Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша атқарылған жұмыстар жөніндегі есепті кездесуі Жаңадария ауылынан басталып, Аламесек, Еңбек, Аққұм ауылдық округтерінде жалғасты.
Кездесулер барысында аудан әкімі жалпы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарларды атап өтті.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, алда атқарылар шаруаларды бірлесе талқылады.
Жиын соңында тұрғындар ауылдық округтер бойынша жүзеге асқан нақты істерге оң бағасын берді.
Айта кетейік, биыл Жаңадария елді мекенінің 2 көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі.
Есет батыр ауылындағы тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту мақсатында электр желілерінің құрылысы жүргізілді.
Бүгінгі таңда ауыз су жүйесін жаңғырту және кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Еңбек ауылдық округінде бірқатар абаттандыру және инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүзеге асырылды.
Елді мекеннің электр желілерін жаңарту және кеңейту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.
Аққұм ауылында түнгі жарық шамдары заманауи LED технологиясымен алмастырылып, бейнебақылау камералары қайта қалпына келтірілді. Бұл – ауыл қауіпсіздігі мен келбетін жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстардың бір бөлігі.


