Республика күні қарсаңындағы тағы бір маңызды іс-шара – Қызылордада «Terra Green» ЖШС заманауи жылыжай кешені құрылысының басталу рәсімі. Оған қатысқан облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мустафа Капуджу, «Terra Green» компаниясының өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағаларына серіктестік құрылтайшысы Фатих Будан жобаның негізгі бағыттары мен ерекшеліктерін таныстырды.
Аймақ басшысы өңірде агроөнеркәсіп саласын дамытудың артықшылықтарына тоқталып, жаңа жылыжай кешені құрылысының басталуымен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауды, оның ішінде агроөнеркәсіп саласына баса мән беруді тапсырған болатын. Өздеріңізге белгілі, агроөнеркәсіп кешені – облыс экономикасының негізгі салаларының бірі.
Еліміздегі күріш пен ас тұзының 90 пайыздан астамы Қызылорда облысында өндіріліп, алыс-жақын шет мемлекеттерге кеңінен экспортталуда.
Осы тұста тұрғындарды сапалы көкөніс өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жылыжай шаруашылығын дамыту өте маңызды.
Бүгін құрылысы басталатын жылыжай кешені тұрғындарымыздың маусымаралық кезеңдегі қажеттілігін толық қамтуға және өңіріміздің экспорттық әлеуетін арттыруға серпін береді. Ең бастысы, жүздеген отбасы үшін тұрақты табыс, жастарымыз үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Салтанатты шарада Мустафа Капуджу, облыс прокурорының міндетін атқарушы – инвестициялық омбудсмен Нұрболат Дүйсенбаев сөз сөйледі. Ауыл шаруашылығы саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықбанұлы батасын берді.
«Terra Green» заманауи жылыжай кешені – агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған маңызды жоба. Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға, сондай-ақ саланы әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Жылыжай кешені іске қосылғанда тұрғындар жыл бойы сапалы әрі қолжетімді көкөніске қол жеткізеді. Бұл баға тұрақтылығын сақтауға және жергілікті өнімнің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді.


