортина д’Ампеццо мұз айдынында отандасымыздың жұлдызы жарқырады. Бұл – Олимпиада чемпионының өзін-өзі шыңдап, өз күшіне сенгенінің, мәнерлеп сырғанау сияқты аса қиын спорт түріне деген ерекше махаббатының жемісі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Олимпиада чемпионының әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегіне айрықша тоқталды.

– Станислав Александрович – мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Әкесі, тұңғыш бапкері ретінде Михаилдың мұз айдынындағы алғашқы қадамын жасауға көмектесіп, өмірдің ең қиын сәттерінде әрдайым ұлының жанында болған адам. Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан Республикасының көк Туын әлемнің басты спорт аренасында биік желбіреткен осындай ұлды, отаншыл азаматты тәрбиелегеніңіз үшін Сізге шын жүректен алғыс айтамын. Баспасөз бетіндегі сұхбатыңызды оқып шықтым. Михаилдан мейіріміңізді аямай, талантты перзентіңіздің спорттағы ерекше миссиясына титтей де күмән келтірмей, әкелік парызыңызды адал әрі лайықты атқардыңыз. Биік шыңға апарар бұралаң жолдан бірге өттіңіздер. Енді сол табан ақы, маңдай тердің жемісін көріп, құрмет пен қошеметке бөленіп жатсыздар. Бүгінде халқымыз Сіздерді ардақ тұтады. Отаншылдықтың нағыз үлгісін көрсеткендеріңіз үшін еліміз Сіздерге ризашылығын білдіреді. Жұртшылықтың алғаусыз алғысы мен құрметіне мен де қосыламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент чемпионның бапкері, әйгілі спортшы, 1994 жылғы Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Алексей Урмановқа ыстық ықыласын білдірді.

– Мәнерлеп сырғанау спортындағы білікті маман ретінде ерен жетістіктеріңізді жалғайтын лайықты ізбасар дайындадыңыз. Сол үшін Сізге зор алғыс айтамын. Осынау тамаша табысқа салалық министрлік, федерация, сондай-ақ атақты боксшымыз, жақында есімі Дүниежүзілік бокс даңқы залына жазылған Геннадий Головкин басқаратын Ұлттық Олимпиада комитеті елеулі үлес қосты. Отандастарымыз спорттық бәсекенің қиындықтарын, әсіресе, еркін бағдарламадан кейінгі Михаилдың күрделі жағдайын тебіреніспен бақылап отырды. Бірақ ол тәуекелге барып, жер-жаһанның басты байрақты бәсекесіндегі жеңісті жұлып алды. Бұл да кездейсоқ емес. Өзіне берілген жалғыз мүмкіндікті екінің бірі сәтті пайдалана алмайды. Әдетте жарысқа түскенде «бақ шаба ма, бап шаба ма» деп жатады. Бірақ «еңбек – бәрін де жеңбек» деген ұлағатты да ұмытпайық. Михаилдың жеңісі мыңдаған жастарымызды спортпен шұғылдануға жігерлендірді. Еңбек етсең, ерік-жігерің мұқалмай, батыл әрекет қылсаң, кез келген, тіпті қол жетпестей көрінетін арманның өзі орындалатынына сенімін күшейтті. Бүгінде еліміздегі мыңдаған ұл-қыз Михаил Шайдоровқа қызыға қарап, еліктейді, даңқты спортшы болғысы келеді. Демек еліміздің ұландары әлемдік спорттың биігінде жарқырай көрінетін күн алда. Барша Олимпиада чемпиондарының аты әлем спортының жылнамасына жазылады, олардың жетістіктері Лозаннадағы Халықаралық Олимпиада комитетінің музейінде тіркеледі. Енді түрлі елдің туристері Михаил Шайдоровтың 2026 жылғы Олимпиададағы тамаша жеңісі туралы білетін болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына қолайлы жағдай жасалатынын айтты. Бұл – мемлекеттік саясаттың басым бағыты.

– Олимпиададағы нәтиже әрқашан ел дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі саналған, алдағы уақытта да солай бола бермек. Қазақстан осы жарыстарға қатысқан спортшылардың саны жағынан 25-орынға табан тіреді. Біз алдына мақсат қойған әр еңбекқор жан өзінің қабілет-қарымын көрсете алатын, соның ішінде спортта көздеген биігіне жетуі үшін мол мүмкіндікке жол ашатын Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Адал бәсеке, меритократия, тәртіп пен жауапкершілік, бұл – үлкен спорттың да, кез келген қуатты мемлекеттің де діңгегі. Ұлттың жасампаздық қуатын арттыру республикалық референдумға шығарылған жаңа халықтық Конституция жобасының негізгі мазмұндық өзегі болып отыр. Ата Заңдағы әділдік, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау, отаншылдық қағидаттары мемлекет іргесін бекемдеп, өркендеудің қозғаушы күшіне айналады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, мемлекеттердің дамуы да үлкен спортқа ұқсас: кім алдына биік мақсат қояды, табанды еңбек етеді, бірлесіп жұмыс істейді, сол жетістікке жетеді.

– Бүгін біз жеңіске жетуге бар күш-жігерін жұмсап, жеке рекордтарын жаңартқан Михаил мен ұлттық құрама мүшелерін құттықтаймыз. Кейбір спортшыларымыз осындай ауқымдағы жарысқа алғаш рет қатысса да, олар лайықты өнер көрсетті. Көптеген спортшымыз өздері сынға түскен сайыста үздік ондыққа енді. Бұл болашақтағы табыстарға жол ашады. Азаматтарымыздың халықаралық деңгейдегі жетістіктері, мейлі, ол спортта немесе оқушылар мен студенттер олимпиадасында, өнерде, тіпті басқа салаларда болсын, еліміздің өркендеп келе жатқанын көрсетеді. Таяуда Милан мен Кортинада Қысқы Паралимпиада ойындары басталады. Спортшыларымызға сәттілік тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, екі жылдан кейін атлеттеріміз Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатынын еске салды.

– Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті, федерациялар бірлесе жұмыс атқарып, құрама мүшелерін жан-жақты қолдауға тиіс. 2029 жылы Алматы қаласында өтетін Қысқы Азия ойындарына ерекше назар аудару қажет. Ойындар ең жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек. Бұл – Қазақстандағы спорттың дамуына тың серпін беріп, экономика мен туризм салаларына оң ықпал ететін өте маңызды іс-шара, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент XXV Қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістіктері үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. «Құрмет» ордені Қазақстан Республикасының мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа, Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров көрсеткен қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша отандасымызға ризашылығын білдірді.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бұл кездесуге Олимпиада чемпионы ретінде қатысу – мен үшін зор мәртебе. Алтын медаль – менің ғана емес, ата-анамның, бапкерлерімнің және мен үшін алаңдап, қолдау көрсеткен барша қазақстандықтың жеңісі. Бұл аянбай тер төгіп жұмыс істесең, жақын жандардың махаббаты мен сенімі болса, армандардың орындалатынын көрсетеді. Президент мырза, Сіздің қолдауыңыздың арқасында спортшылар үлкен жетістіктерге, жаңа тарихи рекордтарға қол жеткізіп жүр. Мен Олимпиада алтынымен шектелмеймін. Алдымда ұзақ жол бар. Елімнің сенімін ақтап, жас ұрпаққа үлгі болып, халқымыздың мерейін үстем еткім келеді. Рахмет Сізге! Сүйікті Отаныма, Қазақстаныма қызмет етемін, – деді Михаил Шайдоров

Share. Facebook Twitter Pinterest Tumblr Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Оқи отырыңыз...

Үкімет өңірлердің су тасқынына дайындық барысын тексеруді бастады

25.02.2026153 Views

СЫР ЕЛІНДЕ КЕҢЕС ДҮЙСЕКЕЕВТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

24.02.20266 454 Views

Алтынкөл – Қорғас торабының өткізу қабілеті екі есеге жуық артады

23.02.202695 Views
Соңғы жаңалықтар

Мемлекет басшысы XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады

25.02.2026

Үкімет өңірлердің су тасқынына дайындық барысын тексеруді бастады

25.02.2026

СЫР ЕЛІНДЕ КЕҢЕС ДҮЙСЕКЕЕВТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

24.02.2026

Алтынкөл – Қорғас торабының өткізу қабілеті екі есеге жуық артады

23.02.2026

Ұлттық гидрогеологиялық қызмет Қазақстан аумағында 700-ден астам бұлақ анықтады

23.02.2026

Шымкентте фармацевтикалық өндірісті кеңейту үшін 39,5 млрд теңге жеке инвестициялар бағытталады

23.02.2026

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы қандай жобалар жүзеге асады

23.02.2026
Advertisement
Demo

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

Facebook X (Twitter) Instagram YouTube Telegram

2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат комитетіне № KZ66VPY00098072 нөмірімен тіркеліп, “Ultnews.kz” ақпараттық агенттігі ретінде куәлігі берілді.

©2023- 2026 / Ultnews.kz ақпараттық сайты/ Барлық құқықтар тіркелген.
  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Сайт тәртібі

Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.