Ағымдағы жылғы 5 маусым күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары М.Бибітова Қызылорда облысы бойынша қазынашылық департаменті және Қызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қоғамда адалдық қағидаттарын нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа байланысты белгіленген шектеулер мен жауапкершілік тетіктері жан-жақты түсіндіріліп, “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы” жаңа Заңның негізгі бағыттары мен енгізілген өзгерістері таныстырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Онымен қоса, кадрлық процестердің ашықтығы мен әдеп стандарттарын сақтау, мүдделер қақтығысының алдын алу, барлық кезеңдерде адалдық пен парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесу аясында мемлекеттік қызмет жүйесіндегі тиімді кадрлық саясатты қалыптастырудың маңыздылығы атап өтіліп, мемлекеттік қызметшілер арасында құқықтық мәдениет пен кәсіби әдеп нормаларын нығайту бағытында пікір алмасу жүргізілді.
Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау бойынша тиісті ұсынымдар айтылды.


