Атап айтқанда, «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперациясының халықаралық орталығы бойынша Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы жалғасуда, ол 2026 жылы аяқталады.
Мемлекеттік кірістер комитеті осы жылы «Атамекен» автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарын аяқтады. Өткізу пунктіне кірме автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.
Еуразия трансшекаралық сауда орталығы келесі жылы пайдалануға берілетін Пойма стансасы арқылы теміржол желісіне жеткізіледі.
Жалпы ұзындығы 144 шақырым «Подстепное-Федоровка» автомобиль жолын реконструкциялау жүргізілуде, оның ішінде 72 шақырым осы жылы республикалық бюджет есебінен, қалған 72 шақырым 2026 жылы аяқталады.
Сондай-ақ 2026 жылы Тасқала автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарын бастап, 2027 жылы аяқтау жоспарлануда.
Қорғас бағытында «Алтынкөл – Жетіген» теміржол учаскесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба учаскенің өткізу қабілетін 25 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жұмыстар 2026 жылы толығымен аяқталады.
Сондай-ақ жыл соңына дейін аяқталатын «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінің айналма жолы орташа жөндеуден өтуде.
Каспий торабы аясында Ақтау және Құрық теңіз порттарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жыл соңына дейін қытайлық Ляньюньган компаниясымен бірлесіп Ақтау портында контейнерлік хабтың 1-ші кезегінің құрылысы аяқталады. Жалпы, жобаны жүзеге асыру кезінде контейнерлік хабтың қуаты жылына 200 мың ЖФЭ-ге дейін жеткізілетін болады. Сондай-ақ Ақтау портында порт акваториясын тереңдету, айлақтарды жаңғырту бойынша жобалар жүзеге асырылуда.
«Құрық портында «Саржа» көпфункционалды терминалын салу жобасы жүзеге асырылуда. Каспий теңізі арқылы контейнерлік тасымалдарды ұлғайту үшін 2027 жылға дейін Әзербайжанда сыйымдылығы 700 контейнер болатын екі кеме сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ порттарға баратын теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған жобаларды жүзеге асыру Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілетін 30 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді», – деп толықтырды Нұрлан Сауранбаев.
Сонымен қатар, ведомство басшысының мәліметінше, Жаңаөзен қаласын Түркіменстанмен байланыстыратын автомобиль жолдарына күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аяқталу мерзімі – 2026 жыл.
Халықаралық сауда-логистикалық кешен (Жамбыл облысы, Қырғызстанмен шекарада) «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бойында орналасқан. Қарасу – Масаншы – Сарытөбе автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ол 2026 жылы аяқталады.
Қарасу – Актілек автомобиль өткізу пунктін жаңғырту келесі жылы басталады. Осы жоба барысында инвестордың қаражаты есебінен Шу өзені арқылы өтетін тағы бір көпір салу мәселесі пысықталуда.
