Қызылордада «Маусымашар – 2027» жайдарман фестивалі өтіп, жаңа маусымның шымылдығы түрілді. «Әділет» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен сайысқа өңірдегі жоғары оқу орындары, колледждер мен аудандардан 11 команда қатысты. Ал жалпы маусымға қатысуға облыс бойынша 30-ға жуық команда өтініш білдірген.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында өткен ойын «Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстан үшін!» тақырыбына арналды. Қатысушылар әзіл мен тапқырлық арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай жастардың шығармашылық бастамаларына қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.
«Бүгінгі фестиваль – жай ғана әзіл сайысы емес, жастардың қабілетін танытып, шығармашылығын шыңдайтын мүмкіндік. Мемлекет басшысы көтерген «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғам өмірінің барлық саласында маңызға ие. Жастар да осы құндылықтарды өз өнері арқылы насихаттай алады. Осы маусымға 300-ге жуық команда қатысуға ниет білдіруі – өңір жастарының Жайдарманға деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді. Біздің міндетіміз – осы әлеуетті қолдап, талантты жастардың өсуіне жағдай жасау. Сондықтан биыл ойындарды маусым бойы тегін өткізіп, командаларға тұрақты қолдау көрсетуді қолға алдық», – деді Жандос Базартай.
Биылғы маусымда командаларға ерекше көңіл бөлінбек. Қазылар алқасының мүшелері ұжымдарды жеке-жеке қамқорлыққа алып, жыл бойы шығармашылық бағыт-бағдар береді. Бұл қатысушылардың сахнадағы шеберлігін жетілдіріп, әзіл жазу мәдениетін дамытуына жол ашады.
Жастардың әлеуетін ашу, бастамаларын қолдау және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау – «Әділет» партиясының басым бағыттарының бірі. Жайдарман қозғалысы осы мақсаттарды жүзеге асырудың тиімді алаңына айналып, жастардың өзін көрсетуіне әрі ортақ құндылықтарды шығармашылықпен насихаттауына мүмкіндік береді.
Маусым бойы үздік нәтиже көрсеткен командалар арнайы сыйлықтармен марапатталады. Ал алғашқы ойынның қорытындысы бойынша «PROFI» спорт тауарлары дүкені арнайы тіккен кубок «AMG» командасына табысталды. Ал 50 мың теңгелік қаржылай сыйлықты И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің «Арбаттың бойы» командасы иеленді.
Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауы да жобаның ауқымын кеңейтуге ықпал етіп отыр. Ұйымдастырушылардың мақсаты – өңірдегі Жайдарман қозғалысын дамыту, жас таланттарға жол ашу және Сыр елінің үздік командаларын республикалық деңгейде таныту.
«Маусымашар – 2027» осылайша жаңа маусымға серпін беріп, Сыр жастарының шығармашылық бәсекесіне жол ашты.


